Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 17 Қараша 2022

Философиялық таным

None
None

17 қараша – Бүкіләлемдік философия күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) жағынан арнайы ресми түрде белгіленген Бүкіләлемдік философия күні қараша айының үшінші аптасының бейсенбі күні. Биыл бұл күн қарашаның 17-сіне тура келіп тұр.  Философия «ғылымдардың ғылымы» атанған кең дүниеге көзқарас, бір қырынан қоғамдық сананың формасы, енді бір қырынан алғанда өнер де болып саналады.

Кейінгі кездері әлемдік философиялық танымда «метафилософия» деген түсінік пайда болған. Ол бастапқыдақозғалып отырған мәселені – тарих, құқық, миф, техника философиясы тәрізді «философияның философиясы» деген де бағытқа жанасатынфилософия тарихындағы «Философияға рефлексиялауды», яғни философияның өз ішіне өзі үңілу туралы зерделеулердің бәрінің жалпылама атауы болып шығады. Осы тұста метафилософияның қарастыратын мәселелік алаңын былайша тиянақтап бере аламыз: көне замандардан бері үздіксіз жалғасын тауып келе жатырған  сауалдардың бірі – «Философия дегеніміз не?» деген сұрақ аясындағы талқылауларды талқылау; Философияның өзіндік табиғатына философиялық тұрғыдан үңілу; философияның сан түрлі анықтамалары мен түсіндірмелері және оған сыни көзқарас, продуктивті ой машығы аясындағы идеялардың туындауы; «Философтың философиясы» немесе «философиядағы философ», т.б.

Философияны оқыту әдістемесі (университеттік философия). Бұл әрине, негізінен педагогиканың әдістеме саласына жатқызылады. Дегенмен бұл ахуалмен педагогтар айналыса бермейді, философтар да бұл тақырыпқа сирек оралады. Бұл тұстағы маңызды мәселе – философияны оқыту әдістемесі мәселесінің базисіне философиялық тұрғыдан келу, қондырмасы педагогикадағы методика саласы бойынша талқылауды да қазіргі заманда маңызды ахуал ретінде де ұсынуымызға болады. Бірақ бұл тұста метафилософияны логиканың барлық түрлерімен шатастыруға болмайды. Бір қарағанда, қарапайым айтқанда, логиканың өзі «ойлауды ойлау» және ол адам ойлауының мүмкіндіктеріне орай, формальді, символдық, математикалық, диалектикалық және т.б. түрлерге ажыраған. Кейінгі уақыттарда стандартты емес ойлау, эвристикалық ойлау, сыни ойлау, инновациялық ойлау, шығармашылық ойлау, креативті ойлау іспеттілерді жинақтап, зерделеген отандық ғалымдарымыз «Продуктивті логика» (Өрісті логика) деген бағытты да арнайы сала ретінде ұсынып, өзіндік заңдылықтары мен формулаларын дәйектеген. Бірақ мұндай логикалар адамның ойлауы мен оның заңдылықтарын зерттесе, метафилософия сол ойлаудың туындыларын, яғни философиялық идеялардың жалпы жиынтығын ішінара немесе тұтас қарастырады, яғни сол философиялық ойлаудың өнімін зерттейді, ал логика ойлау машықтарының, стильдерінің, бағдарларының механикалық (психологиялық) схематикасын зерделейді.

Біз ұсынған метафилософиялық мәселелер алаңымыз бойынша,  философияның қоғамдағы, ғылыми танымдағы рөлі және оны оқытудың өзекті мәселелері туралы өз  пікірлерімізді жинақтап береміз. Қазіргі күні білім беру орындарында арнайы жеке пән ретінде оқытылып келе жатқан философияның пайда болуы тым көнеден тамыр тартады. «Ғылымдардың атасы атанған» философия, шындығында, қазіргі жаратылыстану, техникалық, гуманитарлық ғылымдардың тууына алғышарт болды, философиядан тарамдалып шыққан осы ғылым салалары бүгінімізде де әрі қарай өрістеп, өзінің ішінен жаңа бағыттарды тудырып келеді (соңғы уақыттардағы мәдениеттану, дінтану), яғни философия оларға бастапқыда, әу-баста дұрыс бағдар ұсынған!

