Этномедиация әдісі және ұлтаралық қақтығыс

Көпұлтты елдерде этномедиация әдісі кеңінен қолданыс тауып жүр. Бұл – әртүрлі этникалық топтар арасындағы қақтығыстарды немесе келіспеушіліктерді шешуге бағытталған арнайы медиация түрі.
Ол мәдени, тілдік және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, тараптар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді қалыптастыруға көмектеседі. Этномедиацияны арнайы дайындалған медиатор мамандар жүргізеді. Олар этностар арасында туындаған, қалыптасқан ситуацияларға қатысты бейбіт шешімдер ұсынады. Бұл тәсіл мен аталған мамандар әсіресе көпұлтты елдерде маңызды рөл атқарады. Мамандардың айтуынша, мұны іске асырудың өз механизмі бар.
«Этномедиацияның жүзеге асу механизмі туралы айтар болсақ, бұл сала алдымен қақтығыстың себептері мен ерекшеліктерін зерттейді. Одан соң тараптармен жеке-жеке әңгімелесу, олардың ұстанымдарын, мүдделерін анықтау барысы аса маңызды. Бұл орайда этномәдени ерекшеліктерді ескере отырып, ситуацияның барлық аспектілері ескеріліп, стратегия дайындалады. Содан кейін ғана тараптарды келіссөзге шақыру жүреді. Әлбетте, этностар арасындағы байланыс пен күрделі жағдайлар өте сезімтал тақырып болғандықтан, барлық мүдделі тараптарды тыңдау, позициялардың әрбірін ескеру қажет. Ол үшін диалог жүргізіледі. Тиісті ережелерді ескере отырып тараптардың өзара диалогын да қамтамасыз ету маңызды. Ең алдымен, осы процесте мамандар объективтілік сақтап, бейтарап болуы тиіс. Осыдан кейін арнайы шаралар қабылданып, керекті қадамдардың толық орындалуы қадағаланады.
Мұндай сұрақтарды қадағалау мен шешу қоғамдағы этносаралық тұрақтылықты нығайтады. Әрі конфликтілерді заңды және бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді, келісім мен толеранттылықты арттырады. Бұл әдіс әсіресе көпұлтты елдерде, миграцияның жоғары деңгейі бар аймақтарда және этникалық топтар арасында түсініспеушілік туындаған кезде маңызды рөл атқарады», – дейді әлеуметтанушы Дана Рахымғали.
Мұндай қызмет түрі Қазақстанда да іске асырылып жатыр. Жемісті жұмыс істеп келеді. Олардың мақсаты – елімізде қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде медиация институтын дамыту, Қазақстан халық ассамблеясы шеңберіндегі қоғамдық келісім саласындағы медиация стратегиясын дайындау, қоғамдық келісім саласындағы ҚХА құрылымдарының медиация жөніндегі қызметін үйлестіру және жүйелеу, ҚХА құрылымдарының медиация бойынша қызметін ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету, этносаралық қатынастар саласындағы медиацияның отандық және шетелдік тәжірибесін зерделеу. Дәл осы дүниелерді ескере отырып медиация қызметі тәжірибені жетілдіріп, арнайы ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.
Олар қызмет барысында мемлекеттік органдармен біріге отырып, олардан қажетті ақпараттарды, құжаттарды, материалдарды ала алады. Арнайы кеңес өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жұмыс топтарын, комиссиялар құрады, белгілі бір шешімдер қабылдауға атсалысады. Тағы медиацияны құқықтық реттеу бойынша ұсыныстар беріп, этнос өкілдерінің құқығын қамтамасыз ету үшін ашық талқылаулар ұйымдастырады. Кездесіп жатқан жағдайлардан үнемі хабардар болып отыру үшін азаматтарды қабылдау тұрақты түрде жүргізіледі. Оларға консультация беріледі. Оған қоса, ауылдық жерлер мен өңірлерді де аралап тұрады.
Енді өңір-өңірдегі жұмыс ассамблеяның 30 жылдығы қарсаңында қыза түспек. Еске сала кетейік, ҚХА-ның 30 жылдығына орай елімізде және шетелдерде 1,5 млн адамды қамтитын іс-шаралар легі жоспарланып отыр. Олардың алғашқылары наурыздан басталып та кеткен. Мерейтой аяқталғанша түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Еліміздің түкпір-түкпірінде 400-ден аса танымдық, әдеби-мәдени іс-шара өтеді. Тағы 25 жоғары оқу орны мен сараптамалық орталықтарында 34 ғылыми-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстел, семинарлар ұсынылады.
Балауса Ділдәбек