Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:51, 27 Ақпан 2024

Ескірмейтін Ер Төстік, қартаймайтын Қожа һәм Хәрри Поттер

Ер Төстік, Қожа, Хәрри Поттер
Фото: из открытых источников

Қай кезде де әдебиеттің, оның ішінде балалар әдебиетінің арқалаған жүгі ауыр екені анық.

Қазір қазақ балалар әдебиетінің жанрлық ауқымы да, сандық, сапалық сипаты да қарыштай дамып, өзіндік түр, сипат қалыптастырып үлгерді. Дегенмен балалар әдебиетінің бүгіні мен болашағы қандай деген сұрақ әлі де өзекті. «Жас Алаш» газеті балалар әдебиетінің қазіргі жағдайы, оның болашағы, жетістігі мен кеміс тұстары жайлы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға жазушы, сыншы Бекен Ыбырайым, жазушы, сценарист Зира Наурызбай және балалар жазушысы Зәуре Төрехан қатысты. 

Ж.А: Қазір «балалар әдебиеті кенже қалды» деген пікірді жиі естіп қаламыз. Балалар әдебиетінің бүгінгі аяқ алысына сіздің көңіліңіз тола ма?

бекен ыбырайым
Бекен Ыбырайым

Б.Ы: Бүгінгіні сараптау үшін өткенді еске ала кетудің артықтығы жоқ шығар. «Кенже қалды» дегенде, қай саламен немесе қай кезеңмен салыстырғанда, кімдер қашан айтқан деген сұрақтар оянып кетеді...

Ыбырай Алтынсариннен бастап, алпысыншы жылдарға дейінгі қазақ балалар әдебиетінде заман мен қоғамның ахуалына, шығармашылық еркіндіктің шектелуіне, жүрек пен қиялға қылбұрау салынды. Жаппай жендеттік жазалау мен омақастырмай қоймайтын ойсыз озбырлық салдарынан қаламгерлер қатарының селдіреп қалуына байланысты орын алған олқылықтар тарихтан мәлім. Тек Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» ғана таптаурыннан бөлек, жаңалығымен ерекшеленгені есімізде. Алайда жалпы әдебиетімізде, оның ішінде балалар әдебиетінде де бір-біріне ұқсас, көркемдік өрісі бір-бірінен ұзап кете қоймаған шығармалар көп жазылды. «Жылымықтан» кейін жағдай біршама оңалып, келесі толқын араласқаннан соң, өткенге де, бертінге де сын көзбен қарап, жаңаша байыптау қажеттігі айқындалды. Марк Твеннің Гекльбериін еске салатын Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіндегі тың серпіліс балалар әдебиетінде стандартты, қарабайыр, жалпылама жазудан арылар кез жеткенін мәлім етті. Алайда қыруар басқа шығармалар қанаттаса, жарыса шығып, көркемдік мазмұн әлемінің сонылығымен көріне қоймағаны да рас.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын жылдар балалар әдебиетіне де оңай соққан жоқ. «Кенже қалды» деген сөз осы төңіректен шықса керек. Сондықтан болар, соңғы жылдары балалар әдебиетіне баса мән беріліп, түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Дегенмен бағалау мен байыптауға қатысты шикілік пен шалағайлықтар аз емес. Ол – өз алдына бөлек мәселе. Шынтуайтқа келгенде, ересектерге арналған әдебиетімізбен салыстырғанда, балалар әдебиетінің көркемдік деңгейі қарын аштыратынын жасыра алмаймын. Жекелеген, айтуға тұрарлық туындылар, жетістіктер бар. Дегенмен тұтастай алғанда, прозадағы публицистика, жаттандылық пен жасандылық, деректі, танымдық қажеттілік дегенді тиянақ етіп, журналистика мен әдебиетті зорлықпен «будандастырған», сыбайластыра сапырған қойыртпақ кітаптардың көбеюі жалпы әдебиетіміздің осал тұстарын, қаламгерлердің интеллектуалдық деңгейін байқатады.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі», классикалық әдебиеттің қасиеті – көркемдігінде. Ал эстетикалық қуатты әсерімен ерекшеленуден гөрі, өнегелі, танымдық мәлімет ұсынумен қомпиатын деректі, танымдық шығармалар деген дүниелердің көпшілігі – белгілі бір мерзім аралығындағы уақытша қажеттілікке жылдам бейімделуге бейім авторлардың «іскерлігі» мен түйсігі «бауырмал» тілеулестердің көмегімен омыраулай беруден шаршамайтын, көз алдайтын арзанқол алданыш екенін мойындау қажет. Ондай шығармалар прозаға ұқсайтын «проза» екенін және ашық айтуға тиіспіз. Көркем әдебиеттен гөрі, журналистиканың туындысы деп айтып, жазып отырмаса, нағыз көркем проза мен журнализм туындыларын айыра алмайтын оқырмандар қатары ұлғайып келеді. Таңдандыратыны – басқа түгіл белгілі деген жазушылар мен ғылыми дәрежесі бар зерттеушілердің мидай араласқан сол «құбылысты» ажырата алмайтыны. Бұған дәлел, күнделікті өмірде де, мерзімді басылымдар мен кітаптарда да «бірі көшіп, біреуі қонып жатыр».

Ал поэзияда тақырып алуандығы айқын болғанымен, төрт аяғы тең түскен, қиялды шарықтататын, жаттап алуға құлшындыратын туындылар, сәтті өлеңдер тым сирек.

Зира Наурызбай
Зира Наурызбай

З.Н: Бұл пікірді менің де жиі құлағым шалып қалады. Жасыратын ештеңесі жоқ, бүгінгі әдебиетте басқа салаларға қарағанда балалар әдебиетінің кенже қалып, көңіл бөлінбей жүргені рас. Замандас қаламдастарым, жазушылар ересектерге арналған әдебиетті жазғанды жөн көреді. Күні кешеге дейін балаларға арналған шығарма жазуды төмен дәреже санап келген қаламгерлер де бар. Тіпті «балалар әдебиетін жазу – баланың ісі» немесе «Екінің бірінің қолынан келеді» деген таптаурындар қалыптасты. Бір жағынан мемлекет пен оқырман тарапынан да қолдаудың жеткілікті деңгейде көрсетілмеуі балаларға арналған әдебиеттің дамуын кешеуілдетті. Десек те, байқауымша, соңғы жылдары бірнеше жас жазушылар осы салада қалам сілтеп, жемісті еңбек етіп жүр. Еліміздегі кітап нарығына жаңа қадам басқан баспалар да балалар әдебиетіне дерліктей көңіл бөліп жүргені шын қуантады. Мысалы, Steppe and World баспасынан шығатын кітаптардың басым бөлігі балалар әдебиетіне тән. Шетелдік бестселлер жазушылардың балаларға арналған кітабын басып жүргені қазақ жазушыларына әсер етсе керек.

З.Т: Президент жариялаған «Балалар әдебиеті» жылы үш жыл қатарынан өткен соң әдебиеттің бұл бағыты жандана бастады. Өзімнің және өзім танитын балалар жазушылары мен ақындарының кітаптары көптеп жарық көрді. Сонымен қатар, аударма әдебиеттің де қазақ тілінде шығып жатқаны қуантады. Қазіргі беталыс жаман емес, дегенмен 30 жылда тоқырап қалған балалар әдебиеті бір-екі жылда қалпына келе қоймасы анық. Бұл жылдар арасында қаншама буын кітапқа қол жеткізе алмай өсіп-өнді. Ал олар ата-ана болғанда балаларына кітап оқытқызуға өресі жете ме, бұл да бір үлкен алаңдатарлық сұрақ.

Ж.А: Бүгінгі балаларға қандай тақырыптағы шығармалар қызық немесе қазіргі балалардың талғамы қандай?

Б.Ы: Қай кезеңдегі балаларды да қызықтыратын, әрине, өз кезеңі. Десек те, ең қажеттісі, ең қадірлісі – шебер жазылған шығармалар. Түптеп келгенде, заман құбылыстары, технологиялар әдебиет үшін шикізат қана, ал тақырып дегеніңіз – өмірлік арна, сала. Соны қалай «игергеніне» қарап, қаламгердің шеберлігі мен парасат деңгейін шамалайсыз.

