Газ тапшылығына шоколад жемейтін жүргізушілер мен туристер кінәлі екен
Қазақстанда тұрақты түрде (!) жанармай тапшылығы болып тұрады. Көктем мен күздегі егін маусымы қызған мезгілде дизель жетіспей қалады, автогаз жетпей жатады... Жанармай құю бекеттерінің алдындағы ұзын-сонар кезекке де көз үйренді.
Автогаз көбіне жаздың аяғы мен күзде жетпей жатады. Не үшін екені белгісіз, елдегі мұнай өңдеу зауыттары дәл күзге қарай бірінен кейін бірі жөндеу жұмыстарына жабылып, отын тапшылығын ушықтыра түседі. Салаға жауапты министрлік пен жергілікті билік неге мұнай зауыттарының жөндеуден өтетін уақытын алдын ала жоспарлап, қор жасап қоймайтыны түсініксіз.
Биыл да сол дау қайталанып жатыр. Қыркүйекте басталған газ тапшылығы қазанның аяғына қарай үдей түсті. Батыс облыстарда ғана емес, елдің оңтүстігі мен солтүстігінде де жағдай – осы. Машинасы газбен жүретін азаматтар сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Кей жанармай бекеті отынды талонмен сатса, кейбірі қосымша тауар қосып беріп жатыр. Мысалы, сатушы газ іздеген жүргізушіге шоколад, су, шай сияқты кассадағы өзге тауарды сатып алуды ұсынады (БҚО-да болған жағдай).
Қазанда автогаз жетіспеушілігі Атырау, Ақтау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында қатты сезілді. Мұндай жағдай Түркістан мен Қызылорда облысында да байқалды. Сондай-ақ 31-қазанда Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының әкімдігі уақытша газ тапшы болып жатқанын хабарлады.
Министр не дейді, әкімдер не дейді?
Өңірлерде автогаз жетіспей, жұрт сабылып жүргенде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қашанғы әдетіне басып, «Сырдың суы сирағынан келмейтін» салмақты түр танытты. Оның айтуынша, елде сұйытылған мұнай газ тапшы емес, кей облыста әкімдіктер газды бекеттерге таратпай отыр.
«Салыстырмалы түрде айтсақ, тапшылық онша үлкен емес, яғни газ бар. Иә, кей облыста әкімдіктер газды кейбір бекетке таратпай отыр. Әкімдіктерден түскен сұранысты энергетика министрлігі толық орындайды. Цифрмен сөйлесек, әкімдіктер ай сайын шамамен 160–170 мың тонна тапсырыс береді. Оның 130–140 мың тоннасын жоспар бойынша жеткіземіз. Қалған 20 мың тоннаға жуығын ТШО резервінен аламыз», – деді министр.
Сәтқалиевтің сөзіне сенсек, Қазақстанда автогаз жетіспеушілігі аса үлкен емес, жүргізушілердің сағаттап кезекте тұрғанына алаңдаудың қажеті жоқ. Ал әкімдік үнемшілдік танытып, бар газды сатпай отыр дегенін қалай түсінуге болады? Әлде әкімдер жанармай ай сайын үздіксіз келетініне сенбей, қолдағы қорды бекетке жеткізбей ұстап отыр ма? Мүмкін аймақ басшылары жыл аяғына қарай газ жеткізілмей, облыс мүлде газсыз қала ма деп қорқып, қор топтап жатқан шығар?!
Бірақ біз хабарласқан облыс әкімдіктері мұны жоққа шығарды. Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының әкімдігі өңірде газ жетіспей жатқанын растап, бұған Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы себеп болғанын айтты. Олар зауыт ашылса, бәрі ретке келеді деп сеніп отыр. Ал Сәтқалиевтің сөзі жайлы ештеңе айта алмады. Тек әкімдік қолда бар газды сатпай отыр деген әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Облыстағы жағдай бақылауда. Атыраудағы зауыт жөндеуге жабылғандықтан, бізге газ келіп үлгермей жатыр. Бізде мұнай өңдеу зауыты жетіспейді, бірнеше облыс Атыраудан келетін газға қарап отыр, мұнай өңдеу зауыттарын көбейту жөнінде президент те тапсырма берген. Жанармай құю желілері әкімдікке қатысы жоқ, олар – бизнес субъект. Біз олардың көп ісіне араласа бермейміз, тек бағаны бақылауда ұстаймыз. Ал газ жеткізумен, сатумен өздері айналысады», – дейді БҚО әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен.
Ал Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева қазанда газ тапшы болғанын растап, қарашада қажетті мөлшерде отын келіп жатқанын айтты. Дәл қазір облыста автогаз алуға кезек жоқ.
Сәтқалиевтің адам сенгісіз сылтаулары
Әр жолы елде автогаз жетіспей, шу шыққанда үкімет түрлі сылтау айтып ақталады. Олар бірде мұнай өңдеу зауыттарын, бірде пойызы шабан ҚТЖ-ны, тағы бірде туристерді кінәлады. Ал Сәтқалиев үшін газ тапшылығына басты кінәлі – машинасына газ баллон орнатқан жүргізушілер. Оның айтуынша, министрлік қанша ескертсе де автомобилистер автогаздан бас тартпай отыр.
«Кей өңірде тұтыну мөлшері артқаны байқалып отыр. Біз бұған газбен жүретін машина көбейгені себеп болды деп санаймыз. Министрлiк газдың көп бөлігі мұнай-химия саласына бөлiнетiнiн ескертсе де, олар автогаздан бас тартпай отыр. Олардың таңдауын құрметтейміз. Бірақ жанармай бекетіне жеткізілетін газ көлемі белгілі шектен өспейтінін ескертеміз», – деді А.Сәтқалиев.
Министр мырза газ тапшылығын жоюдың жалғыз жолы –жүргізушілерді «қорқытып», газбен жүретін машинадан түсіру деп білетін сияқты. Ол дәл осы сөзін бірнеше мәрте қайталады. Тіпті бірде «осылай жалғаса берсе, газды шетелден алуға мәжбүр боламыз, ал бағасы бензинмен бірдей болады» деп, автокөлік жүргізушілерін бопсалағандай да болған.
Бірақ нақты статистика Сәтқалиевтің газбен жүретін машина жылдам көбейіп барады деген уәжін жоққа шығарды. Мысалы, былтыр 1-қазанда Қазақстанда таза газбен жүретін және гибрид қондырғысы (газ-бензин) бар автомобиль саны 407 237 болса, биыл 1-қыркүйекте 429 788-ге жеткен. Яғни бір жылда олардың саны небәрі 22 551-ге (5,5%) артып отыр. Мұны аса көп деуге келмейді.
Ең қызығы, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана билік жүргізушілерді экологиялық таза отын ретінде сұйытылған мұнай газына көшуге шақырған. Бірақ 2023-жылдан бастап үкіметтің позициясы өзгеріп, елде газ арзан, сол үшін бағаны бензин құнымен теңестіру керек деп шықты. Содан бері Сәтқалиев бастаған шенділер газ тапшылығына кім кінәлі деген сұраққа бас қатырып келеді.
Ел үкіметінің екінші сылтауы – жанармай бағасының көрші елдерден төмендігі. Билік тұрғындар газ бен бензинді машина багына құйып, жақын шетелге тасып жүр деп санайды. Осыдан бірер жыл бұрын Қырғызстанда жүк салғышына бензин толы канистр басқан бірнеше қазақстандық автобус ұсталған, бұл біздің үкімет үшін іздегенге сұраған болды. Тіпті мұны «нағыз ұры ел арасында» деген уәжін дәлелдеу үшін үкіметтің өзі ұйымдастырған болуы мүмкін деген қауесет айтылады.
Үшінші сылтау тіптен күлкілі. Биыл қыркүйектің басында Атырау облысындағы газ құю бекеттерінде кезек пайда болды. Сол кезде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бұған газбен жүретін машина мінген туристер кінәлі екенін айтып, айды аспанға шығарған. Сәтқалиев жауапкершіліктен жалтару үшін ойлап тапқан сылтаулар қатарына енді әкімдердің үнемшілдігі қосылып отыр. Басқаша айтқанда, автогаз тапшылығына энергетика министрлігінен басқаның бәрі кінәлі.
Ал мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов елде сұраныс артып, өндіріс төмендегендіктен, автогаз тапшы болып жатқанын айтады.
«Ресми дерек бойынша, сұйытылған газдың жылдық өндірісі 1,6 млн тонна. Бұл ТШО мен «Жайықмұнайдың» өнімін қоспағандағы көрсеткіш. Ал тұтыну көлемі бұдан көп, яғни сұраныс өндірістен артып, қызыл «сызыққа» өтіп кеткен. Мысалы, 2021-жылы газ тұтыну мөлшері 1,4 млн тонна болса, былтыр 2 млн тоннаға жетті, биыл одан да көп болатыны анық. Газ тұтыну көлемі жылына 20-30 пайыз өсіп жатыр. Ал кәсіпорындар сұйытылған мұнай газын өндіруге ынталы емес. Өйткені қазіргі баға оларды қызықтыра алмайды», – дейді сарапшы.
Тұтынуды тежемей, өндірісті арттыру керек
Мамандардың айтуынша, газ тапшылығын шешудің жалғыз жолы – мұнай өңдеу зауытын көбейтіп, өндіріс көлемін арттыру. Қазір елімізде Атырау, Павлодар және Шымкентте орналасқан 3 мұнай өңдеу зауыты ғана бар. Оның үстіне олар жиі жөндеу жұмыстарына жабылады. 2021-жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жетілдіруге екі триллион теңге бөлінсе де, зауыттар неге жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына жабылады?» деп, олардың қайта-қайта жабылғанын сынаған. Бірақ президент сынады екен деп түзеліп кеткен, жөндеусіз жұмыс істеп кеткен зауыт жоқ.
Расында, зауыттар неге жиі жөндеуден өтеді? Біріншіден, ондағы жабдықтар әбден тозығы жеткен болуы мүмкін. Біздің елде көп кәсіпорын әлі Кеңес кезіндегі құрал-жабдықтарымен жұмыс істеп тұр. Шенділер оны жаңартып, алыс болашақтың пайдасын емес, көз алдындағы нәтижені ғана ойлайды. Екіншіден, зауыттар жабылған сайын тапшылық туындап, баға өседі. Оның үстіне билік автогаз бағасын жылына екі рет көтеріп, бензин құнына жақындатуды жоспарлап отыр. Яғни «құланның қасуына мылтықтың басуы» болып тұр. Газдың қымбаттағаны мұнай компанияларына тиімді. Демек, Сәтқалиев кінәні әркімге артып жүргенде, проблеманың түп-тамыры мұнай компанияларында жатқан болуы әбден мүмкін.
Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-орында тұр. Бірақ елде газ тапшы. Сарапшылар бұған өндіруші мен өндіріс көлемінің аздығы себеп болғанын айтады. Мысалы, ТШО сияқты ірі кеніштер ішкі нарыққа бір тамшы өнім жеткізбейді. Бұл да жағдайды қиындатып отыр. Сәтқалиев бір сөзінде «автогазға қатысты жуық арада шешілмейтін үлкен мәселе бар» деп, бас шайқаған еді. Әрине, кінәні әркімге артып, өз басын алып қашып жүре берсе, ештеңе шешілмесі анық. АЭС салам деп алашапқын болып жүрген үкімет ұсақ-түйек шаруа деп ұмытып кетпесе, мұнай өңдеу зауыттарын салу да үлкен мәселе. Басқасын айтпағанда, газ мәселесі – 2022-жылғы Қаңтар оқиғасына түрткі болғанын ұмытпау керек.
Иә, көлік жүргізушілері шоколад жесе (егер тұрақты түрде жеп тұрса, сөрелерде өтпей тұрып қалмас еді, оны газға қосып сатып ешкім әуре болмас еді), туристер бензинмен жүрсе, жұрт біздегі мұнай-химия саласының қарыштап дамып жатқанын білсе... Газ қымбаттамас еді. Бәріне айтқанды түсінбей, арзан деп газға жүгіретін халық кінәлі...
Қуаныш Қаппас