Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:56

Ғ. Мүсірепов театрында жас режиссерлердің театр фестивалі өтеді

кинотеатр және балалар
Фото: из открытых источников

 Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 18-23 қыркүйек аралығында ІІ Республикалық жас режиссерлердің театр фестивалі өтеді. 

    Салтанатты ашылу рәсімі 18 қыркүйек күні сағат 16:30-да болады. Сол күні кешкі 18:30-да фестиваль шымылдығы «Ұлпан» (авт.: Ғ. Мүсірепов, реж.: Г. Балпеисова) спектаклімен ашылады.

 Фестивальдің басты мақсаты – 35 жасқа дейінгі талантты режиссерлердің шығармашылық ізденістерін қолдау, заманауи режиссурадағы тың идеялар мен батыл шешімдерді таныту, олардың кәсіби дамуына жол ашу. Бұл өнер мерекесі Қазақстанның әр өңірінен жиналған жас сахна шеберлерінің тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыс орнатуына және жаңа көркемдік ізденістерін көпшілікке ұсынуына мүмкіндік береді.

80 жылдық тарихы бар тұғырлы театр ағымдағы жылы аталмыш фестивальді екінші рет ұйымдастырып отыр. Алғаш рет 2023 жылы қараша айында өткен болатын. Осы жылы фестивальге қатысуға республика театрларынан көптеген өтінімдер түсіп, эксперттік комиссия құрамының сараптауы нәтижесінде 7 жас режиссер үздік деп танылды. Олар: Ұлан Қабыл, Ұлан Болатбек, Абай Дәулетұлы, Әли Бидахмет, Екатерина Пен, Лаура Мақан, Заңғар Ахмет-Қазы.

Фестивальге 200-ге тарта қатысушы мен театр саласының қайраткер тұлғалары арнайы қонақ ретінде келмек. Үздік деп танылған Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының «Шеңбер» (реж.: Ұ. Қабыл), Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының «Жынды көбелек» (реж.: Е. Пен), Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Мөлдір махаббат» (реж.: Ұ. Болатбек), Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының «Ит» (реж.: А. Дәулетұлы), Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» (реж.: Ә. Бидахмет), Арткөше театрының «404» (реж.: Л. Мақан), Республикалық неміс драма театрының «Макбет» (реж.: З. Ахмет-Қазы) спектакльдері фестиваль барысында сахналанатын болады.

Фестивальден тыс Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарындағы «Гамлет. Соңғы күндер...» (реж.: Д. Жұмабаева), «Ұлпан» (реж.: Г. Балпеисова), «Апалы-сіңлілі үшеу» (реж.: Ф. Молдағали) сынды озық спектакльдері көпшілік назарына ұсынылады.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі 23 қыркүйек күні сағат 16:00-де өтеді.

ІІ Республикалық жас режиссерлердің театр фестивалі – қазақ театр өнеріне жаңа есімдер мен тың серпін сыйлайтын айтулы іс-шара болмақ. Баршаңызды фестивальде күтеміз! Билеттер тикетон сайтында.

     Театрдың баспасөз бөлімі

«Ит» спектаклі (авт.: Н. Думбадзе, реж.: А. Дәулетұлы)

«Танакөз» спектаклі (авт.: М. Шаханов, реж.: Ә. Бидахмет)

«Шеңбер» спектаклі (авт.: Б. Брехт, реж.: Ұ. Қабыл)

«Мотылек» спектаклі (авт.: Ж. Солтиева, реж.: Е. Пен)

«Мөлдір махаббат» спектаклі (авт.: С. Мұқанов, реж.: Ұ. Болатбек)

«404» спектаклі (авт.: Д. Зиядин, реж.: Л. Мақан)

«Макбет» (авт.: У. Шекспир, реж.: З. Ахмет-Қазы) 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер: