Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 20 Қыркүйек 2024

Есенейден бас тарттым, Король Лирге жеттім, Мефистофель – арманым

Сағызбай Қарабалин
Фото: Сағызбай Қарабалин

Халықтың көз алдында дүниеге келіп, өмір кешетін жасампаз да дара өнер – театр. Десек те, актер өнерінсіз сахналық тіршілік тоқтары кәдік. Станиславский: «Ол – театр өндірісінің тынымсыз қозғаушы күші» дейді.

 Актер – сахнадағы әрекет әлемінің алтын қазығы. Театрдағы актердің орны күн санап бекіп келеді. Бүгінгі қазақ актері сахналық өнердің алғашқы жылдарындағыдай емес, әлдеқайда шеберлігі ұшталған, қабілеті мол. Біздің кейіпкер де күллі ғұмырын дәл осы әртістік өнерге арнап, бүгінде көрермен көзайымына айналған тұлға. Қазақ театр өнерінде қайталанбас рөлдерді сомдап жүрген Сағызбай Қарабалиннің есімі көрерменге ертеден таныс. Өнері және тынымсыз ізденісімен ғана емес, қарапайымдылығымен көзге түсетін әртіс театрмен қатар, отандық кинематографияларда да жиі бой көрсетеді. Кеше мен бүгін, сахна мен өмір арасын жүрегінде таразылай алған актер Сағызбай Қарабалинмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.

 Сағызбай Қарабалин

– Ең алғаш әңгімеміздің басын сіздің шығармашылығыңыз туралы сөзден бастайық. Байқауымша, бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі рөлдерді сомдап келесіз. Қоржыныңызда тарихи тұлғалардың да, қарапайым адамдардың да қайталанбайтын әрқилы образдары бар. Осы рөлдердің ішіндегі оң жамбасыңызға түскен, ерекше есіңізде қалғаны бар ма?

Үлкенді-кішілі болмасын, сомдаған рөліңнің әрқайсысының орны бөлек болады. Бөле жаруға келмейді. Кішігірім рөл екен деп немқұрайлы қарай алмасың анық. Мейлі ірі әлде кішкентай рөл болмасын, жоқтан бар жасап, образдың ауқымын мейлінше кеңейтесің. Образ туралы зерттеп, өткені мен бүгінін саралайсың. Сол арқылы кейіпкердің жан дүниесіне үңіліп, күйзелістерін, ішкі сезімдерін бағамдай аламыз. Ақпарат жиып, саралай келе бұл кейіпкерді қалай сомдауым керек деген өзіңе талап қоясың. Актердің бір рөлі екіншісін қайталамауы, я ұқсамауы керек. Осы орайда дайындалып жатқан шығарманың жанры да айтарлықтай рөл атқарады. Сондықтан бір образды басқасынан бөле жарып жаныма ең жақыны осы деп айтуға келмес. Кез келген рөлдің артында маңдай тер мен еңбек, ізденіс жатады. Сондықтан кішкентай эпизод не Король Лир сынды ауқымды рөл болмасын, жан дүниеңді жарып шығары анық. Театр және өнер саласында қызмет етіп жүргеніме жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде бірсыпыра рөлдерді сомдадым, кей жылдары қуыршақ театрында да қызмет еттім. 1971 жылы өнер саласына қадам басып, актерлік кәсіптің қыры мен сыры жайлы меңгере бастадым. Сол жылдары оқуға түсіп, 1971-73 жылдары «Қазақфильмнің» кешкі студиясында оқыдым. Біз оқып жүрген кезде «Құлагер» фильмі түсіріліп жатты. Фильмге қазақтың маңдайына біткен ұлы шоқ жұлдыздары, біртуар актерлері түсті. Солармен бір түсірілім алаңында, бір сахнада біте қайнасып, жанында жүріп жұмыс істедік. Осы фильмнен соң өнерге деген махаббатымыз ашылып, әртіс боламыз деген арманымыз беки түсті. Кейін осы арманның жетегінде Мәскеуге кетіп, Щепкин атындағы жоғары театр училищесінің студенті атандық. Ол жақтағы мұғалімдерім де осал болмады. Григорий Николаевич Дмитриев деген ұстазымыз Станиславкийдің өзінен сабақ алған адам еді. Әртістік өнердің қыр-сырын ұғындырып, бойымызға сіңірді. Оқу оңай болды деп айта алмас едім. Сахнада жүріп, кейде шаршағаннан құлап қалатын кездер де болушы еді…

 Сағызбай Қарабалин

– Ұстаз деп қалдыңыз ғой… Білуімше, театр өнерінде рухани ұстазыңызға айналған жан – Жанат Хаджиев болған екен. Сол кісілердің буыны қазақ театрына үлкен реформа жасағанын білеміз. Ұстазыңыз туралы сөз қозғасаңыз.

Мәскеудегі ұстаздарымыз бес жыл бойы актёрлік кәсіптің әліппесін үйретіп, өнерге баулыды. Олардың еңбегі орасан зор. Сол жандар оқыған дәрістің бүгінде нанын жеп, елу жылдан астам жемісін көріп келе жатырмыз. Ал өмір мен өнердегі ең жақын ұстазым, ағам – Жанат Хаджиев болды. Ол кісі де Щепкин атындағы жоғары театр училищесін 1972 жылы тәмамдаған. Курсын аяқтап келіп, Арқалық қаласынан театр ашқан жан еді. 1978 жылы жиырма шақты бала кеп сол театрға қосылдық. Жанат Хаджиев әскерден келген соң, режиссура саласына бет бұрды. Жиырма жыл бойы Арқалық пен Жезқазғанда режиссер, көркемдік жетекші боп қызмет атқарды. Мені бауырына тартып, режиссураға бейімдеген де сол кісі еді. Жанат ағамызға қарап еліктеп, бір жылдары режиссерлікпен де айналыстым. Бірге жүрген жылдары спектакльдер қоюға рұқсат беріп, тәлім-тәжірибесімен бөлісіп отырушы еді… Сол жылдары ауқымды рөлдер беріп, актерлік шеберлігімді шыңдаған әрі өмірінің соңына дейін әріптесім, ақылшым сол кісі. Өмірінің соңғы жылдары Ғабит Мүсірепов театрында қызмет атқарды. 1998 жылы өзі келіп, кейін мені шақырды. Мен ол кезде Атыраудағы театрда жұмыс істеуші едім. Маған театрда жүрген шақтарында үлкен, ауқымды рөлдерді ұсынды. Алғаш Эдуардо де Филипптің «Цилиндр» спектакліндегі Атилла рөлін сомдауды тапсырған. Дәл осы қойылымнан соң менің «өз» көрермендерім пайда бола бастады. Бұдан бөлек, талай образдарды бірлесе отырып шығарған едік. Кей жұмысында рөл берілмесе де, үнемі қасында жүрдім. Ненің дұрыс, бұрыс екенін бағыт-бағдар беріп отырған сол – Жанат ағам…

 Сағызбай Қарабалин

– Сіз және сіздің замандас әріптестеріңіз аңыз адамдардың әртістік мектебінен өткені анық. Ал бүгінгі театр өнерінде осы дәстүр сабақтастығы жалғасын тауып жатыр ма? Жалпы қазіргі жастардың деңгейіне көңіліңіз тола ма?

Театрдың негізгі өзегі де осы – дәстүр сабақтастығы. Кезінде біз жас едік, біздің аға буын Жанат ағаларымызға қарап бет түзедік. Олар аға боп, тәлім-тәрбиесімен бөлісті. Сол жандардың ойынын зерттеп, өзіміз де талай еліктедік, керегімізді алдық. Ал қазіргі жастарға көңіл толатын да, «әттеген-ай» дейтін тұсымыз да жетеді. Себебі қазіргі жастарда жеңіл-желпілік бар сияқты… Репетиция мен дайындықтарға, спектакльдерге дайындықсыз келіп ойнай салады. Жүгіріп, спектакль басталардан жарты сағат бұрын келеді де, апыл-ғұпыл сахнаға шығады кей жастар. Бұл – көрермен алдында жауапкершіліктің болмауы. Әдетте, біз спектакль қойылатын күні түске дейін театрға кеп, сөзімізді қайталап, театрдың ішінде жүреміз. Оқиғаны ойша өрбітіп, кешке дейін өзімді, сөзімді дайындаймын. Бұл біз үшін дағдыға айналып кеткен әрекет. Ал қазір кей жастардан дәл осындай жауапкершілікті көре алмай жүргеніміз өкінішті. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Дайындыққа да, спектакльге де тыңғылықты дайындалатын ұл-қыздарымыз бар. Кейбіріне кемшіліктері мен шикілеу тұстарын ескертіп те отырамын. Сен өзің үшін керемет ойнап жүресің. Бірақ сырт көз сыншы ғой. Халықты алдай алмайсың, сасқалақтап, сөзіңді ұмытқаның, қате жіберген тұсыңды байқап отырады. Спектакль, сахна – бөлек әлем, жеке кеңістік. Сен өзіңді сомдамайсың, басқа кейіпкердің жан дүниесінде өмір сүресің. Сондықтан сахна тек қабілетті ғана емес, тынымсыз ізденіс пен еңбекті, қалтқысыз шынайылықты талап етеді. Театрда әртіске қойылатын басты талап – көрерменді сендіру. Көрермен сенің кешіп жатқан сезімдеріңе, жаныңды тырналап жатқан ауыр жараға сенуі керек. Сенімен бірге қуанып, күйзелуі шарт.

– Ата, актер біткен Шекспирдің Гамлетін сомдасам деп армандайды, ал сіз қандай рөлдерді ешқашан ойнамас едіңіз? Шығармашылық ғұмырыңызда сіздің ұстанымыңызға қайшы келіп, рөлден бас тартқан кезіңіз болды ма? Немесе болашақта өзіңізді қандай рөлден көргіңіз келер еді?

Осы күнге дейін Король Лирді ойнау арманым болатын. Король Лирді сомдау менің жасымдағы кез келген актердің арманы деп ойлаймын. Себебі бұл шығарма әдебиеттегі шоқтығы биік туынды. Мәскеуде оқып жүрген кезімде аталмыш туындының үзінділерін қойған едік. Сол кезде «Саған Король Лирді сомдау үшін алпыс жыл уақыт керек» деп еді. Сол арманым орындалып, қазір Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған Король Лирді сомдап жүрмін. Қазір де сомдағым келіп, армандайтын рөлдерім баршылық қой. Мысалы, Дантенің Мефистофель есімді кейіпкерін сомдағым келеді. Десек те, Король Лирден артығы жоқ. Қазір драматургия жазылып жатыр, ішінде мықты кейіпкерлер де бар болар, бәлкім. Бірақ қазір менің бәрін оқып, ізденуге уақытым ауыспай жүр. Көп жағдайда режиссерлар ұсынған рөлге наразы боп, бас тартпаймын. Бірақ күні кеше біздің театрда Гүлназ Балпейісова режиссерлік еткен «Ұлпан» спектакліндегі Есенейдің рөлін ұсынған еді. Есеней – тарихи тұлға, жаугершілік заманында ел басқарған батыр, ел қорғап, ат үстінде жүрген жан. Сәйкесінше, тұлғалы кейіпкер. Гүлназ кеп Есенейді ойнап шығуды ұсынды. Бәрібір ішкі қарсылық болады екен, менің болмысым Есенейдікіндей емес. Сондықтан рөлден бас тарттым. Ал бұдан басқа рөлден бас тартқан кезім болмаған екен. Әдетте, режиссерлер рөлден бас тартқан әртісті ұната бермейтіні бар.

 Сағызбай Қарабалин

– Бір сұхбатыңызда: «Әртістік жолға түсуіме әкемнің ықпалы тиді. Өзі өнер адамы болмаса да, өнерді ерекше сүйетін» деп едіңіз. Ауылға келген әртістерді қонақ қып күтеді екен. Жалпы әртістік өнерге сонау бала кезіңізден қызыққанға ұқсайсыз…

Мектепте оқып жүрген кезімде театр дегеннің не екенін білмейтін де едім. Мен Атыраудың Қызылқоға ауданындағы Бүйрек құмында туып-өстім. Ол жерде мектеп те, басқа да жоқ, сол кездегі Комсомол совхозының мектеп-интернатында жатып оқыдық. Ол кездері кино, театр дегенің атымен болмайтын. Кейде ғана совхоздарға гастрольдетіп театрлар мен әншілер келетін. Ең қызығы, олар жазда келетін. Көрші совхоздарға машинаға тиеліп ап барып, көріп қайтушы едік. Театр, я әнші келді десе болды, ауыл-ауыл, бөлімше-бөлімшеден ат арбамен, велосипедпен сол жаққа қарай халық ағылып жататын. Мектеп ауласына, далаға спектакльдер қоятын. Сондай күндердің бірінде алғаш рет Сәкен Жүнісовтің «Ажал мен Ажар» деген қойылымын тамашаладым. Бұл спектакльді Атыраудың Махамбет атындағы театры гастрольмен алып келген екен. Алғаш рет театрмен танысқан баламын ғой, сөзбен жеткізуге келмейтін бөлек әлемге тап болғандай күй кештім. Қиялым шарықтап кетті (күліп). Сахнада болып жатқан спектакльді ойын деп емес, шынайы оқиға деп қабылдадым. Егіліп жылап, театр сыйлаған алғашқы әсерден қанша ай бойы арыла алмадым.

Әкем де, шешем де өнерге жақын жандар. Домбыра тартып, өлең айтпаса да, өнер адамдарына құрметі бөлек еді. Келген әртістерді қой сойып, күтіп алады. Әсіресе алпысыншы жылдары жыршылар ауыл-ауылды аралап, үйімізге жиі бас сұғатын. Әкем жыршыларды қонақ қып, екі-үш күн бойы батырлар жырын айтқызатын. Кейін үйімізге театр әртістері келетін болды. Әрбіріне қарап, аузымыз ашылып отыратын (күліп). Театрға деген қызығушылығым осы кезден басталды. Әу басында бұл қандай өнер екенін түсінгенім де жоқ, әйтеуір ішімде осылардай болсам деген бір шоқ маздай қалды. Тоғызыншыны аяқтаған соң, әкем жетектеп, Атыраудағы музыкалық училищеге апарды. Ешқандай аспаптан хабарым жоқ, қолыма қарап отырып: «О, мына баланың скрипка тартуға ыңғайы бар екен» деп, скрипка сыныбына оқуға түсірді. Скрипканы өмірімде көрген адам емеспін, ең алғаш көріп: «Мына аспаптың пернелері қайда?» дегенім әлі есімде… Сол жақта екі жыл оқыған соң, 1971 жылы Алматыға бір топ жасты алып кетті, солардың қатарына мен де қосылдым. Алматыға келіп, «Қазақфильм» киностудиясының әртістерді дайындайтын кешкі курсына оқуға түстім. Өнер жолымыз сол жақта басталды. Роза Ғабитқызы Мүсірепова апайымыз сабақ берді. Содан бері скрипка да тартқан емеспін. Күндіз жұмыс істеп, кешке сабаққа барушы едік. Курсты екі жыл оқып, тәмамдаған соң консерваторияға оқуға түсемін деп ойлап жүр едім. Мәскеуден кеп актёрлік оқуға студент қабылдап жатқанын естіп, мен де барып көруді шештім. Осылай Мәскеуге оқуға түсіп кеттім.

– Қазір әлем жаһандану үрдісімен жүріп келеді. Мәдениеттің қай саласы да мың құбылып, түрленіп жатқан уақ. Осы тенденция, постмодернизм жанры қазақ театр өнерін де айналып өтпегенін байқап жүрміз. Осындай жаңашылдыққа көңіліңіз тола ма?

Театр да тірі ағза сынды үнемі жаңарып, дамып отыруды керек етеді ғой. Десек те, қазір жастар қойып жүрген кей жаңашылдықты түсінбейтін кездеріміз де болады. «Құлагер» спектаклімен Бішкекке барып едік, сол жақта өзіміздің классикалық «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін жаңаша форматпен апарған жас режиссер болды. Атауын «Баян Сұлу-Қозы» деп өзгертіпті. Біз де көруге барып едік, бірінші актіден соң кетіп қалдық. Шыны керек, қабылдай алмадық. Баян Сұлуды суға шомылдырып қояды, денесін жалаңаштайды, ерсі сахналар көп болды. Эклектикаға құрылған, құрамына италияндық әуендерді, рок жанрындағы әндерді қосқан. Алтын қорға енген төл драматургиямызда классикалық 10 шығарма ғана бар, соларды дарақылық пен ерсі әрекеттерсіз-ақ әп-әдемі қып қоюға болады ғой деп ойладым…

60-70 жылдарда қойылған қойылымдарды дәл солай қайта қою мүмкін болмас, сахнада бір өзгеріс болуы керек, әрине. Десек те, бәрі де өз орнымен, ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымызға сай болуы тиіс. Кезінде Жанат Хаджиев «Қыз Жібек» шығармасын алғаш рет Жезқазған қаласындағы театрда қойып еді. Оның «Қыз Жібегі» Бекежанның болмысын ашуға құрылған. Ол да батыр болмысты тұлға, оның да Жібекті сүюге хақы бар ғой деген ой түйесің. Бар назар, акцент Бекежанда болды. Есенгелді Тұяқовпен келісе отырып, сценографиясына аз ғана өзгерістер енгізді. Жанат Хаджиевтің буыны сол кездегі қазақ театрына реформа алып келіп, төңкеріс жасаған еді. Ол кездер бөлек еді-ау…

Сұхбаттасқан: Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