Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

Еурокубок: кімдерден үміт күтеміз?

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Фото: Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі

Қазақ футболы тағы бір маңызды сынақ тапсыратын кез келді. Маусым айында ұлттық құрама Беларусь (4:1) пен Солтүстік Македониядан (1:0) жеңіліп, сәтсіздікке ұшыраған еді. Шілдеде еліміздің үздік клубтары Еурокубок бәсекесінде бақ сынайды.

Биылғы еуромаусымда Қазақстан атынан «Қайрат», «Ақтөбе», «Астана» және «Ордабасы» өнер көрсетеді. 17 маусым күні Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде 2025/26 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.

Чемпиондар лигасы

Қарт құрлықтың ең басты клубтық турниріне биыл еліміз атынан Қазақстан Премьер-лигасының былтырғы жеңімпазы «Қайрат» қатысады. Алматылық команда Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубымен кездеседі. Бірінші матч 8 шілде күні Люблянада, қарымта ойын 15 шілде күні Алматыда өтеді.

«Олимпия» (Любляна) – Словенияның 8 дүркін чемпионы. Словения кубогын 7 мәрте жеңіп алған. Атақты Тransfermarkt порталының дерегінше, клуб ойыншыларының жалпы трансферлік құны – 11,8 млн еуро. Команда сапында 18 легионер бар. «Олимпия» бұған дейін Еурокубокта қазақстандық клубтармен кездесіп көрмеген.

Ең қызығы, «Қайраттың» трансферлік құны қарсыласымен бірдей – 11,8 млн еуро. Құрамындағы ең қымбат ойыншы – 16 жастағы Дастан Сәтбаев. Оның трансферлік құны маусым басында 500 мың еуро ғана еді. Биылғы маусымда 16 ойынға қатысып, 9 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Осы керемет жетістігінен кейін трансферлік бағасы бірден 1,3 млн өсіп, 1,8 млн еуроға жетті. «Қайрат» сапында қазір 14 легионер бар. Бірақ оның екеуі ауыр жарақат алып, маусымды ерте аяқтады.

«Қайрат» бұған дейін УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеуіне 2 мәрте қатысқан. 2005/06 жылғы маусымдағы іріктеу турнирінің алғашқы айналымында словакиялық «Артмедиаға» (2:0, 1:4) есе жіберді. Ал 2021/22 жылғы маусымда алғашқы іріктеу кезеңінде Израильдің «Маккаби» клубын жеңіп (1:1, 0:2), екінші айналымда сербиялық «Црвена звездаға» (2:1, 0:5) жол берді. Бірақ Белградта өткен қарымта матчқа «Қайраттың» негізгі ойыншылары коронавирусқа байланысты қатыса алмағанын айта кеткен жөн.

Сол жылы «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Еурокубоктың топтық кезеңіне жолдама алды. Чемпиондар лигасынан шығып қалған соң Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде армениялық «Алашкертпен» кездесіп, оған да есе жіберді (0:0, 2:3). Ал Конференция лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф сатысында Люксембургтің «Фола» командасын (1:4, 1:3) еш қиындықсыз жеңді. Бірақ топтық кезеңде сәтсіз өнер көрсетті. «Базель» (Швейцария), «Карабах» (Әзербайжан) және «Омониямен» (Кипр) бір топқа түскен алматылық ұжым квартетінде соңғы орын алды.

Бұдан бөлек, «Қайраттың» Еурокубоктың топтық кезеңіне ең жақын болған сәті – 2015/16 жылғы маусым. Сол жылы алматылықтар Еуропа лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне дейін жетіп, Францияның «Бордосына» ғана есе жіберді (0:1, 2:1). Оның өзінде франциялық ұжым ескі ереже бойынша сырт алаңда соғылған голдың арқасында келесі кезеңге өтті. Сондай-ақ бұл матч Қазақстан чемпионатының ережесіне өзгеріс енгізді. «Бордоға» қарсы қарымта ойын алдында «Қайрат» павлодарлық «Ертіспен» кездесуді кейінге қалдыруды сұраған. Бірақ «Ертіс» бұл өтініштен бас тартып, «Қайрат» Еуропа лигасы матчына шаршап шықты. Осыдан кейін футбол шенділері Еурокубок алдындағы чемпионат матчының уақытын өзгертуге рұқсат берді.

Айта кетейік, егер «Қайрат» алғашқы айналымда «Олимпияны» жеңіп, екінші кезеңге өтсе, КуПС (Финляндия) – «Милсами» (Молдова) жұбының жеңімпазымен жолығады.

Еуропа лигасы

Ал УЕФА Еуропа лигасында еліміз атынан былтыр Қазақстан кубогын жеңіп алған «Ақтөбе» өнер көрсетеді. Ақтөбелік командаға жеребе жолдас болды дей алмаймыз, алғашқы айналымдағы қарсыласы – «Легия» (Варшава, Польша). Қос команда арасындағы алғашқы ойын 10 шілде күні Польшада, қарымта матч 17 шілде күні Ақтөбеде өтеді.

«Легия» – қазақстандық жанкүйерлердің ескі танысы. Варшавалық ұжым біздің клубтармен 3 мәрте кездесті. Алдымен 2014/15 жылғы маусымда Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф сатысында «Ақтөбені» (1:0, 2:0) жарыс жолынан шығарды. Ал 2017/18 жылғы маусымда Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің 3-айналымында «Астанаға» (3:1, 0:1) есе жіберді. Кейінгі рет 2023/24 жылғы маусымда Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде шымкенттік «Ордабасыдан» (2:2, 2:3) басым түсті. Демек қазақстандық клубтармен кездесуде «Легияның» бәсі сәл биік тұр деген сөз.

«Легия» – Польшаның 15 дүркін чемпионы. Бірақ ел біріншілігін жеңе алмай жүргеніне 4 жыл болды. Соңғы рет 2021 жылы Экстраклас чемпионы атанған. 2024/25 жылғы маусымда Польша чемпионатын 5-орынмен аяқтады. Ал Еуропа лигасына «Ақтөбе» сияқты ел кубогын жеңу арқылы жолдама алып отыр. Команда ойыншыларының жалпы трансферлік құны – 38,55 млн еуро. Ең қымбат футболшысы – 20 жастағы қорғаушы Ян Циолковский (4 млн еуро). Команда сапында 13 легионер бар.

«Ақтөбенің» трансферлік құны қарсыласынан 5 есе төмен – 7,45 млн еуро. Ең қымбат ойыншысы – 27 жастағы қорғаушы Әлібек Қасым (850 мың еуро). Команда сапында 11 легионер бар. «Ақтөбе» – Қазақстанның 5 дүркін чемпионы. Бірақ біріншілікте соңғы рет 2013 жылы топ жарған. 2024 жылғы маусымда қола жүлдегер атанып, ел кубогында алтын медаль алды. Соның арқасында Еуропа лигасының іріктеуіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.

«Ақтөбе» Еурокубок іріктеуіне 14-мәрте қатысқалы отыр. Бұл қазақстандық клубтар арасындағы рекордық көрсеткіш саналады. «Ақтөбе» 2006/07 жылғы маусымнан бері 13 рет сынға түсіп, бірде-бір мәрте топтық кезеңге жолдама ала алмады. Бірақ 4 рет Еуропа лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне жеткен. 2009/10 жылғы маусымда – германиялық «Вердерге» (0:2, 3:6), 2010/11 жылғы маусымда – нидерландылық АЗ-ға (2:1, 0:2), 2013/14 жылы – украиналық «Динамоға» (2:3, 1:5), 2014/15 жылы – польшалық «Легияға» (0:1, 0:2) есе жіберді.

Айта кетейік, «Ақтөбе» бірінші іріктеу кезеңінде «Легиядан» басым түссе, екінші айналымда «Баник» (Острава, Чехия) клубымен кездеседі.

Конференция лигасы

Конференция лигасында қазақстандық екі команда өнер көрсетеді. Шымкенттік «Ордабасы» бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» клубымен кездеседі. Алғашқы ойын 10 шілде күні Кутаисиде, қарымта матч 17 шілде күні Шымкентте өтеді.

«Торпедо» қазақстандық клубтармен Еурокубокта 3 мәрте кездескен. 2012/13 жылғы маусымда – Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбеге» (1:1, 0:1), 2019/20 жылы – дәл осындай матчта «Ордабасыға» (1:0, 2:0), 2023/24 жылғы маусымда – Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбеге» (1:4, 2:1) жол берді. Яғни біздің клубтарды ешқашан жеңбеген.

«Торпедо» – Грузияның 4 дүркін чемпионы. Былтырғы маусымда өз елінің чемпионатында екінші орын алды. Ойыншыларының трансферлік құны – 4,98 млн еуро. Команда сапында 12 легионер бар. Ал «Ордабасы» ойыншыларының трансферлік бағасы – 4,78 млн еуро. Ең қымбат ойыншысы – сербиялық қорғаушы Никола Антич (500 мың еуро). Құрамында 10 легионер бар. Команданың биылғы жағдайы мәз емес, ҚПЛ турнирлік кестесінде небәрі 7-орында тұр.

«Ордабасы» Қазақстандағы Еурокубокта ең нашар нәтиже көрсететін команда десек, қателеспейміз. 8 мәрте еуромаусымда бақ сынап, ешбірінде екі команданы қатарынан жеңіп көрмеген. Ең үздік нәтижесі – 2024/25 жылғы маусымда Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жетті. Бірақ оның өзінде Чемпиондар лигасында жолы болмай, Конференция лигасында бір матчта ғана жеңіске жете алды.

Айта кетейік, «Ордабасы» алғашқы айналымда «Торпедоны» жеңе алса, екінші кезеңде «Омония» (Никосия, Кипр) клубымен кездеседі.

Сондай-ақ былтыр ел чемпионатында екінші орын алған елордалық «Астана» Конференция лигасының іріктеуіне қатысады. «Астана» жарыс жолын екінші айналымнан бастайды. Алғашқы қарсыласы – «Зимбру» (Кишинев, Молдова). Бірінші матч 24 шілде сырт алаңда, қарымта ойын 31 шілде Астанада өтеді.

«Зимбру» Молдова чемпионатында 8 мәрте топ жарған. Бірақ соңғы рет мұндай жетістікке сонау 1999 жылы қол жеткізді. Былтырғы маусымда қола жүлдегер атанды. Клубтың жалпы трансферлік құны – 5,6 млн еуро. Команда сапында 15 легионер бар. Бұл команда қазақстандық клубтармен бір-ақ рет кездескен. 2009/10 жылғы маусымда Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде көкшетаулық «Оқжетпесті» жеңді (1:2, 2:0).

Ал «Астана» ойыншыларының трансферлік құны қарсыласынан біршама жоғары – 9,48 млн еуро. Командада 11 легионер бар. Ең қымбат ойыншысы – албаниялық жартылай қорғаушы Назми Грипши (850 мың еуро). Бірақ «Астанада» егде жастағы футболшылар көп. Команданың орташа жасы – 27,7 жас.

«Астана» – Еурокубоктағы тәжірибесі ең көп қазақстандық клуб. Еуромаусымға бұған дейін 12 мәрте қатысып, 7 рет топтық кезеңге жолдама алған. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде – 1, Еуропа лигасының топтық кезеңінде – 4, Конференция лигасының топтық кезеңінде – 2 мәрте бақ сынады. Бір рет Еуропа лигасының 1/16 финалына шықты. «Астана» Еурокубокта жалпы 110 матч өткізген (38 жеңіс, 26 тең ойын және 46 жеңіліс). Тіпті бір кездері УЕФА-ның жылдық рейтингінде 56-орынға дейін көтерілді.

«Астана» 2015/16 жылғы маусымда УЕФА чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Іріктеудің алғашқы айналымында – словениялық «Мариборды», (1:0, 1:3), екінші айналымда – финляндиялық ХИК-ті (0:0, 3:4), плей-офф кезеңінде – кипрлік АПОЭЛ-ді жеңді (1:0, 1:1). Топтық кезеңде «Атлетико» (Испания), «Бенфика» (Португалия) және «Галатасараймен» (Түркия) бір топта өнер көрсетіп, 4 ұпай жинады. Ал 2017/18 жылғы маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде 2-орын алып, 1/16 финалда португалиялық «Спортингке» (1:3, 3:3) лайықты қарсылық танытты.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Олимпиядан» жеңілсе, Конференция лигасының екінші айналымына қатысады. Қарсыласы – «Стяуа» (Румыния) – «Интер Эскальдес» (Андорра) жұбында жеңілген команда болады. Ал «Ақтөбе» Еуропа лигасының алғашқы айналымында «Легияға» жол берсе, Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Спарта» (Прага, Чехия) клубымен кездеседі.

Қазақстандық клубтар арасынан Еурокубоктың топтық кезеңіне шыққан алғашқы команда – қарағандылық «Шахтер». 2012/13 жылғы маусымда «Шахтер» Чемпиондар лигасының іріктеуіне қатысты. Екінші іріктеу кезеңінде Беларусьтің БАТЭ командасын жарыс жолынан шығарды (1:0, 1:0), үшінші айналымда албаниялық «Скендербеуді» жеңді (3:0, 2:3). Ал плей-офф сатысында Шотландияның «Селтик» клубын Астанада 2:0 есебімен жеңгенімен, сырт алаңда 0:3 есебімен есе жіберді. Осылайша, Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Бірақ АЗ (Нидерланды), ПАОК (Грекия) және «Маккаби» (Хайфа, Израиль) командасына есе жіберіп, топта 4-орын алды. Екі ұпай ғана еншіледі. Бірақ «Шахтер» Еурокубокқа жол ашқан алғашқы команда ретінде қазақ футболы тарихына енді.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: