Фидан Түркияның ядролық қарулану жарысына қосылуын жоққа шығармады
Егер Таяу Шығыс аймағындағы өзге мемлекеттерде ядролық қару пайда болса, Түркия да ядролық қарулану жарысына қосылуға мәжбүр болады. Бұл туралы Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан CNN Turk эфирінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені жалпы стратегиялық жағдай аясында қарастыру қажет.
«Ашығын айтқанда, біз өңірде қазіргі күштер теңгерімін бұзуы мүмкін күрт өзгерістерді көргіміз келмейді. Мысалы, Иранмен проблемалы қарым-қатынаста отырған елдер ядролық қаруға ие болуға ұмтыла бастайды. Мұндай жағдайда Түркия да еріксіз осы қарулану жарысына қосылуға мәжбүр болады», - деді Фидан.
Сонымен қатар ол ядролық қаруға ие болудың өзіндік қауіп-қатерлері бар екенін де атап өтті.
Түркия СІМ басшысының бұл мәлімдемесі Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайға байланысты өңірде сақталып отырған шиеленіс аясында айтылды. Сондай-ақ 2025 жылдың қыркүйегінде Пәкістан мен Сауд Арабиясы өзара көмек жөніндегі стратегиялық қорғаныс келісіміне қол қойғаны белгілі. Осы келісім аясында Сауд Арабиясына Пәкістанның ядролық әлеуетін пайдалану мүмкіндігі берілуі ықтимал деген болжамдар бар.
Қазіргі таңда Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан және Израиль ресми түрде ядролық қаруға ие мемлекеттер саналады. Сонымен қатар Солтүстік Корея сияқты Иран да өз ядролық бағдарламасына ие. Иран билігі бұл бағдарламаның бейбіт, ғылыми мақсатта жүзеге асырылып жатқанын айтып келеді. Алайда Батыс елдері 2000-жылдардың басынан бері Иранның ядролық қару жасау ниеті бар деп күдіктеніп отыр.
9 ақпанда Иранның вице-президенті, Ислам Республикасының атом энергиясы ұйымының басшысы Мұхаммад Ислами егер Вашингтон Тегеранға қарсы барлық санкцияларды алып тастайтын болса, Иран үкіметі 60 пайызға дейін байытылған уран қорының байыту деңгейін төмендетуге дайын екенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 5 ақпанда Ресей мен АҚШ арасындағы Стратегиялық шабуыл қарулары туралы шарттың мерзімі аяқталды. Бұл келісім Ресей мен АҚШ-тың ядролық арсеналдарын шектейтін соңғы келісім болып қалып отыр. Аталған екі ел әлемдегі барлық ядролық оқтұмсықтардың шамамен 85 пайызын иеленеді.