Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:55

FT: Ресей бітімді бұзса, Батыс 72 сағат ішінде әскери жауап беруді көздейді

Украина
Фото: youtube

Украина, Еуропа және АҚШ Ресей болашақта жасалуы мүмкін бітім келісімін бұзған жағдайда қандай қадамдар жасалатынын көздейтін көпсатылы жоспар әзірледі.

 Бұл жоспарға дипломатиялық қысыммен қатар, әскери жауап та кіреді. Бұл туралы 3 ақпан күні Financial Times басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Басылымның жазуынша, Киев пен оның еуропалық және америкалық серіктестері Ресейдің Украинамен соғыста атысты тоқтату туралы келісімді сақтауын қамтамасыз ету үшін нақты механизмдерге келіскен. Егер Мәскеу болашақта бітімді қайтадан бұзса, бұл Еуропа мен АҚШ тарапынан бірлескен әскери жауапқа әкелуі мүмкін.

Financial Times мәліметінше, бұл жоспар 2025 жылғы желтоқсанда Парижде және 2026 жылғы қаңтарда Киевте өткен украин, еуропалық және америкалық шенеуніктердің кездесулерінде пысықталған. Сондай-ақ, бұл тақырып 2025 жылдың желтоқсанында Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Доналд Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясындағы кездесуінде де талқыланған.

Жоспарға сәйкес, егер Ресей атысты тоқтату режимін бұзса, алғашқы 24 сағат ішінде дипломатиялық ескерту жасалады және «шабуылды тоқтату үшін Украина армиясына қажет кез келген әрекеттерге» рұқсат беріледі.

Егер соғыс қимылдары тоқтамаса, екінші кезең іске қосылады. Бұл кезеңде «еріктілер коалициясы» деп аталатын елдер тобының араласуы көзделген. Коалиция құрамына Еуроодақтың бірқатар мемлекеттерімен қатар Ұлыбритания, Норвегия, Исландия және Түркия кіруі мүмкін.

Ал егер бітімнің бұзылуы ауқымды шабуылға ұласса, алғашқы заңбұзушылықтан кейін 72 сағат ішінде Батыс елдері, соның ішінде АҚШ армиясы әскери жауап берілуі ықтимал.

Сонымен бірге Financial Times жоспардың бірқатар егжей-тегжейі әлі нақты айқындалмағанын атап өтеді. Әсіресе қауіпсіздік кепілдіктерінің шекарасы мен мерзімі толық белгіленбеген. Бұл кепілдіктер ұзақмерзімді бейбітшілікке байланыстырылады.

Бұған дейін Доналд Трамп Владимир Зеленскийге Украина үшін НАТО шартының 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынғаны айтылған. Бұл Ресей тарапынан жаңа агрессия болған жағдайда одақтастардың ұжымдық жауап беруін көздейді. Зеленскийдің айтуынша, Трамп бұл кепілдіктерді 15 жылға ұсынған, ал Украина 50 жылға жуық мерзімді қалайды.

Зеленский өткен аптада АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері туралы келісім Украина армиясының санын 800 мың адамға дейін арттыруды, Батыс қару-жарағымен қамтамасыз етуді және украин әскери қызметшілерін даярлауды қамтитынын мәлімдеген. Financial Times дерегінше, Зеленский бұл келісімді Вашингтонмен 2026 жылғы 24 ақпанға дейін, яғни Ресейдің Украинаға кең ауқымды басқыншылығы басталғанына төрт жыл толатын күнге дейін қол қоюды көздеп отыр.

Басылымның пікірінше, мұндай келісім Киевке Мәскеумен келіссөздерде қосымша тетік беріп, Трамп әкімшілігінің ұзақмерзімді қолдауын қамтамасыз етуі мүмкін.

Сонымен қатар, Financial Times бұған дейін Трамп әкімшілігі Украинаға АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері Киевтің Донбассқа қатысты ымыраға баруын қамтуы мүмкін бейбіт келісімге келісуіне байланысты болуы ықтимал екенін меңзегенін жазған.

Қаңтардың соңында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ пен Еуропа Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері мәселесінде ортақ ұстанымға келгенін айтқан. Оның сөзінше, әлі шешілмеген басты мәселе – елдің шығысындағы аумақтарға қатысты сұрақ.