Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 22 Шілде 2023

Ғаламдық жылыну мен жаһандық құрғақшылық және Қазақстан

None
None

Ғылыми болжамдар бойынша, адамзат қоғамының бүгінгі даму үрдісі сақталса, жаһандық күйзеліс 21-ші ғасырдың екінші жартысында орын алуы мүмкін.

Хабаршылары – жаһандық жылыну, тұщы су тапшылығы, лас ауа, тағам өнімдері, соңғы жылдары әлемдегі жиілеген табиғи апат түрлері – тайфун, циклон, орман өрті, су тасқыны. Салдары – обыр, жүрек тамыр ауруларының жасаруы, көбеюі, бұрын болмаған вирустардың пайда болуы, жануарлардың жаппай  қырылуы.

Ғалымдар жаһандық жылынудың себептерін, көмір, мұнай, газ қалдықтары – көмірсутекті газдың ауаға тарап, күн сәулесі қыздырған жер бетінің қызуын ғарышқа жібермеуімен түсіндіреді.

РМК «Казгидрометтің» мәліметтерінше, соңғы 100 жылда жеріміздегі ауа қызуы 1,37 градусқа көтерілсе, алдағы 2050 жылға қарай тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Әлемдік ауа райын бақылау, зерттеу орталықтарының ақпараты бойынша, жер шарындағы ауа қызуы соңғы 50 жылда 2 градусқа өскен.

Қазақстанда Каспий теңізінен басқа үлкен су қоймалары  жоқ,  сондықтан құрлықтағы ауа қызуының өсу үрдісі, мұхит жағалауына жақын орналасқан жерлерге қарағанда жоғары болуы мүмкін.

Есептеулерге сенсек, жаһандық жылыну – жаһандық құрғақшылық әсерінен өзен, көлдердегі тұщы судың 20% буға айналып, жоғалады. Жер шарындағы судың тек 1% ғана  ауыз су ретінде пайдалануға жарайтынын ескерсек, алдағы уақытта тұщы су үлкен геосаяси тартыс алаңына айналады. Табиғи қорларды пайдалануды зерттеумен айналысатын халықаралық орталықтардың мәліметтерінше, қазіргі кезде әлемдегі 5,5 млрд адам су тапшылығының зардабын тартуда. Саясаткерлердің пікірінше, бітімсіз Израиль-Араб жанжалының, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстардың, Африка халықтарының босқынға айналуының түпкі себебі – тұщы су дағдарысы.

Дағдарысты күшейтіп, күрделендіретін жағдай жаһандық жылынудың ықпалымен жер шарындағы негізгі тұщы су қорлары Антрактида, Гренландия,  Гималаи, Памир тауларындағы миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан мұз қабаттарының еру мерзімі ұзарып, жылдамдығы жоғарылауда. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығысындағы тауларда мұздың көлемінің бірыңғай азайып бара жатқаны, ол аймақтағы өзен-көлдердің сулары азайып, тартыла бастағаны белгілі.

Ауа райындағы өзгерістер, жер шарының 71% құрайтын мұхиттарға байланысты, зерттеулер бойынша ондағы судың 2000 метр тереңдікке дейінгі қызуы көтеріліп келеді. Судың қызуынан көтерілген бу атмосфераға жиналады, жер бетіне дауылдар әкелетін қуат пайда болады.

Жаһандық жылынудың салдарынан, болашақта тұщы су  мемлекетаралық бөліске түспейді. Әрбір ел, бұл мәселені ішкі мүмкіншіліктеріне сүйеніп шешуге тырысады. Ежелгі қағида, бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол болады.

Тұщы су тапшылығы жуықтағы жылдары Орталық Азияда шешілуі қиын түйінге айналады. Себебі ондағы ауданы 50 миллион гектар болатын, құнарлы топырағы бар жерлер судың жетіспеушілігінен пайдаланудан тысқары қалып отыр. Бұл өз кезегінде жаппай жұмыссыздықтың басты себебіне айналады. Сарапшылардың есептеуінше, бұл аймақта өмір сүру үшін, әрбір адамға тиесілі суармалы жердің ауданы 0,3 гектардан кем болмауы керек. Қазіргі уақытта, ресми мәліметтер бойынша, егер шын болса, бұл сан – 0,13 гектар.

