Ғалымдар пластикалық бөтелкедегі судың денсаулыққа қауіпті екенін анықтады

Пластикалық нанобөлшектер жасушалар мен қанға еніп, ішкі мүшелерді зақымдауы мүмкін. Бұрын ғалымдар бөтелкедегі судағы олардың мөлшері жүз есе аз деп есептеген болатын. Бірақ, зерттей келе бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтады.
Бір литр бөтелкедегі суда шамамен ширек миллион көзге көрінбейтін ұсақ пластик бөліктері бар. Оларды алғаш рет Колумбия және Ратгерс университеттерінің зерттеушілері қос лазерлі микроскоптың көмегімен тауып, жіктеді.
Ғалымдар пластмассаның көп бөлігі бөтелкенің өзінен және судан басқа ластаушы заттарды кетіру үшін қолданылатын кері осмос мембраналық сүзгіден келеді деп санайды. Мұндай пластиктің адам ағзасына тигізетін зияны туралы мәселе әлі де қосымша зерттеуді қажет етеді, бірақ экспериментке қатысқан төрт ғалым да зерттеуден кейін бөтелкедегі суды тұтынуды азайтқанын айтты.