20:05, 25 Қыркүйек 2018
Галбадрах пен Серікжанов олжалы
Бакуде (Әзірбайжан) осы күндері дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні Шымкент қаласының өкілі Отгонцецег Галбадрах (48 келі) қоладан олжа салды.
ІІ айналым. О.Галбадрах – Габриела Чибана (Бразилия) – иппонІІІ айналым. О.Галбадрах – Лаура Мартинес (Испания) – иппонШирек финал. О.Галбадрах – Д.Билодед (Украина) – украиналық балуан иппонмен жеңді.Жұбаныш белдесуі. О.Галбадрах – Маруся Штангар (Словения) – иппонҚола жүлде үшін. О.Галбадрах – Мунхбат Уранцецег (Моңғолия) – иппонГалбадрах осымен екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып отыр. Өткен жылы Венгрия астанасы Будапештте өткен әлемдік додада отандасымыз жартылай финалда болашақ чемпион Фуна Тонакиден (Жапония) жеңілген еді. Ал биыл өзін аяқтан шалған Д.Билодидті Отгонцецег былтыр үшінші айналымда таза жеңген болатын. Биыл Билодид Тонакиді финалда ұтып, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.Баку бәйгесінде ерлер арасынан бірінші болып татамиге шыққан Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) үшінші айналымға жетіп, бразилиялық балуаннан айла асыра алмады. Ол алғашқы екі қарсыласы Ахмет Сахин Қаба (Түркия) мен иппон Ян Сиккардиді (Монако) таза ұтқан еді.Өткен жылы бұл салмақта жарысқа Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев қосылып, екеуі де жұбаныш белдесулерінде жеңілді. Жарыстың екінші күні 66 келі салмақ дәрежесінде үржарлық балуан Ерлан Серікжанов күмістен олжа салды. Қуаныштысы, Серікжанов жарысқа алғашқы айналымнан бастап қатысып, финалға дейінгі қарсыластарының бәрін иппонмен жеңді:І айналым. Е.Серікжанов – Артур Карлос (Мозамбик) – иппонІІ айналым. Е.Серікжанов – Барух Шмаилов (Израиль) – иппонІІІ айналым. Е.Серікжанов – Вадим Бунеску (Молдова) – иппонШирек финал. Е.Серікжанов – Херлен Ганболд (Моңғолия) – иппонЖартылай финал. Е.Серікжанов – Тал Фликер (Израиль) – иппонФинал. Е.Серікжанов – Хифуми Абе (Жапония) – жапон балуаны таза жеңді.Бұл – Ерланның тұңғыш қатысқан әлемдік додасы. Ол 2017 жылы Қазақстан чемпионы атанды, 2018 жылдың қаңтарында Тунисте өткен әлемдік гран-придің қола жүлдесін жеңіп алды. Былтыр Будапештте (Венгрия) өткен әлем чемпионатында бұл салмақта Елдос Жұмақанов сынға түсіп, үшінші айналымда кореялық Ким Лин-хваннан жеңілген еді. Ал Х.Абе өткен жылғы чемпион атағын биыл да қорғап қалды. Әйелдер арасында 52 келі салмақта өткен сынға отандастарымыздың ешқайсысы қатысқан жоқ. Ал Жансай Смағұлов (73 келі) әлем чемпионатын жетінші орынмен аяқтады. Ол алғашқы қарсыласы Нилс Штампты (Швейцария), одан кейін Никола Гардашевичті(Черногория) уақытынан бұрын жеңді. Ширек финал жолдамасы үшін косовалық Акил Гжаковамен белдесуде де Жансай шапшаңдық танытып, тез тұқыртты. Ал ширек финалда әлем чемпионы Соиши Хашимото (Жапония) отандасымыздан басым түсті. Жұбаныш белдесуінде Смағұлов моңғол балуаны Гандбаатар Одбаярға вазари ұпайымен есе жіберді. Өткен жылы да Хашимото Смағұловтың жолын төртінші айналымда кескен еді.Осы салмақта Бекәділ Шаймерденов бірінші кездесуінде-ақ француз Бенжамен Аксустан тұншықтыру әдісімен жеңілді. Ал әйелдер арасында 57 келі салмақта күрескен Севара Нышанбаева бірден болгариялық Илиева Ивелинадан жеңіліп, әлем чемпионатын сәтсіз аяқтады. Ақниет Тұрдан (63 келі) алғашқы кездесуінде ресейлік Екатерина Волковаға есе жіберсе, Әзиз Қалқаманұлы (81 келі) оңтүстіккореялық Ли Сиенгсудан айла асыра алмады. Осы салмақта сынға түскен Дидар Хамза бірінші кездесуінде камерундық Нгоуозеу Моионы иппонмен ұтса, екінші белдесуі «алтын ұпайға» дейін созылды. Бірақ олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Хасан Халмурзаев (Ресей) Дидардан алтын ұпайды жырып әкетті.Енді татамиге Ислам Бозбаев (90 келі), Виктор Демьяненко (100 келі) және Ерасыл Қажыбаев (+100) шығады. Әйелдер арасында Аэлита Щербакова мен Ажар Салықова (70 келі), Зарина Раифова (78 келі) және Кәмилә Берлікеш пен Гүлжан Исанова (+78 келі) жүлдеге таласады.Есалы ӨСТЕМІРКоллаж: zhasalash.kz