Футбол енді бюджет есебінен қаржыландырылмайды

Қазақстан футбол клубтарын жекешелендіру басталды ма?
Қазақстан үкіметі футбол клубтарын жеке инвесторларға өткізу процесін жеделдетіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтың мәлімдеуінше, Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен (ҚФФ) және өңір әкімдіктерімен бірге сатып алушылармен келіссөз жүргізіп, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жаңартып жатыр.
Кімдер қызығушылық танытып отыр
Қазақстандық футбол клубтарына ірі компаниялар мен қаржы топтары назар аударып отыр:
-
ЦАТЭК (Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы) — «Қызыл-Жар» футбол клубын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр;
-
Freedom Finance — Қарағандының «Шахтер» клубына арнап жаңа стадион мен академия салуды жоспарлап отыр;
-
Kaspi Group — Астананың «Жеңіс» клубын сатып алып, елордадағы футбол инфрақұрылымына инвестиция салуға ниетті;
-
TAU GROUP LTD (Қызылорда) — «Қайсар» клубына қызығушылық білдірген.
Сонымен қатар, министрлік «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтары бойынша да жеке инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.
Мемлекеттік қаржы және тексерулер
2025 жылы Қазақстанда футбол саласын дамытуға 34,9 млрд теңге бөлінген:
-
31,8 млрд теңге — Премьер-лига және Бірінші лига клубтарын ұстауға;
-
3,1 млрд теңге — балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболға.
Алайда, 2021-2025 жылдар аралығында жүргізілген 12-ден астам аудит нәтижесінде 100-ден аса заңбұзушылық анықталған.