Еуропаның үш елі АҚШ қаруын Украинаға жеткізуге қатысудан бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Украинаға қару-жарақ жеткізу бастамасын НАТО-ның бірнеше елі қолдаса, Франция, Италия және Чехия бұл жобаға қаржылай қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.
Франция, Италия және Чехия неге бас тартты?
Франция президенті Эммануэль Макрон бұрыннан бері Еуропаның қорғаныс өнеркәсібін ішкі ресурстармен дамыту қажет екенін айтып келеді. Соңғы уақытта Франция бюджет тапшылығына байланысты өз әскери шығындарын ұлғайта алмай отыр. Сондықтан Париж АҚШ-тан қару сатып алып, оны Украинаға жеткізу бастамасына қатыспайды.
Италия да қаржылық мүмкіндіктің жоқтығын айтып, бастамадан тыс қалатынын мәлімдеді. La Stampa газетінің хабарлауынша, Рим бұл келісімге қатысу туралы тіпті ешқашан жоспарламаған. Елдің Қорғаныс министрлігі: «Италияның бұл бағытта бюджеті жоқ», – деп қысқа қайырған.
Чехия Премьер-министрі Петр Фиала бұл жобаға қатыспайтынын растап, оның орнына Украинаға көмектің басқа форматтарына, соның ішінде чехиялық оқ-дәрімен қамтамасыз ету бастамасына басымдық берілетінін айтты.
«Чехия АҚШ қаруын сатып алу бастамасына қатыспайды. Біз басқа жобалар арқылы Киевті қолдай береміз», – деді Фиала.
Германия мен одақтастары қолдайды
АҚШ бастамасын белсенді қолдап отырған елдердің бірі — Германия. Ел канцлері Фридрих Мерц Трамппен бірнеше рет келіссөз жүргізіп, Берлиннің Patriot зымыран кешендері мен басқа да жүйелерді Украинаға жеткізуге шешуші үлес қосатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бұл бастаманы Ұлыбритания, Нидерланды, Дания, Швеция, Норвегия және Канада қолдайтынын айтты.
АҚШ бастамасы неге керек?
14 шілде күні Дональд Трамп НАТО елдерімен бірге Украинаға американдық қару жеткізудің жаңа механизмін ұсынды. Жаңа келісім бойынша:
- АҚШ қару-жарақты жеткізеді,
- ал НАТО-дағы одақтас елдер оның ақысын төлейді.
Бұл механизм Украинаға жылдам әрі сапалы қару жеткізуді қамтамасыз етпек. 15 шілде күні Трамп Германия арқылы алғашқы Patriot жүйелерінің Киевке жеткізілгенін, ал Германия кейін бұл жүйелерді қайтадан өз қоймасынан толықтыратынын хабарлады.
Украинаға қолдау көрсету мәселесі Еуропа ішінде бірыңғай шешіммен емес, әр мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай жүзеге асуда. АҚШ пен НАТО-ның жаңа бастамасы бір елдерден қолдау тапса, екіншілері оны өз экономикасы мен стратегиясына сай келмейді деп есептейді.