Қазіргі балалардың талғамы қандай екенін анықтау үшін бейтарап социологиялық зерттеулер жүргізілуі керек. Ата-ана, ұстаздар мен бала өскен, араласқан ортаның қайсысы қалай ықпал етуі алуан себептермен сабақтас. Соның ішінде байқауымызша, ең ықпалдысы, ең пәрмендісі – интернет. Ағылшын, орыс тілінде мультфильм, т.б. көретін сәбилердің сол тілдерде тілі шығатынын, ойлауы мен сезінуі басқаша екенін де көріп жүрміз. Балдырғандар мен жеткіншектер де интернетке ауып кеткен. Ендеше, балалардың талғамы, әсіресе интернет қолжетімді жерлерде ала-құла. Бұрын кітап оқымаса, ой тоқырайтынын ойлы қаламгерлер толғаныс, пікір-түйін ретінде айтып келсе, бүгінде ғылыми зерттеулер сол пікірдің дұрыстығын нақты мысалдармен дәлелдеп отыр. Бұл тарапта ойласатын мәселелер, жүзеге асыруды қажет шаралар көп.

З.Н: Өз балаларым есейіп кеткен, алайда бала күнінде байқағаным – бүгінгі күннің балаларын өз заманы, сол заманға тиесілі кино, мультфильм кейіпкерлері қызықтырады. Сүйіп қарайтын фильмдері мен үлгі тұтатын кейіпкерлері де қарапайым емес, әдетте, экшн, фэнтези жанрындағы әлемді құтқаруға асыққан қаһармандар. Ал ересектерді бұл тақырыптар аса қызықтыра қоймайтын секілді. Біз Лиля Калаус екеуміз балаларға арналған кітабымыздың алғашқы бөлімін тура он сегіз жыл бұрын жазған едік. Сол кезде жиі араласып тұратын жасөспірімдер мен балалар кітапханасының егде жастағы директорымен байланысып көруді шештік. Шығарманың соавторы Лиля Калаус сол кісімен жақын араласып, сыйласатын еді. Қолжазбамызды алдына апарып, көмек, әлде демеушілік жасайтын адамды ұсынуын сұрап, қолдау іздеп барған кезде, қабағы түйіліп, «Фэнтези жанрын жек көремін» деп жауап берген еді. Қазір ойы өзгерген, бірақ сол кезде аса құштарлық таныта қоймағаны рас. Қазіргі жастардың жаңашылдыққа ашықтығы ұнайды, олардың оқып өскені де фэнтези жанры болғандықтан, кез келген жаңалықты дұрыс қабылдайды.

«Бату мен оның достары» шығармасын, балалар әдебиетін жазамын деп үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мен, ең алдымен, ғалыммын ғой. Менің балаларға арналған кітабымнан гөрі, ғылыми кітабым әлдеқайда өтімдірек. Атап өткенімдей, он сегіз жыл бұрын Лиля Калауспен бұл кітапты жазып шығуыма Хәрри Поттердің жаппай танымал бола бастағаны әсер етсе керек. Сол кезде менің балаларым да, Лиляның балалары да Жоан Роулиң жазған шығарманың әсерінен шыға алмай ұзақ жүрді. Тіпті әлі есімде, көршінің бір баласы маған келіп: «Хәрри Поттер – наше все!» деген еді. Хәрри Поттер ғана емес, сол кезде танымал бола бастаған кез келген әдебиет, кино қаузаған тақырыбын, бастауын грек, семит, кельт халықтарының мифологиясынан алды. Осыны байқап жүріп, біз неге өз мифологиямызды түрлендіріп, жаңа бағытта, форматта оқырманға ұсынбаймыз деген идея туындады. Біздің де өз мифологиямыз, тарихымыз бен жүріп өткен жолымыз бар, оның үстіне, мен осы саланың маманымын. Осы ойды қызыма айтайын десем, тыңдағысы келмейтінін, қызықтырмайтынын байқадым. Ақырында Лилямен ақылдаса келіп, қазақ мәдениеті мен мифологиясы туралы шытырман оқиғалы шығарма жазамыз деп шештік. Төл мәдениетімізді балаларға өздері қалаған жанрда оқытамыз деп кірісіп кеткенбіз.

Зәуре Төрехан
Зәуре Төрехан

З.Т: Әр адамның өз талғамы бар, қызығушылықтары да әртүрлі. Тіпті бір отбасының балалары болмысы мен санасы бойынша бөлек болып келеді, бірі – кітапқұмар болса, басқасы – ойынқұмар, сурет салуға әуес, тамақ әзірлеуді ұнататын, киім тігуді, тоқуды, робот жасауды, интернет технологиясын үйренуді, т.с.с ұнататын болуы мүмкін. Ол қалыпты жағдай.

Жыл сайын дүниежүзінде миллиондаған кітаптар шығады, олар әртүрлі жастағы, ойы, санасы сан алуан адамдарға арналған. Ол кітаптардың барлығын оқу мүмкін емес, әрі міндет емес. Демек, әр жазушы өз талғамы бойынша ойын, ішкі әлемін жеткізуге құқылы және ешкім де оларға қалай, не туралы жазу керектігін үйрете алмайды. Өзіңіз елестетіп көріңізші, егер барлық жазушылар бір сарында, бір мәнерде, бір бағытта, бір трендте, бір тақырыпта жазатын болса, онда әдебиет тұншығып өледі, бұл антиутопиялық әлем болар еді.

Ж.А: Балалар мен жасөспірімдер арасында шетел мәдениетіне тән кейіпкерлер (Хәрри Поттер, Марвел) жиі сұраныс тудырады да, төлтума әдебиетіміз бен фольклорымызға тән «Ер Төстік» пен «Қобыландылар» ұмытылып бара жатқан сынды. Ұлттық әдебиетімізге тән кейіпкерлерді қалай дәріптеген жөн?

Б.Ы: Не нәрсе, қандай құбылыс жиі насихатталса, еліккен, еліткен сұраныс та соған сәйкес көбірек болатыны – әлемдік бизнесте әбден белгілі шындық. Қазақ балалар әдебиетінің немесе жалпы қазақ әдебиетінің қай кейіпкері Хәрри Поттер сияқты алуан тілдерде жарнамаланды? Шетел әдебиетін күндіз-түні насихаттайтын ақпарат құралдары интернет арқылы жер жүзін жаулап алды. Олармен бәсекеге жарап жатқанымыз шамалы. Тым құрыса қазақша тарайтын интернет ақпараттарының өзі қазақ балалар әдебиетін ойдағыдай насихаттай алмай келеді. Себеп – қаржылық қолдау кем, қабілетті мамандар жетпейді.

Сосын... әр заманның өз кейіпкері бар ғой. Оны көрсету, бейнелеу – қамқорлық пен ізденіске байланысты. Осы орайда мойындалуға тиісті шындық – балалар әдебиетіне араласқан авторлар көп десек те, дарынды қаламгерлер аз.

З.Н: Шетелдік технология мен маркетингтің күшін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Олар жазған шығарманы ұтымды экранизациялауды біледі. Балалардың да зейіні соған, қызылды-жасылды жарықтарға әбден үйреніп қалған. Олардың ұтып тұрған тұсы да – осы, технология, сурет, анимация саласы. Біз ертегі мен жыр оқып өскен ұрпақ болғанымызбен, қазіргі балалар бізге ұқсамайды. Қазіргі балаларда таңдау көп, теледидар, смартфондарда бітпейтін сериал, мультфильм мен бейнероликтер. Қазіргі кішкентай балалардың зейіні тұрақсыз, сол жарқ-жұрқ еткен гаджеттерге ғана алданады, асықпай отырып кітап оқитын бала кемде-кем. Өз балаларымның кішкентай кезінде өзім балалық шағымда қызығып оқыған кітаптарды ұсынсам, оқығысы келмейді. Тіпті өзім де оқи алмайды екенмін. Мен ұсынған кітаптардың басым бөлігінде, асықпай, байыпты әңгіме айтылады, алғашқы он беті табиғат пен ғаламның сұлулығын суреттеуге арналған. Ойланып, далада жатқан адамның өзін бірнеше бет суреттейді. Ондайға қазіргі балалар түгілі, біз, ересектер де шыдай алмаймыз. Мысалы, атап айтсақ, Жюль Верннің шығармасында жағрафия пәнінің профессоры Жак Паганель тұрып алып, он-жиырма бет дәріс оқитын тұсы бар. Соны кейіпкерлермен бірге біз де байыппен оқып, қызыға қарайтын едік. Қазіргі балаларға оны оқығанша, ғаламтордан қысқаша бейнеролик көріп алған әлдеқайда тиімді.

Сонымен қатар балаларға өз заманынан шыққан қаһарманның оқиғасы қызықты. Қазір танымал боп тұрған кез келген комикс, мультфильм, шығарманың бас кейіпкері – бүгінгі заманның баласы, жасөспірімі. Оқырман бала бас кейіпкермен өзін салыстырып, теңестіру үшін бұл маңызды фактор. Ал Қобыланды мен Ер Тарғындардың бейнесінен қазіргі бала өзін көре алмайды. Мектепте міндетті тақырып ретінде оқытылатын батырлар мен аңыздар баланы жалықтырып алатын секілді. Сондықтан мектептен тыс оқитын, көретін дүниелерден өзін көргісі келеді. Қазір балаларға батырлар жыры туралы айта бастасаң, олар еріксіз мектепте міндеттеп оқытатын, әбден мезі болған әдебиетті елестетеді. Өзіміздің ұлтқа тән кейіпкерлерді, мәдениетті насихаттау үшін заманауи сюжеттерді, жаңалықтарды қолдана отырып, ұлттық әдебиетіміздегі кейіпкерлерді түрлендіруге болады.

З.Т: Қазақ фольклоры расымен де ұмытылып бара жатыр ма? Менің оған күмәнім бар. Қазақ әдебиеті мектеп бағдарламасында бар және балалар төл әдебиетімізбен сусындап өседі. Қаламгерлерден басқа комиксистер, киногерлер, онлайн ойын құрастырушылар, дизайнерлер және тағы басқа шығармашыл адамдар қазақ фольклоры, мифологиясы мен аңыз-әпсаналарынан шабыттанып, өз туындыларын шығарып жүргеніне куәміз.

Мен өзім де халқымның бай мәдени-рухани мұраларына негізделе отырып «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» роман-фэнтезиін жазып шығардым, оның спин-оффы ретінде «Ұлы дала елі. Жарық пен түнек» атты комиксін жазып, суретші Нұрлан Әбішев ағамыз майлы бояумен ерекше етіп, комикс салып берді. Жазушы-драматург Адам Капанов «Қарамерген» ертегісі негізінде «Воздушное кочевье» кітабын жазды, ол кейін либреттоға айналып, Астана Операда қойылды. Dynamit comics тапсырысы бойынша Star Wars комикстерін салып жүрген Мәдибек Мұсабеков Алтын адам бейнесінің негізінде керемет комикс салып берді, оны Bubble comics, кейін Meloman-Marwin сатып алып, шығара бастады. Айта берсең көп, осындай мысалдар қаншама!

Ж.А: Балалар әдебиетіне қалам сілтеу қаншалықты қиын? Әлем танитын балалар жазушыларының жетістігі тек маркетингтің күшіне байланысты ма?

Б.Ы: «Балалар жазушысы болып туу керек» деген сөзден-ақ балалар қаламгерлерінің аздығын аңғару қиын емес. Бір кездері нашар, ортақол шығарманы, балалар әдебиетіне ысыра салатын. Кейін бұл көзқарас өзгере бастады. Осы орайда бұрнағымен салыстырғанда, кейінгі жылдары балалар әдебиетін насихаттауға мемлекеттік деңгейде мән берілуі қуантады. Әдеби конкурстардың өтуі, жоғары оқу орындарында магистрлік, докторлық диссертациялардың, жекелеген ғылыми монографиялардың жазылуы, баспасөзде бірлі-жарым мақалалар жарық көруі – соның мысалы.

Батыс балалар әдебиетімен салыстырғанда, бізде көркемдік тәжірибе аздығын, тәуелсіздікке дейін үнемі идеологиялық қысымды бастан кешіргенімізді қалай ұмытамыз?! Ал еркіндікке қол жеткен кезеңде барымызды байыптау қажеттігі талассыз. Бірақ мерзімді басылымдар мен радио, теледидарда тым құрыса конкурстарда жүлде алған шығармалардың өзі тиісті деңгейде талданбайды. Соның салдарынан мектеп оқулықтарына, одан тыс оқуға нашар шығармалардың ұсынылуы, зерттеушілер мен құрастырушылардың біліксіздігі күн тәртібіндегі айрықша өзекті мәселеге айналып отыр. Басқаның бәріне көз жұмып, көңілшектік танытсақ та, ұлттың болашағы – балаларға ұсынылатын әдебиетке немқұрайды қарауға үзілді-кесілді қарсы екенімді ашық айтуға мәжбүрмін. Мектептерге ұсынылатын, тізімі өткен жылы жасалған 1700 шығарма туралы арнайы мәселе көтеру керек. Оны шешетін – ешбір министрлік те, Жазушылар одағы да емес, ғылыми немесе педагогикалық мекемелер де, баспалар да емес, талғамы биік таңдаулы қаламгерлер ғана!..

З.Н: Балалар әдебиеті деген ұғымның өзі жиырмасыншы ғасырдың жемісі. Себебі бұрын әдебиетке бір шығарма қосылады да, алдымен сол туындыны ересектер оқиды. Елу жыл өткен соң, кезінде даңқы дүркіреген шығарма ертегі сияқты көрінеді де, балаларға арналған әдебиеттің қатарына өтеді. Чарльз Диккенстің шығармалары, Робинзон Крузо немесе америкалық үндістер туралы шығармалар әу баста қатардағы ересектерге арналған шығармалар еді. Кейін балалар да қызығушылық танытып, оқи бастады. Туве Янссон, Джеральд Даррелл кітаптары да осы сипатты. Астрид Линдгрен – талантты жазушы, күлдіре отырып, ой салады. Қазір психологтар жауыр қылған «ішіңдегі бала» позициясын тиімді пайдаланған қаламгер. Ол өмір сүрген кезеңде маркетингтің әлі дами қоймаған кезі, сондықтан ол өзінің дарыны арқылы танылды деп ойлаймын. Кез келген әдебиеттің насихатшысы болғанда, ол дамиды. Ал еліміздегі балалар әдебиетіне қолдау, насихат, өкінішке қарай, менің көңілімнен шықпайды. Бір жылдары балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген жазушыларға арналған «Дарабоз» байқауы өтті. Мен Таласбекке бірнеше рет ескертіп жүріп, «Бекторының қазынасы» әңгімесін жаздырып, байқауға жолдадық. Сол байқаудан Таласбектің әңгімесі де, біздің «Бату және оның достары» шығармасы да лайықты баға алмай, өтпей қалды. Ал содан екі жыл өтпей, «Бекторының қазынасын» мектеп оқулықтарына енгізген екен. Бұдан бөлек, сегіз жыл бойы талай байқауға қатысып көрдік. Осыдан екі-үш жыл бұрын мәдениет министрлігі «Балалар жылында» жариялаған үштікке ілігіп, «Бір ел – бір кітап» бағдарламасы бойынша оқытылу керек болатын. Автор ретінде сол кезде ешқандай қолдау көрмедік. Министрдің сөзін тыңдасаң, миллиондап ақша бөлінгені, мыңдаған авторлар қолдау тапқаны туралы айтады. Ал іс жүзінде көңіл көншітерлік ешнәрсе жүзеге аспаған еді.

З.Т: Балалар әдебиетін жазу кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді, ол да адамның ойы мен талғамына, ішкі жан дүниесіне байланысты емес пе? Сонымен бірге балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушыларды екіге бөлуге болады, олар – ұлттық әдебиетті қалыптастырушылар және әлем оқырмандарына қаратып жазатындар.

Бүгінгі заманның шетелдік балалар жазушылары көбінесе әлем әдебиетіне кіруге талпынады, сол себепті ұлттық ерекшеліктер туралы жазбайды, керісінше, әлем балаларына түсінікті тақырыптарды таңдап алады. Олардың арасында Филип Пулман, Терри Пратчетт, Эйко Кадоно, Диана Уинн Джонс, Джон Грин, Корнелия Функе, т.б. бар. Олардың шығармашылығы өз елінің оқырмандары мен кітапханаларының қолдауымен әлемге танымал болды. Содан соң ғана үлкен киноэкрандарға жолдама алды.

Шынымды айтсам, бүгінгі қазақ балалар әдебиеті екі бас қалада ғана дамып жатқандай сезімдемін, облыстардағы жағдай мәз емес екені айдан анық. Облыстық кітапханашылар заманауи балалар жазушыларын танымайды, кітаптарын алып жатқандарын мүлдем естімейміз. Ал Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы Санкт-Петербург кітапханасымен мықтап байланыс құрып алып, көбінесе орыс әдебиетін алуға, балаларға оқытқызуға ден қойып жүр. Олай болмау үшін, балалар жазушылары барлық облыстық кітапханалармен етене араласып, бірге жұмыс істеп, үйренулері керек.

 Дайындаған  Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