Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары анықталды

Джон Кларк, Джон М. Мартинис және  Мишель Х
Фото: Niklas Elmehed © Nobel Prize Outreach

2025 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығын АҚШ университеттерінің үш ғалымы – Джон Кларк, Мишель Деворе және Джон Мартинис иеленді.

Бұл туралы 7 қазан күні Стокгольмде Швеция Корольдік ғылым академиясы ресми түрде жариялады. Ғалымдар «электр тізбегіндегі макроскопиялық кванттық-механикалық туннельдеу мен энергияның квантталуын ашқаны үшін» марапатталды.

2024 жылы Нобель сыйлығының физика саласындағы жеңімпаздары ретінде АҚШ-тан Джон Хопфилд пен Канаданың Джеффри Хинтон аталған еді. Олар «жасанды нейрондық желілер арқылы машиналық оқытудың негізін қалаған іргелі жаңалықтары мен өнертабыстары үшін» марапатталды.

2023 жылы сыйлық Пьер Агостини (Огайо университеті, АҚШ), Ференц Краус (Макс Планк институты және Людвиг-Максимилиан университеті, Германия) және Анн Л’Улье (Лунд университеті, Швеция) сынды ғалымдарға берілген. Олар «заттағы электрондардың динамикасын зерттеуге арналған аттосекундтық жарық импульстарын генерациялау әдістерін әзірлегені үшін» марапатталған еді.

1901 жылдан бері Нобель сыйлығы физика саласында 118 рет табысталған. Биылғы жүлде көлемі — 11 миллион швед кроны (шамамен 900 мың еуро).

Нобель апталығы жалғасып жатыр

Нобель апталығының алғашқы күні, 6 қазанда, физиология және медицина саласы бойынша лауреаттар жарияланған болатын. Бұл сыйлықты АҚШ пен Жапонияның ғалымдары — Мэри Э. Брунков, Фредерик Рамсделл және Шимон Сакагучи иеленді. Олар «перифериялық иммундық төзімділік» туралы жаңалықтары үшін марапатталды.

Келесі марапаттар кестесі

  • 8 қазан – химия саласы бойынша лауреаттар жарияланады;

  • 9 қазан – әдебиет саласындағы Нобель иегерлері анықталады;

  • 10 қазан – Ослода бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы иегері белгілі болады;

  • 13 қазан – Швеция Банкі тағайындаған экономика саласындағы Альфред Нобель атындағы  сыйлық табысталады.

Нобель сыйлықтары өнертапқыш Альфред Нобельдің өсиетіне сәйкес 1901 жылдан бері беріліп келеді.

1969 жылдан бастап Швеция Банкі енгізген экономика саласындағы Нобель естелік сыйлығы да ресми тізімге қосылды, бірақ ол классикалық Нобель сыйлықтарының қатарына жатпайды.

Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы дәстүрлі түрде Норвегия астанасы Ослода, ал қалғандары Швеция астанасы Стокгольмде табысталады.