Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:17

Еурокубок: қаржысы жоқ Qazsport, қайраты жоқ «Ордабасы»

Қазақ футболы
Фото: ЖИ

Шілдеде қазақстандық клубтар Еурокубок бәсекесін бастады. Қазақстан Премьер-лигасының былтырғы жеңімпазы «Қайрат» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубын жеңіп, екінші айналымға өтті.

8 шілде күні Люблянада өткен алғашқы матчта 1:1 есебі тіркелді. «Қайрат» сапынан жалғыз голды 16 жастағы жас шабуылшы Дастан Сәтбаев соқты. Осылайша, ол Чемпиондар лигасында гол соққан (іріктеу кезеңін қоса есептегенде) әлемдегі ең жас 3 футболшының қатарына кірді. Сондай-ақ мұндай ірі турнирде мергендік танытқан ең жас қазақстандық ойыншы атанып отыр. Ал Алматыдағы қарымта ойында алаң иелері 2:0 есебімен еш қиындықсыз жеңіске жетт.

Ең өкініштісі, осы екі матчты жанкүйер қауым отандық телеарналардан тамашалай алмады. Бұған көп адам наразы болды. Елдегі жалғыз мемлекеттік спорт арнасы – Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбековтің айтуынша, қос тарап трансляция шарттары бойынша келісімге келе алмаған. «Қайрат» жеке клуб болғандықтан, трансляцияны сатып, қаржы тапқысы келген. Ал мемлекеттік арна бұған дайын болмаған. Яғни телеарна бюджетінде жыл бойы қандай да бір маңызды жарысты көрсету керек болса, соны сатып алуға қаржы қарастырылмаған.

«Қайрат» екінші айналымда Финляндияның КуПС командасымен кездесті. Өкінішке қарай, сырт алаңдағы ойында 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Қарымта матч 29 шілде күні Алматыда өтеді. КуПС – қағаз жүзінде «Қайраттан» әлсіз команда. Мамандар алматылық команда келесі кезеңге өтеді деп күткен. Бірақ бірінші ойын сәтсіз болды. Бұл матчты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Шамасы клуб пен арна бір мәмілеге келген сияқты.

«Қайрат» екінші ойында КуПС-ты жеңіп, үшінші кезеңге өтсе, «Слован» (Словакия) – «Зриньски» (Босния және Герцеговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал жеңіліп, Еуропа лигасына түсіп қалса, РФШ (Латвия) – «Мальмё» (Швеция) жұбының жеңілгенімен жолығады.

Былтырғы Қазақстан кубогының жеңімпазы «Ақтөбе» Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» клубымен кездесті. «Легия» екі ойында да 1:0 есебімен жеңіске жетіп, келесі айналымға өтті. «Ақтөбе» мықты қарсыласқа қарсы нашар өнер көрсеткен жоқ, тәп-тәуір қарсылық танытты. Шабуылшы Оралхан Өміртаев екі матчта да гол соққан, бірақ офсайд болып, голдары есепке алынбады.

Еуропа лигасында «Легияға» жол берген «Ақтөбе» Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде чехиялық «Спартамен» кездесті. Ақтөбеде өткен алғашқы ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Екі доп айырмасымен жеңетіндей-ақ еді, ойын соңына қарай норвегиялық төреші жоқ жерден пенальти ойлап тауып, «Ақтөбеге» қиянат жасағандай болды. Қарымта матч 31 шілде күні Прагада өтеді. «Ақтөбе» қос ойынның қорытындысы бойынша басымдықты сақтап қала алса, үшінші кезеңде «Арарат» (Армения) – «Университатя Клуж» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ал шымкенттік «Ордабасы» әдеттегідей Еурокубокпен ерте қоштасты. Оларға жеребе жолдас болып, Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» клубымен кездескен. Бірақ «Ордабасы» сырт алаңда 4:3 есебімен жеңіліп, өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнады. «Торпедо» өз тарихында алғаш рет қазақстандық клубты жарыс жолынан шығарды. Бұған дейін ол біздің клубтармен 3 мәрте кездесіп, бәрінде жеңіліске ұшыраған.

Елордалық «Астана» Конференция лигасы іріктеуіндегі жарыс жолын бірден екінші айналымнан бастады. Қарсыласы – «Зимбру» (Кишинев, Молдова). Бұл жұпта да қазақстандық команда фаворит саналған. Бірақ 24 шілде Астанада өткен алғашқы ойында күтпеген жерден 1:1 есебі тіркелді. Қарымта матч 31 шілде Молдовада өтеді. Елордалықтар мұндай қарсыласқа қарсы жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтуге міндетті. «Астана» ойыншылары «Зимбрудан» өтсе, үшінші айналымда «Вардар» (Солтүстік Македония) – «Лозанна» (Швейцария) жұбының жеңімпазымен жолығады.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: