Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:41

Фати, Ямаль және Сәтбаев

Фати, Ямаль және Сәтбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің бесінші турында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Данияның «Копенгаген» клубына есе жіберді. Копенгаген қаласындағы «Паркен» стадионында өткен матч 3:2 есебімен аяқталды.

Бұл алматылық клубтың Чемпиондар лигасы маусымындағы төртінші жеңілісі. Команда әлі бірде-бір ойында жеңіске жете алған жоқ. Бірақ Копенгагендегі кездесу қазақ футболы үшін аса маңызды матч болды. 2025 жылғы 26 қарашада 17 жастағы қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтбаев әлем футболының тарихына енді.

Кездесу «Қайрат» үшін аса сәтсіз өтіп жатқан. Ойынның 26-минутында Виктор Дадасон алаң иелерін алға шығарды. Екінші таймда «Копенгаген» басымдығын арттыра түсті, 59-минутта Джордан Ларссон пенальтиден гол соқса, 73-минутта Роберт есепті 3:0-ге жеткізді. Жанкүйер қауым алматылық команданың жігерсіз ойынына наразы болып отырғанда Сәтбаев қарсылас қақпашысының өрескел қателігін пайдаланып, бос қақпаға гол соқты. Бұл ойынның 81-минуты болатын. Осылайша, ол Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан алғашқы қазақстандық футболшы атанды.

Ал кездесу аяқталар тұста, 90-минутта тағы бір қазақстандық жас футболшы Олжас Байбек «Копенгаген» қақпасына екінші голды соқты. Бұған дейін қазақстандық клубтар («Астана» мен «Қайрат») Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде 10 матч өткізген. Бірақ отандық ойыншылар көзге түсе алмаған еді. «Копенгагенге» қарсы матчта осы олқылықтың орны толып, бір емес, екі футболшымыз гол соғып отыр.

Оның үстіне Дастан Сәтбаев УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан ең жас ойыншылар тізіміне енді. Жас жұлдыз рейтингте 3-орында тұр. Оның алдына атақты «Барселонаның» қос түлегі, әлем футболының үздіктері Ансу Фати мен Ламин Ямаль тұр.

Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас 10 ойыншы:

Ансу Фати (17 жас 40 күн) – «Барселона» – 10.12.2019 жыл,

Ламин Ямаль (17 жас 68 күн) – «Барселона» – 19.09.2024 жыл,

Дастан Сәтбаев (17 жас 106 күн) – «Қайрат» – 26.11.2025 жыл,

Виктор Дадасон (17 жас 113 күн) – «Копенгаген» – 21.10.2025 жыл,

Джордж Иленихена (17 жас 119 күн) – «Антверпен» – 13.12.2023 жыл,

Антонио Нуса (17 жас 149 күн) – «Брюгге» – 13.09.2022 жыл,

Питер Офори-Куайе (17 жас 194 күн) – «Олимпиакос» – 1.10.1997 жыл,

Матео Ковачич (17 жас 215 күн) – «Динамо» Загреб – 7.12.2011 жыл,

Сеск Фабрегас (17 жас 217 күн) – «Арсенал» – 7.12.2004 жыл,

Боян Кркич (17 жас 217 күн) – «Барселона» – 1.04.2008 жыл.

Айтпақшы, Дастанда осы рейтингте көш бастайтын мүмкіндік болған. Ол үшін 18 қыркүйек күні «Спортингке» (Португалия) қарсы матчта гол соғуы қажет еді. Сонда Сәтбаев Фати мен Ямальдан озып, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан ең жас ойыншы (17 жастан 36 күн) атанар еді. Ал 30 қыркүйектегі «Реал Мадридпен» ойында көзге түссе, Фатиден кейінгі екінші сатыға жайғасуға мүмкіндік болған (17 жас 48 күн).

Егер Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін қоса есептесек, Дастан Сәтбаев Фати мен Ямальдан жоғары тұр. «Қайрат» іріктеу кезеңінің алғашқы айналымында Словенияның «Олимпия» клубын жеңген (1:1, 2:0). 8 шілде күні Люблянада өткен алғашқы ойында «Қайраттың» жалғыз голын Дастан соқты. Ол кезде Дастанның жасы 16 жас 10 ай 26 күн болатын. Яғни, Сәтбаев жұлдызды бәсекелестерінен оқ бойы озық тұр. Дегенмен Фати мен Ямаль турнирдің іріктеу кезеңіне ешқашан қатыспағанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ Дастан Сәтбаев 15 қараша күні Қазақстан құрамасы сапында Бельгия қақпасын дәл көздеп, ұлттық құрама сапында гол соққан ең жас ойыншы атанды. Бұл атақ оған дейін Еркебұлан Сейдахметке тиесілі болған. Ол 2018 жылы 23 наурызда 18 жастан жаңа асқан шағында Венгрия қақпасын дәл көздеген болатын.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында әлі 5 матч өткізеді. Біздің командаға «Спортинг» (Португалия), «Реал Мадрид» (Испания), «Арсенал» (Англия), «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия) және «Пафос» (Кипр) клубтары қарсылас атанған. «Брюгге» мен «Олимпиакосқа» қарсы ойын – Астанада, «Арсеналға» қарсы матч сырт алаңда өтеді. Алматылық команда келесі матчын 9 желтоқсан күні Астанада «Олимпиакосқа» қарсы өткізеді.

Қуаныш Қаппас