Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:49

ЕуроОдақ Ресей мен Солтүстік Кореяның әскери ынтымақтастығына алаңдаушылық білдірді

ы
Фото: ria.ru

ЕуроОдақ Ресей мен Солтүстік Кореяның әскери ынтымақтастығына алаңдаушылық білдіріп отырғанын мәлімдеді.

«Егер Солтүстік Кореядан Ресейге сарбаздар жіберілгені туралы ақпарат расталса, бұл шиеленістің жаңа деңгейін және олардың ынтымақтастығының айтарлықтай артқанын білдіреді. Бұл Ресейдің Украинаға қарсы заңсыз әрекеттерін күшейтуге ниетті екенін және бейбіт шешім табуға мүлде мүдделі емес екенін көрсетеді», - деді Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Питер Стано.

Ал, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте X әлеуметтік желісінде «Солтүстік Корея әскерлерін Украинаға жіберу айтарлықтай шиеленісті білдіреді» деп жазды.

Бұған дейін Солтүстік Корея әскерінің Ресейге жіберілгені туралы хабардан кейін Сеул Ресей елшісіне наразылық білдірген болатын.

Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Сеулдегі елшісі Георгий Зиновьевті шақырып, Солтүстік Корея әскерінің Украинаға жіберілуіне наразылық білдірді, деп жазады Йонхап ақпарат агенттігі дүйсенбі күні.

Өткен аптада Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньян Украинаға қарсы соғысқа өзінің 12 мың әскерін жіберетінін, ал 1500 арнайы жасақ сарбазы қазірдің өзінде Қиыр Шығыстағы әскери базаларда орналасқанын айтқан.

Мәскеу мен Пхеньян Солтүстік Корея әскерлері Украинадағы соғысқа қатысып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарады.