Ғарыш мінезді ғазалдар

Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығарма
Екпіндеп келіп, еңсемізді көтертпеген жаңа ғасырдың табалдырығымыздан аттағанына да табаны күректей жиырма жылдан асты. Қарлығаш-дәурендей басымыздан бұл-бұл ұшқан ширек ғасырға жуық мезгіл мизамында кейде қуантып, кейде мұңайтып, жарқылдаған жарығымен жанарымызды арбап, көңілімізді алдаған талай-талай оқиғалар өтті. Уақыттың алапат тасқынымен келген өзгерістер тағы да күрмеуі күрделі қиын сұрақтар туғызып, адамның ар-ұяты мен иманы, азаматтығы мен адамгершілігі, әділеттілігі мен парасаты сыналған өліарада, ардың ісі болып келген әдебиет алдындағы ақын мен суреткер жауапкершілігі бұрынғыдан да бетер арта түсті.
ХХІ ғасыр адамзат үшін қиын заман болғалы тұр. Жылдан-жылға қатерлер үсті-үстіне көбейіп, енді тұтанса Жер-Анамызды біржола құртып жіберетін үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кете ма деген қауіптің бұлты еш сейілмей қойды. Империялық мемлекеттердің әлемді жаулап алғысы келген ауруы қайта қозып, біз сияқты тәуелсіздігі кеше ғана қолына тиіп, сәбидей қуанған әлсіз ұлттардың азаттығынан айырылып, тіпті жер бетінен жойылып кету ықтималдығы шындыққа айнала бастағандай ма, қалай? Өткен жүзжылдықтың қапырық ымыртында екі бірдей сұрапыл соғыстың қасіретін басынан өткеріп, миллиондаған адамдардың құнын төлеп, тәубасына түскендей болған әлем, енді міне, соның бәрін ұмытып, тигізетін зардабы бұрынғыдан әлдеқайда сорақы болатын ядролық қаруды адамзатқа қарсы қолдануға дайындалып жатқандай. Алланың жолынан адасып, қайтадан сайтанның жолына түсіп кеткен адамның әрекеті бәрімізді де шошындырып отыр.
Адамзат көші адаспау үшін тұманда,
Айтылған бәрі...
Інжілде,
сосын Құранда.
Жалғыз қауызға сыйғызатыны рас екен –
Алты құрлықтың ақылмандарын бір Алла!
Шеменің қатса, ішіңе Құдай шер берер,
Адыра қалып алтынға толы көмбелер.
Дүние-шіркін қаңбақтай бір сәт дөңгелер –
Отыз жыл ойран,
қырық жыл қырғын көрген ел.
Қатымдай екшеп хаттарын бүтін жақсының,
Тап шынын тауып таразылауға да тапшы күн.
Жалғыздық күйін жапанда шалып отырмын –
Жар басындағы моласындай боп бақсының.
Іргемізге таяп қалған ақырзаманның ақиқатын ақыннан артық айта алатын ешкім жоқ шығар. Бір біз ғана емес, бүкіл адамзат тап қазір дәл осындай не тірі, не өлі екенін білмейтін шерменде күйді басынан кешуде. Өлі екенін мойындайын десе жаны ауырады, тірі екенін растайын десе рухын сезбейді. Жауабынан гөрі санаңды сансырататын сұрағы көп, өтірік пен шындықтың ара жігін ажырата алмайтын, уайымнан көзіміз ашылмайтын түсініксіз ғасырға тап болдық. Қайтпек керек?
Аспан асты,
Жер үсті сарыуайым,
Алып қабір басында аңырайын.
Зәһәрыңнан сақтай көр зәузәтімді! –
Қаһарыңнан қорқамын, а, Құдайым.
Тағдырыңның әр сәтін таңбалап ап,
Бір құс ұшып келеді арда қанат.
Ғалам біткен ғазауат күйін шалса –
Адам біткен кетеді жар жағалап.
Басқасын айтпағанда, адамгершілік мұраттарды жырлап ел мен елді татуластырып, ұлт пен ұлысты жақындастырған сөз өнерінің басынан бағы тайып, ізгілік пен зұлымдықтың шекарасы жойылып, халықтың бір-бірімен түсінісуі күннен күнге қиындап барады. Ай сайын мыңдаған азаматтарынан айырылған украиндар орысқа деген өшпенділігін таныту үшін ашу үстінде Пушкин мен Лермонтовтың, Тютчев пен Некрасовтың, Толстой мен Достоевскийдің, Чехов пен Буниннің, Есенин мен Булгаковтардың ұлы туындыларын күресінге лақтырып тастады. Міне, осындайда, «адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге шақырған гуманистік әдебиеттің дәурені өтіп кетті ма?» деген үрей толғандырып, сезіміңді сүргілеп, жаныңды ұстарадай тілгілеген, ғылым жауабын бере алмаған сұрақтардың шындығын ақын жырларынан іздеп, жалған дүниеге симай шағаладай шарқ ұратын кездерің болады.
Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып?
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Шындығында да хәкім Абайдан соң өмір-өлеңге келіп, адамгершілік жолында күресу аңғалдық па, әлде ақымақтық па осы? Жо, жо, жоқ. Олай болмаса керек. Ақындық рух жеңілгенін мойындаған күні ізгілік жойылып, зұлымдық салтанат құрып, екі аяқты хайуанға айналатынымыз айдай ақиқат. Ақындар өмірден баз кешіп өткенімен, өлеңінен ұшқындаған рухтың оты жалындап, жаңа таланттардың үркердей шоғырын туғызып, адамның адамдық қасиетін сақтап қалуы үшін болатын әдебиет майданындағы күрес тоқтамай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Алайда, біз сияқты қарапайым пенделер, шығармашылық адамын құдірет көргенімен, ақынның қатал әлемнің әділетсіздігімен күресетін жалғыз-ақ қаруы бар, ол – өлең. Заман қайғысын жүрегінен өткізіп, қасіретін өзгелерден тереңірек сезетін, адамзаттан досы болмайтын ақын байғұс сезім шыңырауының зынданында жасырынған запыран мұңын өлеңге ғана шағып, жүрегін өлеңмен ғана жұбатады.
Поэзия ақынның – қасиетті мекені, киесіндей қастерлейтін – ең құнды қазынасы. Өлең жоқ жерде ақын өмір сүре алмайды. Тынысы тарылып, тұншығып, сыңарынан айырылған аққудай өмір-өзеннен байыз таппай қиналады.
Нағыз өнер фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған Рухтың алтын көпірі іспетті, ол адамдар түгіл, өлі мен тіріні, жер мен ғарышты да жақындатып жібереді. Поэзия патшалығынан жан қайғыңды түсінетін ақындарыңды тапқанда мойныңнан ауыр жүк түскендей болып, жеңілдеп қалатының сондықтан шығар, мүмкін.
Беу елімнің ерен Абайы!
Теңіздей терең Абайы!
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге,
Жаңғырық есту үшін бе?...
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
— Абай! – деп айқай салып ем:
— Абайла! – деді жаңғырық.
Кемеңгердің жалған тіршіліктен баз кешіп, дүние салғанына бір ғасырдан асқанымен біз әлі күнге дейін қазақтың бас ақыны қойған сұрақтардың жауабын таппай қиналып, мұңын шаққан меңіреу жартасқа барып, елдік мінезімізді, халықтық болмысымызды, ұлттық табиғатымызды іздеумен келеміз. Расында да күні кешегі біздің кесек мінезіміз, дархан болмысымыз бен сұлу табиғатымыз қайда жоғалып кетті? Ай астында жатып армандаған Ғалым Жайлыбайдың ғажайып ғазалдарымен сырласып, рухани шөлімді қандырғанда елгезек көңілімді елеңдеткен осы сұрақтардың жауабын тауып, ақындық рухтың биіктігін сезгендей болдым.
Мендей-ақ сүйсін,
сүйетін бір ұл даланы,
Маңдайы күннің жарқырап.
Шылбырын сүйреп қырқадан асып барады-
Қара көк самал қараша түспей қалтырап.
Жұлдыз санадым,
шаштарын сылап жусанның,
Қараша түні,
қайыстай етіп қайғымды өр!
Ай астындағы арғымақтардай бусандың
Аламандағы-ай, күндер.
Ай-күндер солай өте ме,
Тимесе деп ем тірі пендеге зияным.
Торығып қалған толқындарымды жетеле,
Тобылғы түсті қиялым.
Дәл бүгінгідей өнердегі «биігін» өлермендікпен алуға кіріскендердің айғай-шуы әбден жалықтырып, дүниеден жұбаныш таппай, төрт қабырғаның ортасында жалғыздығыңмен арпалысып, жаның тұншыққанда Арқаның ауасындай тынысыңды ашып жіберетін осындай жұпар жырларды аңсайтын кездерің көп. Өйткені жаныңды ауырта беретін сағыныштың жарасын Сарыарқаның жазира төсінде соғатын самал желдің лебі ғана жазып, қайғыңды тербеп, қан базардың мағынасыздығынан қамыққан көңіліңе, жүрегіңді аяусыз жаншыған жалғыздық дертіне жусанның жұпар иісі ғана шипа болып, көкірегіңдегі шер-шемен болып қатып қалған мұз мұңыңды сайын даладағы көктемнің шуағы ғана ерітіп жібере алады емес пе. Найзасын намысқа қайрап, қылышын кекке суарған талай-талай батырларды да, жаны жібектей нәзік талай-талай ақындарды да дүниеге әкелген, шексіздігінен сағымның өзі адасқан дала табиғатында бәрімізді де аялай алатын дархан мінез бен баршамызды да бауырына басқысы келетін қазақтан басқа ешкім түсінбейтін құпия кеңдік бар.
Неге екенін білмеймін, адамгершілікті ар тұтқан, өмірдің қара суығын жүрек сәулесімен жылытқысы келген ақындардың арманыңды аспандата түсетін ғарыш мінезді ғазалдарымен сырласқанымда, таза ауа жұтқандай тынысым кеңіп сала береді. Шер күйім болып шертілген сол өлеңдер қаңқылдаған қаздардың үнін, бозторғайдың шырылын, шілденің аптап ыстығын, сахараның ақбөкендерін бір сөзбен айтқанда сұлулықты тірілтіп, дүние-жалғанға жан бітіріп, өмірге құштарлығымды оятқандай болады. Қобыздай күңіренген жаным жұбанып, өліараға тап келген өмірдің қайғы-қасіретін ұмытып, сол сәтте өзімді айда жүрген ғарышкердей сезінемін.
Ұлттық әдебиетіміздің көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Ай таңбалы арғымақ» атты жыр жинағындағы ғарыш мінезді ғазалдарды оқып шыққанымда өнерге шынайы берілген өлең табиғатын көргендей әсер алып, Сарыарқаның самал желі есіп қоя бергендей күйді басымнан кештім. Адамгершіліктің аялы алақанын сезініп, мінезі өз замандастарының ешқайсысына да ұқсамайтын ақын жырларын парақтағанымда ұзақ жыл бойы көрмей кеткен сырласымды тапқандай балаша қуанғанымды несіне жасырайын.
Жарқ-жұрқ еткен жарығым жанар арбап,
Бір жыр жазып қояйын саған арнап.
Ай таңбалы арғымақ
Ай астында
Айдай жүзіп барады ағараңдап.
Жылап аққан жылтырап жылға басы,
Айыл жиып,
айкезбе түнде адасып...
Ай таңбалы арғымақ, айналайын,
Далаға ынтық, екеуміз қырға ғашық.
Тағдырынан сый күткен бір шамалы
Ақбозымды қай түнек тұмшалады?
Ай таңбалы арғымақ
Ай астында –
Құйрық-жалын тараған түн самалы.
Әлем әдебиетінің поэзиясына зер салсаңыз, айды жырламаған ақынды табу қиын. Тіпті бұл тақырыпты лирикалық туындыларының құлақкүйі етіп, рухани азық қылған шайырлардың шығармалары мыңдаған жылдар өтсе де, күні кеше ғана жазылғандай миллиондардың көңілін толқытып, жүрегін тебірентіп келеді. Дүние жаратылғаннан бері күн мен ай адамзат баласының ой-санасын жұмбақ сиқырымен арбаған мәңгілік поэзияның – символдық сипатына айналғандай. Күн мен ай символы алтын бастауын діни жоралғылар мен халықтық әндерден алатын ұлы мәртебелі поэзияның басты предметі болып кеткеніне, қай заман. Ежелгі ақындардың ішінде бұл сөзді көп қолданатын Гомердің дастандарында ай сұлулық пен ұлылықтың символдық белгісі болып сипатталады. Бұл тақырыпты ең көп жырлаған біздің дәуірімізге дейінгі 630-572 жылдары өмір сүрген Сафодан кейін де айды өз өнерінің тақырыбы етіп алған ақындар көп. Өте көп. Сафоның поэзиясы мыңдаған жылдар өткеннен кейін қайта жаңғырып, неміс романтизмінің дүниеге келуіне қатты ықпалын тигізді. Ағылшын романтиктері Скот, Китс, Байрон, Шелли және әсіресе Вордсворт, Кольридж бен Саути жырларындағы ай сөзінен аяқ алып жүре алмайсыз. Шекспир мен Пушкин де ай сөзін көп қолданған. Ай – француздардың романтик-ақындарының да басты тақырыбы. Мюссе айға тұтас бір баллада арнады. Бұл сөзді ең көп қолданған орыстың ұлы ақындары Лермонтов пен Есенинді нағыз айдың ақындары деп айтуға әбден болады. Есенин ай сөзін 160 рет қолданыпты.
Қазақ поэзиясында да айға өлең арнамаған ақынды табу қиын. Әр ақын аймен сырласқанда жалғыздықтың тәтті мұңын еміп, сұлулықтың сиқырын тереңірек түсіне бастағандай күйге енеді. Айға арнаған Ғалымның ғазалдарын оқу үстінде оны өзінше түсініп, әркімнің ойындағысын тауып айта білген тапқырлығына тәнті боласың.
«Поэзиясыз онсыз да сұлу ақын» (Ұлықбек Есдәулет) үшін ай ең алдымен әсемдіктің символы. Сондықтан да оның ай сәулесіне шомылған жырларын оқығанда Жер мен Ғарыштың әдемілігіне сүйсініп, дала табиғатына бұрынғыдан бетер ғашық бола түсесің. Бәлкім содан болар, келер күн бал мен уын ұсынғанда, жанарынан жас тамып, мұнар көктен мұң ішкен оның поэзиясы маған жанға шипа болатын дауадай әсер етті. Ақын жырларында сарқыраған өзеннің гүрілі, найзағай жарқылы, күркіреп жауған жаңбыр, аққулардың қаңқылы, ұлардың үні, тоғай сыбдыры секілді тіршіліктің бүкіл дыбысы табиғи қалпында сайрап тұр.
Шөлейттеу жердің шөбі едім,
Шөліркеп әлі келемін,
Ақ жаңбыр мінез өлеңім,
кезертпей еріндерімді
құйып бір өтсе деп едім.
Сүмбіле соңы – сары тамыз
Сары тамыз, тілден бал тамыз.
Сарғайған шығар алқаңыз,
сарғайтып мені сәуірде
Сағым боп кеткен қалқа қыз.
Ботадай жырым боздап жүр,
Боталы зарын қозғап жүр.
Мазала мені Мағжан-жыр,
айнамкөз армандарымдай
Арқаға жауған ақ жаңбыр...
Ақынның жүрегінен ақтарылған ғазалдарды оқып шыққан соң, Ғалымның болмысының даланың мінезіндей сабырлы, әрі салмақты болып жаратылуының ең басты себебі оның табиғатқа тым етене жақын екендігінен емес пе екен деген ойға қаласың.
Әдетте біз ақынға – мінез керек деген сөзді жиі айтамыз. Дегенмен кейде біздің ақындық мінезді есерсоқтықпен, дарақылықпен шатастырып жататын кездеріміз де бар-ау! Жасанды мінезге бой алдырып, қазақтың табиғатына мүлде жараспайтын рөл ойнап, жұртты жиіркендіріп жүрген ақындарды көргенде өнердің құнын арзандатып жіберген замандастарың үшін еріксіз ұяласың. Алайда адамгершілік туралы ұғымы өте биік, қазақ поэзиясында айшықты бояуы бар санаулы таланттарымыздың бірі Ғалым Жайлыбай ондай арзандықтан бойын аулақ ұстайтын, мүлде ерекше, мүлде бөлек жаратылған талант. Қашан көрсем де өз өлеңдерінен гөрі өзге бір ақынның жүрегінен туған жауһар жырларға балаша қуанып, жатқа соғып жүретін Ғалымның бойында тасқа тұнған теңіздің тамшысындай бір әдемі мөлдір тазалық бар.
Көз алдымда көктем боп тұнған елес,
Назға мені бөлеңдер,
сазға мені.
Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес,
Жаратқанның маңдайға жазғаны еді.
Поэзияда өз үні, өз дауысы бар Ғалым Жайлыбайдың ұйытқып-бұрқамай, тасып-төгілмей жырлайтын арналы ақындығы туралы жыр сүлейі Темірхан Медетбек әдемі сипаттама берген екен:
«Мен Ғалым жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы күшке ие шертпе күйге теңер едім.
Шынында да, Ғалым Жайлыбай шығармалары – бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп отырып ет-жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегіңді үгетін оның жырларындағы баппен қағылып, байыппен шертілетін әуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың қалмайды».
Әйтсе де Ғалымның жыр жинақтарын оқып шыққан соң, ботаның көзіндей жәудіреген ақын өлеңдерінің қуаныштан гөрі өксік-өкінішке, шаттықтан гөрі қайғы-қасіретке толы екенін аңғардым. Әрине, дәл осы тұста бәз біреулердің өмірдің бәрі өксік пен өкініштен, қайғы мен қасіреттен ғана тұра ма деп дауласуы да әбден мүмкін. Бірақ Құдайдың екі аяқты саналы мақұлығы мейірімділікті ұмытып, адами құндылықтар аяққа тапталып, ар дегеніміз ең арзан дүниеге айналған мына аласапыран заманда, соның бәрін көріп отырған ақын жаны қалайша шаттанбақ.
Ол аз болғандай туған өлкеңнің қақ төсіне протон құлап, адам түгіл аңға шейін уланған даладан ауып кетіп жатқан ғасырда ақын неменесіне жетісіп қуануға тиіс. Сол құлаған протондардың кесірінен туған далаңның табиғаты азып, топырағы бордай тозып бара жатса, ақын қалайша қапаланбайды, оның нәзік жүрегі күрсініп, қалайша қан жыламайды. Әділін айтсақ, Ғалым Жайлыбайдың «Сарыарқа. «Протон құлаған жыл» атты өлеңінде ақынның ғана емес, бүкіл қазақ баласының жүрегін жаншыған заман нәубаты жатқан жоқ па? Қобыздай күңіреніп, қайрауықтың ащы күйіндей ақиқатты айтып салған ақынның осы бір өлеңін оқығанда тұла-бойың түршігіп, сай-сүйегің сырқырап қоя береді:
… Келгендей Арқаға құрдым,
Тажалға лағнет мейлі –
Жаңаарқа,
Қарқаралының
Базарда малы да өтпейді.
Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай,
ретін сынар:
«Гептильді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар...
Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымыран тасығыштары».
Шындығында Ресейдің зымыран тасығыштары Арқаның төсіне емес, қазақтың жүрегіне құлағандай әсер қалдырады мына өлең. Қазақтың уланған даласын көрген ақынның жаны осыдан соң қалайша қаңсырамасын. Өлеңді оқып шыққан соң ақынның көкірегіндегі ащы өксікті жан-тәніңмен түсінгендей боласың. Ақынмен бірге сенің де ет-бауырың езіліп кетеді. Күні кеше ғана жәзира төсінде жібек жел еркелеген даланың самалы еспей, жусаны жұпар шашпай қалған бүгінгі бейнесін көру ақын үшін қандай қасірет, қандай орны толмас өкініш десеңізші.
Туған топырағыңның қан қақсап жатқанын көру және оған қарсы істейтін амалыңның қалмауын сезіну ақын үшін тірідей тозаққа түскенмен бірдей азап емес пе? «Арқам-ай, арқаға батты» дейді, Ғалым ақын. Батпағанда, қайтсін. Ғасырдың қауіпті өткелінде жүдеп-жадап шайқалып тұрған ауылын, «уды у қайтарады» деп арақты суша сіміріп, ішкілікке салынып кеткен құрдастарын көргенде ақын жүрегі қалайша егіліп жыламасын?
Ақын өзі өмір сүрген дәуірдің үнін жеткізетін ғасыр перзенті. Әрине, біздің қоғамда заманның қайғы-қасіретін көрсе де көрмегенсіп, естісе де естімегенсіп, билікке жағыну үшін «Көк байрағым желбіреп тұр» деп, өлермендікпен өлең жазатын «көздері соқыр, құлақтары таскерең» болып кеткен ақындар да аз емес. Ғалым ондай «ақындардың» санатынан емес. Керісінше, ол өз ұлтының мұңына көбірек құлақ түріп, қазақтың көз жасын өлең-орамалымен сүртіп, жан жылуымен жұбатқысы келіп тұратын жыр перзенті. Сондықтан да ол елінің, жерінің тағдырына қамығып жыр жазады, ұлтының көкірегіндегі шер-шеменді тарқатқысы келіп жан сырын ақ параққа ақтарады. Жүректің сөзін сөйлеген ақ параққа төгілген ақынның сыры оқырманды бей-жай қалдырмай, тылсым табиғатпен бірге сіздің де жаныңыз тұншыққандай болады.
Әсіресе аққулардың қырылып, ақбөкендердің ауып, қазақ даласының азып-тозып бара жатқаны ақындық мінезі табиғатқа етене жақын Ғалымның жанын мұздай тоңдырып, шоқтай күйдіреді. Осыдан соң теледидар хабарынан Ақтөбенің Алға ауданында мұнай қалдығы төгілген көлде аққулардың қырылып қалғандығын естіген ақынның қайғы жамылып, қобыздай күңіренген зарын шын түсінгендейсің:
… Аққулар-ай,
Ардам-ай,
Шер күйім боп шертілген.
Жалғаны көп
Жалған-ай
Өлмесімді өлтірген.
Өксісе өлең өлкесі,
Жыршылары жылай ма?
Айдын-көлдің еркесі
Тұншығады мұнайға.
Аққулар емес сол мұнай қалдығының астында қаймана қазақтың жаны тұншығып жатқандай тұла-бойыңыз түршігіп сала береді. Қандай қорқынышты, әрі қасіретті сурет. Табиғат-Ананы аялай алмағандығымыздан сұлулықтың символы, пәк махаббаттың жаршысы іспеттес, дүние-жалғанға көрік беріп тұрған аққулардың қырылып жатқанын көру, қазақы рухтың өліп бара жатқанын көргенмен бірдей қасірет-қайғы емес пе? Ал сол зауалдың табиғаттың алапат күшімен емес, адамның қолымен жасалып жатқанын және оның келешекте де жалғаса беретінін сезінгенде жаның қалтырап, мұз құрсанбай ма.
Міне, осындай сұмдықты көріп, запыран құсып, зар қаққан ақын қурайдай сарнап, енесінен айырылған ботадай боздайды. Қалайша боздамасын? Мына заманның наласына ботадай боздағаннан басқа істей алатын ақында қандай құдірет, қандай қайран қалды? Айтыңызшы қандай?
Қайда қанат қақтыңдар,
Мұнар күннің мұңды әні.
Алғадағы аққулар –
Арсыздықтың құрбаны.
Қайғымды тербеген,
Бозда толқын,
Сен де ертең
Аққуы жоқ көл деген.
Ақыны жоқ елмен тең.
Ғалым Жайлыбайдың айтқан шындығымен келіспеске амалың кем. Олай емес деп дауласуға дәтің шыдамайды. Міне, сондықтан да күні кеше ғана жәннаттың бағындай жайнаған «қоғалы көлдер, қом сулардың» (Доспамбет) бүгінгі тағдырына қапаланған ақын жырлары ерекше бір қайғыға, ерекше бір қасіретті мұңға боялған. Бойыңнан тарқамайтын сол мұңда жан жараңды аяусыз тырнайтын өксікпен қатар, өзегіңді өртейтін өкініш жатыр. Ақынның көзінен жас емес, қан болып сорғалаған зарлы өкініш. Ақын жүрегінің нәзік тамырларын аяусыз балталаған қайғылы өкініш. Ақынның жанын жегідей жеп, тауын шаққан қасіретті өкініш. Әсіресе бұл өкініш Ғалым Жайлыбайдың «Киікқашқан» атты жыр толғауында мейлінше зарлы шығып, боз даласы бота болып боздап, бозторғайы бүрісіп ән сала алмай қалған қазақ сахарасы көз алдыңа елестеп, кеудеңе бір өксік тіреледі.
Ақынның жыр-толғауындағы «Киікқашқан» – бүгінгі даланың символдық бейнесі. Табиғат сұлулығын сақтап қала алса ғана адамның жүрегіндегі имандылық оты өшпейді. Өйткені сары даладағы тақиядай төбелердің, жусанның, көкпек пен көделердің қадір-қасиетін білетін және ондағы аң-құстарды аялай алатын адам ғана адамшылығын жоғалтпайды.
Өкінішке қарай сол сайын дала уланып, ақбөкендер басқа мекенге ауып жатыр. Сол ақбөкендермен бірге дала да табиғи сұлулығынан айырылып барады. Ақындық жүрек сезе-дүр. Халық даласын жоғалтса қазақы табиғатынан айырылады. Қазақы табиғатынан айырылса ділін, тілін, салт-дәстүрін, бәрін-бәрін жоғалтады. Қайтпек керек? Ақын байғұстың қалам алып, қапаланып жыр жазғаннан басқа қолынан не келеді?
Сарыдала жазық па екен,
Жайлау ма екен..
Көздері көкірегімнің байлаулы екен.
Ай аман аспанымда
Қас-қағымда
Арқаның ақбөкені қайда ауды екен...
Сал самал беттен сүйіп майда лебі:
Сайымнан сая іздеген сайғақ еді,
Аң-құстың арасында айманы еді
Өлкеңіз өзегінен қайғы өреді –
Ақыным, ақбөкенім қайда –деді...
Қараған,
Селеу,
Мия шағылдағы.
Сұраудан киіктерді жаңылмады.
Даланың дараланбай дабылды әні,
Құдайым бір қызықты тағы ұрлады –
Сарғайып сағыныштың сағымдары...
«Киікқашқанды» оқыған кезіңізде құлағыңызға зарлы күйдің үні естілгендей тұла-бойыңыз шымырлап қоя береді. Бейопа дүниенің арсыздығына налыған ақынның заманның зарын айтып, бабалардың бейітіне бәйіт оқыған тірлігін көргенде жалған тіршілікке лағнет айтқыңыз келеді. «Тағдырдың тасадағы тасы тисе, Бізден де қашады әлі киік жалған» – дейді, Ғалым. Өзегіңді өкініш өртесе де ақынның аузымен айтылған ақиқатты мойындамасқа лажың жоқ. Тағдырдың тасадағы тасы бүгін Табиғат-Анаға тиді. Енді ол ертең адамға тиеді. Тіпті тиіп те жатыр. Жанымыз лайланып, ондағы аққу сезімдеріміз өліп, Арқадан ауған ақбөкендер сияқты жыл өткен сайын адамгершілігімізден айырылып бара жатқанымыз сондықтан емес пе екен? Кім біліпті?
«Киікқашқан» азып-тозған дүниенің символдық бейнесі ғана емес, қазақы рухтың бүгінгі көрінісі. Бұл күні кеше ғана «Адамға табын Жер енді» деп астамсыған адамға жіберген Құдайдың зауалы. Осыны жан-тәнімен түсінген ақын ақылынан адасқан Адамның қателігі үшін, Табиғат-Анадан жалбарынып, кешірім сұрайды.
Кеше гөр,
Ақ таңдарым,
Күрең кешім,
Гүліңді солып қалған нұр емдесін.
Баланың жанарынан қан тамады.
Ананың анарынан у емгесін.
Қорқынышты шындық. Төбе шашыңызды тік тұрғызатын үрейлі шындық. Анасының анарынан у еміп, жанарынан қан тамған балалардың ертеңгі күні ұлтына жаны ашымайтын «соқыр, мылқау, таскерең» ұрпақ болып өсіп шықпайтынына кім кепіл? Міне, осыдан соң ақынның жыр-толғауындағы киіктердің адамша күрсініп, адамша жылағанын түсінгендей боласың. Байқап қарайықшы, табиғат алмасып, адам аңға, аң адамға айналып кеткен жоқ па өзі?
… Ашпаған еш пендеге бір сыр еді,
Сол сырды сарыдаланың білсін елі,
Ойласам жаным жиі түршігеді,
Киіктер адамдарша жылайды да –
Киіктер адамдарша күрсінеді.
Дегенмен жамандыққа бой алдыра бермейікші. Ұлы Абайдың айтатыны бар емес пе: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қыстың артынан көлі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді?»
Кім біледі? Мүмкін бүгінгі қазақтың тағдыры сол қары қалың қыс кезіне тап келіп тұрған шығар. Мүмкін күндердің-күнінде адам баласы айуанға айналып бара жатқанын түсініп, Табиғат-Анадан кешірім сұрап, сабасына түсер. Астамшылық жасамайық. Мүмкін келешекте ұлтты жарқын болашақ күтіп тұрған шығар. Ғалым ақын да өзінің бір өлеңінде бар сағынышын төгіп, құсқанатынан кейінгі жылылықты аңсайтынын жазыпты. Сол жылылық қазақ даласына тезірек келсе екен. Тезірек!
Дүр дүние әр пендеге нақ сонар
Тауы-мұнар,
Аспаны – бұлт,
Бағы – ырыс.
Құсқанаты –Ар боп жауған ақша қар
Көктемдердің көзіндегі сағыныш...
Біздің сапар Сарыбелден басталған,
Мен де өлемін
Армандарым өлген күн.
Күздің түні алқаракөк аспаннан
Құсжолының ақ жолағын көргенмін.
Талайыма тылсымдарды кез қылдың
Ылди көрдім,
Жазық көрдім,
Өр көрдім.
Ақ боранды ақпанында мезгілдің
Ақ дүниеге Ақын болып келгенмін.
Ойларымның орда бұзар берені,
Тіршіліктің тоқсан тарам толғағы.
Көктемдерім көктеп қоя береді
Құсқанаты жауып өтсе болғаны.
P.S. Ақынның өлеңдерін оқып шыққаннан соң өзімді даладан келген жолаушыдай сезіндім. Бірақ көңілімде бұрынғыдай аласұрған қуаныш емес, беймәлім бір алаң бар. Ол не алаң? Өзім де түсінбеймін. Ақын жырлары жүрегімдегі қайғымды тербеп, Арқадан ауған киіктер секілді далаға қарап жылай бергім келді, жылай бергім келді...