Орталық Азиядағы су тапшылығын барынша күрделендіретін соңғы жаңалық, бұған дейін Әмудария өзенінен 2 млрд текше метр су алып келген Ауғанстан, ендігі жерде алынатын судың көлемін бес есе ұлғайтып, 10 млрд текше метрге жеткізбек. Ел билігіндегі тәліптер осы күні Әмудария суын мемлекет иелігіне алуға белсене кірісіп кетті. Ондай жағдайда, Өзбекстан мен Түрікменстан Әмудария суынан ажырайды, өзі де аз қалған Арал теңізінің өмірі ұзаққа бармайды.

Халық санының өсімі жоғары Өзбекстанда суармалы жердің ауданы 4 млн гектар, тағы 9 млн гектар құнарлы топырағы бар жерлер су болмағандықтан игерілмей жатыр. Ала шапанды ағайындарды жаппай жұмыссыздықтан құтқаратын бірден-бір жол – осы жерлерді суландыру. Өңірлік мәселенің шешімі – тәжік жерінен азайып жеткен Сырдария өзенін құбырлар жүйесімен қуаңшылық зардабын тартып отырған солтүстік аймақтарын бойлай Арал теңізіне өзбектер жағынан құятын Әмударияның босап қалған арнасына жіберу. Заманауи  техника, технология даму кезеңінде, бағасы арзан құбырларды, су айдағыштарды пайдаланып, бұл жобаны іске асыруға көп уақыт, мол қаржының қажеті жоқ.

Өзбекстанның Сырдария ағысының жоғары жағында орналасқаны ескерілмей, 2005 жылы Көкарал бөгетімен Арал теңізін екіге бөліп тастағанымыз үшін, өзбектердің бізге алғыстан басқа айтары жоқ. Сырдария өзенінсіз, онымен табиғи байланыстағы жерасты су қоймалары көп ұзамай сарқылады, халық тығыз қоныстанған Түркістан, Қызылорда облыстарының сусыз тіршілігін көзге елестетудің өзі қорқынышты.

Бұл ретте соңғы уақыттарда қайта көтеріле бастаған Сібір өзендерін  Қазақстанға бұру арқылы біраз мәселені шешуге болар еді. Тіпті алдағы уақытта  бұл  еліміз  үшін басты мәселеге айналуы мүмкін. Бірақ әзірге бұл  тақырып ауыз-екі айтылғанымен,  мемлекетаралық  келісімдерсіз  шешілмесі  белгілі.

Өзендерге байланысты тағы бір үлкен мәселе Қытай жақтан келуі мүмкін. Қытай бізбен шекаралас. Синьцзян-Ұйғыр ауданына ішкі қытайдан 100 миллион адамды көшіру жұмыстарын жүргізуде. Осыншама халықтың өмір сүруіне, тұрмыс-тіршілігіне орасан көп мөлшерде тұщы су қажет болады. Осындай жағдайды алдын ала ойластырған, аспанасты елі Іле өзенінің аңғарын бойлай 130 гидроқұрылыс, 13 су қоймасын салып жатыр. Ары қарай Балқаш көліне баратын судың 80 пайызын құрайтын Іле өзенінің тартылуынан, көлдегі судың ауданы бірнеше есе азаяды, судағы тұздың мөлшері күрт көбейіп, оны мекендейтін біраз жәндіктердің өмір сүруі шектеледі.

Егер бүгінгі күнге дейін Қытай Ертіс өзенінен үш текше шақырым су алып келсе, ендігі жерде ондағы салынған каналдар арқылы 6,3 текше шақырым су алуды көздеп отыр. Бұл санды 2030 жылы 8 текше шақырымға, 2040 жылы 10, ал 2050 жылы 11,5 текше шақырым жеткізу көзделіп отыр. Нәтижесінде, таяу болашақта Ертіс өзені Іленің тағдырын қайталауы мүмкін. Сонымен Шығыс Қазақстанда су тапшылығы күрделі мәселеге айналады.

Ресей мамандарының болжамдарынша, Іле мен Ертіс өзендерінің суының азаюынан 2,5-3,0 миллион адам зардап шегеді. Ал Қырғызстан ғалымдары Шу, Талас өзендеріндегі судың азаюын, жаһандық жылыну салдарынан судың негізгі көзі таудағы мұздықтардың көлемі соңғы жылдары бірнеше есе азайып кеткенімен түсіндіреді. Сонымен бірге Бішкек Қазақстанға жіберетін судың бағасын барынша көтеруге аса ынталы. Қытай компанияларының «көмегімен» жеріндегі басқа қазба-байлықтардың қоры сарқылуға айналған, егістікке жарамды жерлері аз қырғыздар үшін су саудасы негізгі табыс көзі болады.

Жер бетіндегі өзен-көлдер жерасты суларымен табиғи байланыста, бір-бірінсіз болмайды. Осы орайда жер қойнауындағы су жүйелерінің сақталуына ерекше мән беретін уақыт әлдеқашан жеткен. Атырау мен Шығыс Қазақстан аралығындағы жүздеген жерасты су ұңғыларын бейнекөрініс аппараттары арқылы зерттеу нәтижелері көрсеткеніндей, тау-кен жұмыстары жүргізілген кен орындарына жақын орналасқан аудандарды мемлекеттік қорға енген жоғары су қабаттары жоғалып кеткен, тереңдегілері жұқарған. Дәлірек айтқанда, су қорлары ресми құжаттарда бар, нақтысында жоқ.

Оңтүстік Қазақстандағы уран өндірісінің салдарынан, жерасты су жүйелері күкірт қышқылымен ластанған, зардабын келешек ұрпақ тартады. Геология бойынша, уран кені су қабаттарына орналасқан. Уранды ерітіп алу үшін су қабаттарына үлкен қысыммен жіберілетін күкірт қышқылы, жер қойнауындағы жарықшақтар, кеңістіктер және каналдар арқылы жүздеген, мыңдаған шақырымға тарайды. Сонымен келешекте Оңтүстік Қазақстанда жерасты суларының жойылып кету қатері бар.

Көршілес Өзбекстан уранды күкірт қышқылын пайдаланып өндіру технологиясынан өткен ғасырдың 80-ші жылдары бас тартқан. Уран өндірісінде көршіміз өздері ойлап тапқан, жер қойнауына, қоршаған ортаға зиянсыз тың тәсілді қолданады. Ендігі жерде өзбектердің уайымы – қазақ жерінің қойнауына жіберіліп жатқан күкірт қышқылы оларға да жетеді-ау деген қауіп.

Уран кен қоры жағынан әлемде бірінші орында тұрған Австралияда уранды өндіруге күкірт қышқылын пайдалануды ұсынып көрсеңіз, сізді еркіңізден тыс түрде есіңіздің дұрыстығын тексеруге жібереді. Жеріміздегі уран өндірісінде негізінен шетелдік компаниялар қызмет атқаратынын ескерсек, олардың қазақ жерінің тағдырын ойлап бас қатырмайтыны белгілі. Жер қойнауын пайдалану жұмыстарына, жобада, келісімшарттарда көрсетілген қауіпсіздік шараларының орындалуына, кешенді, кәсіби тексерістер жүргізілсе, талай былықтың беті ашылар еді. Байқауымызша, көзге көріне бермейтін жер қойнауындағы жемқорлық, жер бетіндегі жемқорлықтан әлдеқайда көлемді, қатерлі.

Болашақ әлемде тұщы су үшін талас (шайқас) жер бетінде ғана емес, жер қойнауында және ауа кеңістігінде жалғасады. Құрғақшылықты, жаңбыр бұлттарын, қар әкелетін суық ағыстарды тежеу, бағытын өзгертуін ұйымдастыру қиын шаруа емес. Жер шарының солтүстік бөлігінен бастау алатын, судың бірден-бір көзі ылғалды ауа қабаттары, жерімізге Ресей арқылы келеді, бізден Қытайға өтеді. Демек, бұл да қысым жасаудың құралына айналып кетуі ғажап емес.

