Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

Франция Палестинаны мемлекет ретінде мойындады

Франция
Фото: Pier Marco Tacca/Getty Images

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясы қарсаңында Франция Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады.

 Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияда мәлімдеді. Конференция Палестина мәселесін шешуге және «екі мемлекет» формуласына арналған болатын.

Макронның мәлімдемесі

Франция басшысы өз сөзінде 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылдарын айыптай отырып, уақыт оздырмай бейбіт келісімге келу қажеттігін атап өтті.

«Бейбітшілікті орнату уақыты келді. Біз бұл мүмкіндіктен айырылып қалу қаупі алдында тұрмыз. Біреулер бұл қадамды тым ерте дейді, енді біреулер – кеш. Бірақ бір шындық бар – біз енді күте алмаймыз. Газадағы соғысты ақтайтын ештеңе жоқ», – деді Макрон.

Президенттің айтуынша, араб мемлекетіне мемлекет құруға берілген уәде әлі күнге дейін орындалмаған.

Сөз соңында ол Францияның Шығыста бейбітшілік орнатуға тарихи міндеттемесіне сәйкес, Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын жариялады. Бұл мәлімдеме БҰҰ залында қол шапалақпен қарсы алынды.

Франция Палестинада елшілік ашып, халықаралық тұрақтандыру миссиясына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Еуропалық әріптестерімен бірге Палестина қауіпсіздік күштерін құруға және жабдықтауға қолдау көрсетпек.

Басқа елдердің шешімі

Франциямен бірге Люксембург, Мальта, Монако және Бельгия да Палестинаны мойындады. Екі күн бұрын Канада, Ұлыбритания, Португалия және Австралия да осындай шешім қабылдаған болатын.

Палестина жағының реакциясы

Палестина президенті Махмуд Аббас АҚШ визасы берілмегендіктен, жиынға келе алмай, бейнеүндеу жасады. Ол ХАМАС-тың билікте ешқандай рөл ойнамайтынын, барлық топтар қаруларын Палестина билігіне тапсыруы керегін айтты. Сондай-ақ бір жыл ішінде сайлау өткізуге уәде берді.

ЕО басшысы Урсула фон дер Ляйен Газаны қалпына келтіру үшін арнайы «донорлар тобын» құруға ниетті екенін жеткізді. Газаның инфрақұрылымына келген шығын 2024 жылдың қаңтарында 18,5 миллиард доллар деп бағаланған.

АҚШ пен Израильдің ұстанымы

АҚШ пен Израиль жиынды бойкоттады. Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Дэнни Данон премьер-министр Биньямин Нетаньяху елге оралған соң, Парижге қарсы екіжақты шараларды талқылайтынын айтты.

Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті Палестинаны мойындаған мемлекеттерге «қиындықтарға тап болады» деп ескерткен.

Жергілікті денсаулық сақтау органдарының дерегінше, Израиль армиясының шабуылдары салдарынан Ғазада 65 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Халықаралық ұйымдар бұл соғысты геноцидке теңеп, әлемдік қауымдастық Израильдің әскери операцияларын қатты сынға алды.

Тегтер: