Ескі де жаңа Ұлттық құрама, әлем чемпионатынан не күтеміз?

Қыркүйек айының 4–14 аралығында бокстан әлем чемпионаты Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. Бұл World boxing ұйымдастырып отырған алғашқы әлем чемпионаты.
Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалды. Оқу-жаттығу жиындары Алматы облысында өтті.
24 тамыз күні Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен құрметті президенті Роман Төреханов боксшылармен кездесіп, дайындықтарымен танысты. Сондай-ақ құрамамен жиын өткізіп, сәттілік тіледі. Ұлттық құрама 26 тамыз күні Шеффилд қаласына аттанып, сол жерде бірлескен жаттығуға қатысып, соңғы дайындықтарын пысықтайды, ары қарай Ливерпульге жолға шығады. Ал Елдос Сайдалин баптайтын бұрымды боксшыларымыз 22 тамыз күні жолға шықты. Олар сол жердегі уақытқа және климатқа бейімделіп, жарыс алдындағы жаттығуды пысықтамақшы.
Қыздар құрамасын үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (48 келіде) команда капитаны ретінде бастап барады.
Толық тізім мынадай:
51 келіде Алуа Балқыбекова, 54 келіде Элина Базарова, 57 келіде Карина Ибрагимова, 60 келіде Виктория Графеева, 65 келіде Аида Әбікеева, 70 келіде Наталья Богданова, 75 келіде Надежда Рябец, 80 келіде Гүлсая Ержан, аса ауыр салмақта Елдана Тәліпова өнер көрсететін болады.
Бокстан Әлем чемпионаты десе қазақ жанкүйерлерінің елең ете қалатыны анық. Төрткүл дүниенің үздіктері қолғап түйістіретін бұл додадан алтын күтетініміз де рас. Әсіресе бокстағы ежелгі сыралғы қарсыласымыз Өзбекстан құрамасынан басым түссек, сондай-ақ үнемі үздіктердің қатарынан көрінетін Куба былғары қолғап шеберлерін жер қаптырсақ деп іштей үміттеніп, әр боксшымыз шаршы алаңға шыққан сайын тақым қысып, қызынатынымыз тағы рас.
Бұл тұрғыда негізгі үміт ерлер құрамасына артылады, сын да соларға қарата айтылады. Әлем чемпионаты алдында Ливерпульге қандай құрам барады деген сұрақ жиі талқыланды. Көп өтпей құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Литверпульге баратын боксшылардың тізімін жариялады. Негізгі тізім мынадай: 50 келіде Санжар Тәшкенбай, 55 келіде Махмұт Сабырхан, 60 келіде Бибарыс Жексен, 65 келіде Ертуған Зейнуллинов, 70 келіде Төрехан Сабырхан, 75 келіде Сабыржан Аққалықов, 80 келіде Нұрбек Оралбай, 85 келіде Бекзат Нұрдәулет, 90 келіде Сағындық Тоғанбай және 90+ Айбек Оралбай. Құрамға қарап отырып бас бапкер Қайрат Сәтжановтың аса бір тәуекелге бармағанын байқауға болады, құрамда көп өзгеріс жоқ. Ал алтыннан үмітті боксшылардың қатарында Төрехан Сабырхан, Санжар Тәшкенбай және Махмұт Сабырханның есімдері жиі айтылады.
Ливерпульден күтер үміт зор, әрине. Боксшыларымызға тілек айтылып, сенім де артылып жатыр. Мысалы, журналист Аслан Қаженовтің YouTube каналына пікір білдірген Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Әділбек Ниязбеков: «Жігіттер біраз уақыт үзілістен кейін, Астанада өткен Әлем кубогында жұдырықтасып, рингті сезінді, көбісі жақсы бокстасты. Әрине, қателіктер де болды, оның бәрі түзеледі. Ең бастысы, жігіттер физикалық, психологиялық тұрғыдан дайын екендіктерін көрсетті. Ешкімді бөле жарып айтқым келмейді, қалайда алтын болады», – деді.
Англия төріндегі байрақты бәсекеде көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалатынына жанкүйер ретінде біз де сенеміз.
Әлихан ЖАНҰЗАҚ