Басты үміт – табиғи тума технологияға негізделген, отандық ғылымға берілетін тапсырыстың қоғам сезінетіндей нақты нәтижелері – жоғалуға айналған өзендер мен көлдердегі су деңгейін тұрақты қалпына келтіру, жерасты су қорларын толтыру, тазалығын және табиғи қасиеттерін сақтау, сырттан келетін өзендерге деген тәуелділіктен арылу.

Бұл бағыт бойынша нәтижелерге қол жеткізу үшін жедел іске асырылуы тиіс бағдарлама:

  • Ресеймен шекаралас аймақтарды, ылғалды ауа әкелетін жел өзендерінің жолын ашу;
  • жер шарының айналу бағыты, бедері, жердің тарту күші, магнит алаңдары, жауын-шашын шөгіндісінің қозғалыс бағыттары есепке алынып, ауадағы ылғалды тежейтін және реттейтін жүйе жасау;
  • жерасты өтпелі су кен орындарында бағытталған ағыстар арнасын жасап, судың басым бөлігін иелену;
  • Тянь-Шань тауындағы, шекараға жақын орналасқан биіктердегі  қайтарымды су қабаттарын ашу, ішкі өзендерімізге бағыттау;
  • ірі су кен орындары бар аудандарда жер қойнауында жүргізілетін жұмыстарға тыйым салу;
  • елдімекендерді орналастыру, жол салу, құбыр тарту жұмыстарын су кен орындарынан аулақ жүргізу;
  • атмосфералық жауын-шашын шөгінділерінің жерасты су кен орындарына баратын түтікшелеріне сүзгіштер орнату;
  • егістіктерді ылғалдандыруға жаппай жерасты суларын пайдалану;
  • экономикада суды аз тұтынатын бұйымдар, өнімдер шығаратын өндіріске үстемдік беру;
  • тұщы суды көп мөлшерде тұтынатын қуат саласына түбегейлі өзгерістер енгізіп, электр тогын өндіруге, жылу алуға, жерімізде мол қоры бар ыстық су көздерін тұйықталған жүйе арқылы пайдалану; 
  • өзендердің бағытын өзгертуге, бөгет, гидроэлектрстансалар салуға заңмен тыйым салу.

Жалпы, жасанды бөгеттер жасау ең үлкен проблема. Себебі бөгетте судың буға айналып жоғалуы күшейеді, жер бетіне жақын орналасқан лас судың деңгейі көтеріледі, цианабактериялы көкшіл-жасыл түсті балдырлар пайда болады, олар органикалық заттардың 300-дей түрін бөліп шығарады, біразы улы. Қуарған балдырлар шөгіндісі суда фосфор мен азоттың мөлшерін көбейтеді, өсулеріне ыңғайлы ортаны қалыптастырып, жәндіктер мен өсімдіктерді жойып жібереді.

Жаһандық жылыну, тұщы су көздерінің азаюы, жер қойнауындағы  өзгерістермен тікелей байланысты. Жеріміздегі жалпы саны шамамен жүздеген мыңға жететін әрбір ұңғыдан қоршаған ортаға қызу, радиация көтерілмеуі қатаң бақылауға алынуы керек. Болашақты ойласақ, санамызда жер қойнауын пайдаланудан, жер қойнауын сақтау ұғымына бетбұрыс жасайтын уақыт жетті. Жер қойнауын жарылғыш заттармен қопарып, жерасты су жүйелерін құрдымға жіберетін, бос кеңістік пайда болатын, қазба-байлықтарды шахта, карьер арқылы өндірудің уақыты өткен.

Ертеректе жоғары билік деңгейінде қабылданған, берері жоқ, өмірден алшақ, жауыр болған таяз шешімдермен, орашолақ қимылдармен елімізде су мәселесі шешілетін болса, Қазақстан бүгінгідей қатерлі дағдарыстың табалдырығына жақындамас еді. Сондықтан уақыт оздырмай, аталған іс-шара тізбесін жүзеге асыруға мемлекет бар мүмкіндікті жұмылдыруы қажет.

Тоқтамыс Мендебаев, техника  ғылымының докторы, профессо

Тегтер: