Евгений Жовтис, құқық қорғаушы: Адам құқығының бірі – мемлекетке талап қою
Адам құқығы – адам мен үкімет арасындағы қатынас. Адам мен адам арасындағы емес, адам мен мемлекет арасындағы.
Мұның 3 жағы бар: біріншіден, мемлекеттің өзі, яғни үкімет адам құқығын бұлжытпай сақтауы керек. Екіншіден, мемлекет адам құқығын қорғауға міндетті. Бұл құқықтарды мемлекеттің өзі немесе лауазымды тұлғалар немесе үшінші біреулер бұзбауы керек. Үшіншіден, мемлекет тарапынан құқық қорғау шаралары жүргізілуі керек, яғни заңдар арқылы, биліктің әрекеті арқылы және тәжірибе арқылы оны жүзеге асыруға көмектесу маңызды. Ал Бишімбаев ісі мен Шерзаттың өлімі резонанс тудырды.
Бұл жерде мемлекет бұрын-сонды болмаған ерекшелік танытып, Бишімбаевтың сотын ашық өткізді. Ал азаматтар, өкілеттігі жоқ алқа билер ретінде әрекет етті. Олар адамның қылмыс жасағанын анық көрді. Әрқайсысы өзі қазы іспетті болды. Бұл жағдайда олар мемлекетке қорғаушы ретінде қарады. Өйткені Бишімбаевқа мемлекет тарапынан прокуратура атынан айып тағылды. Ал тергеуді полиция өкілеттігі ретінде мемлекет жүргізді. Бұл жағдайда біреудің құқығын бұзған кезде, олар мемлекет қалай әрекет ететінін және әділеттілікті орнататынын күтеді. Осы тұрғыда кәсіби заңгер ретінде менің сұрағым көп. Мен шешімнің әділдігі туралы емес, процедуралар туралы айтқым келеді. Бірақ қоғам бұған қызықпайды. Мән бермейді.
Бұл жағдай халықты мемлекет не істеп жатыр деген сұраққа жетелегені анық. Бізде мемлекеттің не істеп жатқанына, қалай қорғайтынына наразы топтың әділеттілік үшін қозғалысы болып жатады. Иә, қоғамның көзімен қарасақ, Бишімбаев лайықты жазасын алды, бірақ басқа жағдайларда мемлекет дәл осылай әрекет ете ме? Дер кезінде тексеріп, сот төрелігін қамтамасыз ете ме? Меніңше, бұған күмәнмен қарайтындар көп-ақ. Өйткені кез келген мәселеде әділдік қамтамасыз етілуі керек. Бұл тек ашық сот кезінде ғана емес. Қоғамға әсер еткен тағы бір нәрсе – адами ұстаным болды. Билікке келгендердің әулие емес екенін түсінеміз, бірақ бәрібір зорлық-зомбылыққа, ұрлыққа бейім емес деп сенеміз. Әйтпесе, бізге ондай шенеуніктердің керегі не? Бишімбаев ісінде адамның жантүршігерлік қатыгездік көрсеткенін көреміз. Сонда «бізді кімдер басқарып отыр?» деген сұрақ туады. Олар қалай тағайындалады? Бұрынғы министрдің өзі осылай әрекет етсе, біз қайда барамыз? Шерзат ісінде де осындай сауал туындайды.
Қоғамда Бишімбаев ісіндей мемлекет бейтарап, қатал әрекет етеді деген сенім жоқ. Бұл Талғардағы оқиғадан білінбей жатыр. Бұған тағы да қоғамның назары түсті. Айтайын дегенім, адам құқығының бірі – мемлекетке талап қою. Өйткені халық сайлаушы және салық төлеуші. Ал шенеуніктерге халықтың ақшасынан жалақы тағайындалады. Себебі мемлекеттің өз ақшасы жоқ. Олар оны салықтан алады. Әрине, сұрақ қою біздің міндетіміз. Халық үкіметті құрып, оған билікті берді. Және өз ақшасының қалай жұмсалатынын білгісі келеді.
Болған екі елеулі жағдай қоғам пікірін тікелей өзгерткен жоқ. Бірақ бұл мәселеге азаматтар көбірек қызығушылық танытып жатыр. Мемлекет оларға қарыз екенін және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ақшасын қалай басқаратынын жұрт көбірек түсіне бастады. Бірақ бұлай ойлау бөлек те, әрекет ету бөлек. Адам құқықтары қорғалуы үшін азаматтар осылай ойлауы керек. Және бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Құқық қорғау оңай шаруа емес.