Ол тек ғылымдардың атасы ғана емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзаттық руханияттық синкретизм заманында: ғылыми емес білімдердің (мистика, эзотерия, оккультизм, діни сенімдер, алхимия, астрология сияқты парағылымдар, халықтық медицина) және қазіргі академиялық ғылымдардың да түп атасы болған. Кезінде антик дәуірінде бастапқыда метафизика мен физиканы ажыратып қарастырғандығын, б.з.д. 4 ғасырларда философ Демокриттің атомдық мектебі дүниедегінің бәрінің атомдардан құралатындығын философиялық ойлау машығы арқылы ашқандығы (Физика), б.з.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген философ Аристархтың күн мен айға дейінгі қашықтықты есептеп шығарып, алғаш рет гелиоцентристік жүйені ұсынушы болғандығын және қазіргі тригонометрияның негізін салғандығын (астрономия), философтардың әкесі саналған Фалестің өзінің әйгілі теоремасын ашумен қатар, теңіздегі кеменің жағалаудан қанша қашықтықта екендігін, пирамиданың биіктігін көлеңкесі арқылы өлшеуді тапқанымен  қатар, б.з.д. 585 жылғы күн тұтылуын болжағандығын (астрофизика), б.з.д.370 – б.д.д. 285 жылдар өмір сүрген Ликей мектебінің өкілі философ Феофрастың  өсімдіктер тарихы жөнінде, өсімдіктердің себебі хақында зерттеулер жүргізіп, ғылым тарихында байқау әдісін ұсынып, 550 түрлі өсімдікті суреттеп, өсімдіктерді жылылық пен ылғалды қажет ететін тіршілік иелері деп санап, жануарлар түсінің өзгеруі қоршаған фондық ортаға бейімделуінен екендігін атап көрсеткендігін (зоология, ботаника) және бұл ойшылдардың бәрі осы философияны терең меңгере отырып, оны негізге алғандығын кейбір ғалымдар да ескере бермейді.

Сондай-ақ көне Мысырдағы философиялық пайымдаулармен туыстас синкреттік білімдерде медицинаның алғашқы негіздері салынғандығы, Тот Гермес Тристмегист ілімінде аурудың пайда болуының жеті себебі мен емдеудің жеті әдісі ұсынылып, онда шайтани зиянды рухтардың әсерінен болатын аурулар (қазіргі вирустар мен жағымсыз мінез-құлық) және қан құю (қан ауыстыру) тәсілін ұсынғандығы, ал орта ғасырдағы араб-мұсылмандық энциклопедист ғалымдар: әл-Фараби, Ибн Синалардың бастапқыда философиядан сусындағандығы да тарихи шындық. Сайып келгенде, қазіргі химияның атасы – алхимия екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Аристотельдің төл туындысы «Поэтика» еңбегіндегі ұсынылған идеялар  қазіргі әдебиет теориясының негізгі категориялары: әрекет, байланыс, шешім, түйін, метафора іспеттес ұғымдар мен түсініктер сол дәуірлерде-ақ тиянақталып тасталынған болатын. Ал әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабында» қазіргі музыка теориясы мен өнертану теориясының негізгі мазмұны сол кездің өзінде-ақ барынша тұтастай қамтылған.

Кейінгі ХVІІІ-ХХ ғасырларда жеке ғылым болып қалыптасқан дінтану, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану тәрізді қоғамдық ғылымдар, тіпті психологияның өзі де осы философиядан тарағандығы айтпаса да түсінікті. Педагогика ғылымының өзі этикадан бастау алғандығы да жасырын емес. Экономика теориясы К. Маркстің «Капитал» еңбегі арқылы жеке ғылым ретінде бөлінуіне алғышарт жасады.

Қазіргі таңда да медицинадағы терапиялар (Луиза Хэйдің барлық физиологиялық аурулардың адам мінез-құлқына байланысты екені туралы ұстанымдары), академик физиктердің бейсызықтық физикасы мен кванттық физикасы, әлемнің голограммалық бейнесі туралы тұжырымдар олардың қайтадан ерікті-еріксіз түрде философияға оралуына алып келіп отыр.

Ал бүгінгі қоғамдық санадағы философияның маңызы мен рөлі барынша төмендегендей болып көрінеді. Ол тек Қазақстанға қатысты емес, постмодернистер айтқандай, қазіргі адамзат қоғамында дәстүрлі құндылықтардың құлдырауымен қатар, философия да өзінің орнын айқындай алмай қалған. Кей сәттерде Р. Рорти сынды ойшылдар философияны ақиқатқа тікелей мүлтіксіз алып баратын жол деген түсініктен арылуды ұсынуы, әлемді тану теориясын жаңаша құруы да, шындығында «философияның философиялық  мәселесі». 

Біздіңше қоғамдық санадағы білім мәдениетін көтермелеу үшін, интеллектуал ұлт қалыптастыру саясатының нәтижелі болуы үшін, «зиялы қауым», «жоғары білімді» деген мәртебеге лайық болу үшін философияны меңгеру қажет және оның барлық ғылымдардың атасы екенін, сонымен қатар қоғамдық өмір мен ғылымдағы: әдіснамалық, тәрбиелік, дүниетанымдық, болжалдық қызметтерін қайтадан ескеруді сұранып тұрғандай. Сондықтан да біз қоғамымызда аса білікті мамандар дайындау үшін, философияның кең ауқымдылығын ескере отырып, ғылымның әрбір саласында білім алушылардың (ғылыми бөлімінде оқитын магистранттарға немесе докторанттарға) ой өрісін кеңейту мақсатында оларға сәйкестендірілген философияның бағыттарын оқытуды ұсынамыз. Физиктерге – физиканың философиялық мәселелері, математиктерге – математикалық логика,  экологтарға – ғаламдық мәселелер философиясы немесе экологиялық философия, экономистерге, ауыл шаруашылығы мамандарына – экономикалық философия мен бизнес философиясы, лингвистерге – тіл философиясы мен аналитикалық философия, құқықтанушыларға – құқық философиясы мен сыни ойлау, тарихшыларға – тарих философиясы, медиктерге  – медицина философиясы немесе денсаулық философиясы, өнертанушылардың барлығына – өнер философиясы немесе эстетика, техникалық мамандықтарға – техника философиясы, әдебиетшілерге – миф философиясы, анатомияға –  биологиялық философиялық антропология, биологтарға – эволюционизм теориясы мен витализмді, географтарға – натурфилософия мен географиялық детерминизм, журналистерге – ақпараттық қоғам философиясы мен риторика,  зоологтарға – зоолотария мен зоофилософия, химиктерге – химияның философиялық мәселелері, саясаттанушыларға – саяси философия, мәдениеттанушыларға –  мәдениет философиясы. Сонда ғана біз келешекте әлемдік ғылыми кеңістікке еркін өрлей аламыз!

Қазіргі кездегі ғылымдағы ашылып отырған іргелі, адамзаттың дүниетанымын тұтасымен өзгертетін жаңалықтардың көпшілігі осы философиялық әдіснамаға сүйенілгендігін де көп ешкім ескере бермейді: астофизикадағы К. Шварцильд, Д. Уйлер және т.б. ұсынған барлық планеталарды жұтып қоятын және ғарышта көшіп жүретін әлдеқандай бір аймақ – «Қара  құрдым» ашылғаннан кейін, аналогиялық түрде диалектикалық логика бойынша оған қарама-қарсы құбылыс И. Новиков, С. Хокинг «Ақ аңғар» да болуы тиіс екенін  гипотеза түрінде ұсынды және оны зерттеуге бет бұрып келеді. Өсімдіктердің күндіз көмір қышқыл газын сіңіріп, оттегін бөлуі, түнде керісінше, үдеріске ауысатындығы да қарама-қарсылықтың бірлігі бойынша, психоанализдегі – өлімге ұмтылу мен өмірге ұмтылу диалектикалық әдіснамаға сүйенілген; ХХ ғасырда физика ғылымында ашылған әйгілі жаңалық А. Эйнштейннің салыстырмалық теориясындағы уақыттың салыстырмалы екендігі, философиядағы ХVІІІ ғасырдағы Дж. Беркли мен Д. Юм айтып кеткен субъективті идеализмді ғылыми тұрғыдан қайталады және релятивистік тұрғығы сүйенілді; қазіргі әлемнің біртұтастықта, дүниедегі барлық ақпараттарды әлемнің кез келген нүктесі мен элементі «біліп, сезіп» отыратындығы турасындағы голограммалық картинасы, холизм идеясы, т.б.; б.з.б. 4 ғасырдағы байырғы гректердегі философиялық мектеп – стоиктердің әлемнің органикалық бірлігі теориясын қайталады, әл-Фараби кейіннен батыста қайта өрлеу дәуірінің философы Кузалық Николай адам – микрокосм идеясымен тоғысты; Ч. Дарвиннің эволюционизм теориясының кейбір қағидаттары Аристотельдің,  Н.  Гартманның «Болмыстың қабаттары туралы ілімнен» тамыр тартқан; қазіргі геноинженерия жетістіктері, мысалы, трансгендеризмдегі қос жынысты адам моделі, баяғы заманғы Платонның андрогинді адам мифологиясына тікелей қатысты идея; қазіргі медицинаның саласы вирусология іліміндегі заңдылықтарды философиялық тілмен алғаш ұсынған Ибн-Сина болатын. Оның үстіне, біздің болжамдарымыз бойынша әлемдік рухани-моральдік дағдарыстарға орай, келешекте этика мен мораль философиясы барлық мамандықтарға оқытылатын аса маңызды пәндердің бірі болып амалсыздан қолға алынуы ықтимал. Міне, философияның күнделікті қоғамдық өмірдегі сәт-сайын қайталанып отыратын мәні мен маңыздылығы кейде ескерусіз қалып жататындығын атап өтуімізге болады.

              Әсет ҚҰРАНБЕК,  

философия ғылымының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының меңгерушісі

Берік АТАШ

философия ғылымының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының доценті

Тегтер: