Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:37, 18 Желтоқсан 2024

Есеп бермейтін Назарбаев университетін Смайылов сынай бастады

назарбаев университеті
Назарбаев университеті. Фото: informburo

Өткен аптада Жоғары аудит палатасы Назарбаев университетінің 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсағанын анықтады. Бұл туралы аталмыш палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

Назарбаев университетіне (НУ) қатысты Смайылов тізбектеген ең негізгі кемшіліктерді атасақ, бұл оқу орны әлі күнге дейін республикалық бюджет қаражатына тәуелді. Мемлекет тарапынан берілетін көмекке және салықтан босатылғанына қарамастан, университет соңғы екі жылда 97 пайыз республикалық бюджет тарапынан қаржыландырылып отыр. Тағы бір мәселе қазіргі қолданыстағы заң университетті қаржылық есеп ұсынуға міндеттемейді. Бұл университет жұмысының ашықтығына кері әсерін тигізіп отыр. Университет өзі үкіметке есеп бермейтін болғандықтан, аудит палатасы есеп жүргізген.

«Нәтижесінде 73 млрд теңгені тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Сонымен бірге жарты млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтарды анықтадық», – дейді Ә.Смайылов.

Университеттің баспасөз қызметі де өздерінің 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі қызметіне Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит жүргізгенін растады. Аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтар бюджеттік бағдарлама шеңберіне қатысы жоқ. Студенттердің жол жүру бойынша өтемақысын есептеуде, мемлекеттік шәкіртақыларды есептеуге байланысты және университеттің академиялық және ғылыми қызметіне қатысты қаржылық заңбұзушылықтар болмаған. Аудиторлық есепке және ұсыныстарға сәйкес енді университет басшылығы жаңа білім беру бағдарламаларын ашуды, ақылы негізде білім алушылар санын ұлғайтуды, жасанды интеллект жөніндегі және өзге де ғылыми жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған көрінеді.

Жалпы, 2010 жылы Назарбаев университеті ең алғаш ашылғанда сапалы білім беруді, маңызды зерттеулерді және батыл инновацияны біріктіретін халықаралық деңгейде танылған зерттеу университеті болады делінді. Құрылған сәтінен бастап НУ, академиялық және ғылыми көшбасшылыққа жетеміз деп сендірді. Соңғы төрт жылғы есепке жүгінсек, Назарбаев университетіне мемлекеттік бюджеттен 2021 жылы – 7 021 994 мың теңге; 2022 жылы – 2 154 979 мың теңге; 2023 жылы – 2 381 208 мың теңге бөлінсе, 2024 жылы университетті бюджеттен қаржыландыру көлемі 1, 8 млрд теңге болған.

Айта кету керек, былтыр қаржы министрі болған Ерұлан Жамаубаев Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыру біртіндеп қысқаратынын және 2025 жылдан кейін аталмыш оқу орындары бюджеттен нысаналы салым алмайтынын мәлімдеген.

Әйтсе де бұған дейін біз бұл университетке қаржыны аямай төктік. Салықтан босаттық. Зертхананы соларға бердік. Статусын күшейттік. Оларды ешкім тексеріп қарамады. Бұл университет Ұлттық ғылым академиясының орнына жұмыс істейтін болды. Тіпті осы университетке сенгеніміз соншалық, кей университеттер қаржыландырылмайтын болды. Бәрін Назарбаев университетіне бердік. Алайда осы қадамнан нәтиже көрдік пе?! 15 жылда қандай нәтижеге жеттік?!

Университет өкілдерінің айтуынша, Назарбаев университетінде қазір 300-ден аса ғылыми техникалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың арасында ауыл шаруашылығы саласын қолдайтын жобалар да бар. 2020 жылдан бері Назарбаев университеті бірлескен зерттеулердің жеке бағдарламасын да іске асырып жатыр. Оған қазақстандық жоғары оқу орындары қатыса алады. Сондай-ақ жыл сайын НУ студенттерінің жұмысқа орналасуы бойынша талдау жүргізіледі. Мәселен, 2023 жылдың желтоқсандағы мәліметі бойынша жұмысқа орналасқан түлектердің 90 пайызы Қазақстанда жұмыс істейді, медицина, педагогика, бизнес, IT, инженерия салаларында және мемлекеттік қызметте табысты еңбек етеді. Университетті бітірген түлектердің арасында Колумбия университеті, Гарвард университеті, Массачусетс технологиялық институты, Сингапур ұлттық университеті, Сеул ұлттық университеті, Стэнфорд университеті, Гонконг ғылым және технология университетінде оқуларын жалғастырып жатқандары да бар.

Алайда өзге дамыған елдермен салыстыра айтсақ, 15 жылда жеткен бұл жетістіктерге тоқмейілсіп қарай алмаймыз. Мәселен, Оңтүстік Кореядағы Сунчунхиян университетінде аудармашы болып жұмыс істейтін Лана Ри өзге дамыған елдерде мұндай статустағы университеттер қомақты істер тындырып жатыр дейді. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореяда салықтан босатылып, бюджет тарапынан үлкен қолдау көріп отырған университеттер болатын болса, ол оқу орны бірінші кезекте үкіметке ашық есеп беріп отырады. Сосын әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арнайы гранттар бөледі. Бұдан соң, өзі екінші деңгейлі университеттердің ғалымдарымен бірлесіп, олармен білгенін бөлісіп, әр саланың дамуына күш салады.

«Мысалы, бізде бала туа салысымен денсаулығында кінәрат болса арнайы ғылыми-зерттеу институттары ол баланы бірден бақылауға алады. Дүниеге келген күнінен бастап 1 айлығында қандай өзгерістер болды, екінші айында қандай болып жатыр?! Осының барлығын ғалымдар арнайы күнделік бастап, баланың бойындағы өзгерістерді жазып отырып, зерттеуді бастайды. Балаға берілетін дәрінің әр грамын өлшеп, оның дозасын өсірсе немесе төмендетсе балаға қандай реакция береді? Ол дәрілерге қандай қоспалар қосылған? Осының барлығы ғалымдардың, профессордардың араласуымен жүргізіледі. Біздегі ғылыми университеттер көбінесе қаржы көздерін өздері табады. Бізде эндаумент-қор, демеушілер, сондай-ақ білім беру курстарын өткізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйрету және өзге де қызметтерді ұсыну есебінен қаражат жиналады. Сондықтан біздегі университеттер бюджет қаражатына аса тәуелді емес. Соның өзінде олар тиісті органдарға есеп беріп отырады. Сіздердегідей есеп сұрамай, жоспары ашық емес саясатты ұстану жоқ. Кореяда көптеген оқу орындары жекеменшік. Мемлекетке тиесілі 20 шақты оқу орны бар. Сеул Ұлттық университеті, Коре университеті, Енсе университеті ең мықты оқу орындары болып саналады. Бұл университеттердің ел экономикасына, медицинасына зерттеу жұмыстары арқылы қосып жатқан үлесі ерекше», – дейді Лана Ри.

Смайылов жақтырмай қалған университет Аймағамбетовке ұнайды

Ал біз стандарты халықаралық деңгейге сай деп құрылған Назарбаев университетін шетелдік оқу орындарымен салыстыра аламыз ба?! 2025 жылдан кейін университетті қаржыландыру күрт қысқаратын болса, бұл оқу орны көптің бірі болып қалмай ма?! Себебі осы уақытқа дейін 97 пайыз бюджеттің қаражатына тәуелді болып келген НУ енді мұндай «майшелпектен» қағылатын болса қайтіп күн көрмек?!

Қазір Назарбаев университеті ақылы негізде оқуға түсу үшін талаптарды айтарлықтай төмендеткенін жариялап жатыр. Мәжіліс депутаты, Білім және ғылым министрі кезінде осы университетке қаншама қаржы бөлгізген Асхат Аймағамбетовтің ойынша, инфрақұрылымды ұстап тұру, оқытушылардың еңбекақысы – мұның бәрі үлкен ресурстарды талап етеді. Сондықтан қаражат тапшылығын өтеу үшін университет талаптарды төмендетіп, ақылы негізде оқитын студенттер санын көбейтуге мәжбүр болып отыр.

«Қоғамда осыған қатысты көптеген сұрақтар болды. Енді оқу құнының есептеу әдістемесін нақты әзірлеп, жоғары оқу орнына жеткілікті және лайықты қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Университет сапасының және оның позициясының төмендеуіне жол беруге болмайды. Кім не десе де, Қазақстанға бұл университет сөзсіз қажет деп санаймын» – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ал АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде оқыған ChatGPT мастер, ІТ-ағартушы Елдос Еркебайдың айтуынша, Назарбаев университетімен бірге біздегіКИМЭП пен ҚБТУ-дың да насихаты мықты болған. Алайда сол оқу орындарын бітіргендердің де жарқырап шығып, «жұлдызды шағы» туа қойған жоқ. Себебі бұл оқу орындары біздің елдегі мемлекеттік білім стандартына сай келмейді.

«КИМЭП-ті құрған кезде оған да көптеген жеңілдіктер берілген. Бұл оқу орны америкалық оқу стандарттарына сай жасақталған болатын. Ал бүгін қарасақ, оның түлектерінің дипломы мемлекеттік стандарттарға сай келмейді. Магистратурасы да, бұл оқу орнынан өзге оқу орнына ауысу да үлкен проблема. Айырмашылығын төлеуің керек. Ұлттық, мемлекеттік оқу орындарының бағдарламасына сай қайта тапсыратын емтихандары бар. Сол тәрізді, НУ-де оқисың, бірақ оның дипломымен жұмыс істей қоярдай бізде техникалық база ауқымды емес. НУ-де алған біліммен Қазақстанда қалмай, шетелге кеткісі келетіндер көп. Ал олар шетелге барғаннан кейін қайтқысы келмейді. Себебі шетелде ғалымдарды жоғары бағалайды. Экономикасы дамыған елдерде өмір сүру де жеңіл. Ал бізде қазір жұмыс істеуге қабілетті халықтың басым көпшілігі несиеге батқан. Экономика төмендеп барады. Өндіріс тұралап тұр. Робототехника, индустрия, инженерия жетіліп жатқан жоқ. НУ-де оқитындардың көбі инженерлік, цифрлық ғылым саласында, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда, жоғары бизнес, жоғары мемлекеттік саясат мектебінде, медицина, тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар саласында жұмыс істеуі керек. Бірақ бізде бұл салалар дамып жатқан жоқ қой. Цифрлық технология, индустрия, тау кен ісі және аталған басқа салалар бойынша ғылыми-зерттеулер жасауға база бар деп айта алмаймын. Сондықтан да НУ-де оқығандар шетелге кеткісі келеді.

Мен АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында тұратын бір қазақ ғалымы туралы естігенмін. Ол АҚШ-тағы Мичиган университетінде оқыған. Қазақстанға оралған. Бірақ көп тұрақтай алмаған. Қазақстан ғалымдарды ұтымды пайдалана алмайды. Біздегі ғалымдар қазір «шығармашылық-ғылыми тұрғыдан тоқырап қаламыз» деп қауіптенеді. Ғалымдардың мемлекеттік гранттар мен тапсырысқа қарап отырғысы келмейді. Шетелдерде ғалымдарға жоғары жалақы төленеді. Өмір сүруіне барлық жағдай жасалады. Мысалы, бізде дәрігерлер 450 мың теңге жалақы алса, АҚШ-тың терапевтері жылына 180 мың доллар жалақы алады. Ал хирургтері 210 мың доллар жалақы алады. Салыстыруға да келмейді. Сондықтан да олардың дәрігерлері қателікке жол бермей ізденеді, үнемі оқиды, бір жаңалықтың үстінен бір жаңалық тауып, жанталасып жатады. Ал бізде мұндай база жоқ. Тек АҚШ-та ғана емес, өзге де мемлекеттерде осындай жағдай жасалған. Әрине, Еуропа елдерімен Қазақстанды салыстырмау керек дейтіндер бар. Бірақ біз өркениетті ел болу үшін осындай мысалдардан үлгі алуымыз керек. НУ-де оқығандардың инновация саласында жаңалық ашуға және басқа салаларға септігі тиіп жатыр деп айта алмаймыз», – дейді Е.Еркебай.

Маман осыған жалғас сөзінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы мәселелерді үкімет талқысына жиі ұсынуы керек деп қалды. Алайда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Назарбаев университеті – толыққанды зерттеуші әрі халықаралық стандарттарға сай оқу орны» деп есептейді. Ал бұл оқу орнынан шыққан мамандарға елде техникалық базаның қалыптаспағаны, ғылыми зерттеулермен айналысқысы келетін ғылымдардың жолында қаншама бөгеттердің бары министрді аса толғантпайтын тәрізді. Қазір министр Нұрбек үкіметке есеп беруге бара қалса, Қазақстан ғылымының дамып келе жатқанын, ғалымдарға жағдай жасалып отырғанын жіпке тізеді. Ғалымдардың жалақысы екі есеге өскенін, ғылыми-зерттеулерге мемлекет тарапынан жыл сайын қомақты гранттар берілетінін айтады. Ал шын мәнінде басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражат аз екенін бәріміз көріп отырмыз. Салыстырсақ, Ресейде ғылымға жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1 пайызын құйып отыр. Ал батыс елдерінде ғылымға ЖІӨ-нің 5 пайызын бөледі. Қазақстанда ғылымға бөлінген қаражат 2019 жылы ЖІӨ-нің 0,12 пайызына тең болса, қазір 0,13 пайыз. Мұндай көрсеткіштермен елде қайдан ғылыми техникалық зерттеу базасы қалыптасып, инновация жетілсін?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