Гендерлік саясат тек әйелдерге қатысты мәселе емес

Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуетіне басты назар аударса керек.
Еліміз дамыған мемлекеттер қатарына қосылу үшін зияткерлік, ғылым мен білім, адамның капиталының дамуы сынды салаларға басымдық бергеніміз жөн.
Десек те, көптеген заңнамалық құжаттардың қабылданғанына қарамастан әлі күнге дейін жыныстар арасындағы теңсіздіктің барына статистикалық мәліметтер дәлел. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан да гендерлік теңдік мәселесіне баса назар аударып отыр. Соған қарамастан, гендерлік саясат туралы теріс түсініктер де күннен күнге пайда болуда. Мысалы, әлеуметтанушы Айдар Хамит гендерлік теңдік мәселесіне құқықтық теңдік тұрғысынан назар аударған жөн дейді.
«Жасыратыны жоқ, біз сүріп жатқан қоғамға гендерлік саясат ұғымы әлі де жат, таңсық. Бұған дәстүрлі қоғамда өмір сүріп жатқанымыздың ықпалы болса, екіншіден, бір ғасырға жуық уақыт орнаған Кеңес өкіметіндегі идеологияның әсері бар. Қоғамның гендерлік саясат жайлы түсінігі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Көпшілік гендерлік саясатты тек әйелдерге қатысты мәселе деп түсінеді, бірақ оның ауқымы әлдеқайда кең. Гендерлік теңдіктің түп-төркінінде адам құқығы мәселесі жатыр. Ең басты құндылық – адам болып, әділетті қоғам құру басты мақсат болса, гендерлік теңдік өзі-ақ орнайды. Көптеген заңнамалық құжаттардың қабылданғанына қарамастан әлі күнге дейін жыныстар арасындағы теңгерімсіздіктің бар екенін статистикалық мәліметтер дәлелдеп отыр. Бұған тарих салған жарақаттардың және соңғы жылдары қоғамда діннің үстемдік етуінің ықпалы мол. Сондай-ақ тарихи-географиялық факторлардың ықпалын атап өткеніміз жөн. Көшпелі қоғамда, оның үстіне, ислам дінінің орнауы патриархалды қоғамға басымдық берді. Осындай идеологиялар адамның, ұлттың ұстанымына, көзқарасы мен өмір салтына әсер етеді. Бірақ атеистік қоғамды жақтаған Кеңес өкіметі соғыстан кейін ерлердің саны күрт өзгеруіне байланысты әйелдерді бір идеологияға біріктіріп, өз мүддесіне пайдалана бастады. Әсіресе ауыр жұмыстарды жасайтын әйелдер жиі насихатталды. Әйелдердің мойнына көп нәрсе жүктеліп, мемлекеттің жұмысы үшін әйелдер тыл жұмыстарын, ауыр қызметтерді атқарды», – дейді әлеуметтанушы.
Әлеуметтанушының айтуынша, гендерлік саясаттың бір жолға қойылуына әлі де уақыт керек. Ол қоғамдық мінез-құлық, әлеуметтік институттар, нормалар мен тәжірибелер, ресми және дәстүрлі заңдар арқылы реттеледі. «Абсолютті гендерлік теңдік орнайды деп ойламаймын, адам құқығына байланысты теңдік орнату мәселесіне баса назар аудару керек. Мәселеге осы призмадан қарағанымыз жөн. Мысалы, әдетте балалы болған соң, әйел адам бірнеше жыл бала күтіміне байланысты демалыс алады. Осы себепті орташа есеппен зейнетақы қорындағы әйелдерге тиесілі бөлшек ерлерге қарағанда әлдеқайда аз. Осындай адами, кәсіби нюанстарды ескеріп, үкімет тарапынан түзетулер енгізгені дұрыс болушы еді. Қоғамда орын алып жатқан әрқилы жағдайлардың түп-төркінінде әдетте білімсіздік, надандық жатады. Дамыған елдерде тұлғаның жынысы, сенімі, тегіне емес, білімі мен тәжірибесіне, кәсібилігіне баса назар аударады», – дейді маман.
Кез келген елдегі басты құндылық – адам капиталы. Ал әйелдердің елдің экономикалық және саяси өміріне жан-жақты араласпай дамыған елдің қатарына қосылу мүмкін емес. Ел қоғамының өркендеуіне әйел адамдардың зияткерлік мүмкіндіктері мен қабілетін толыққанды пайдаланудың маңыздылығын түсіну мемлекеттің өркендеуіне үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Құқық қорғаушы Айя Жарас іс жүзінде қазақстандық әйелдердің экономикалық мәртебесі қазақстандық ерлерге қарағанда төмен екенін алға тартты. «Гендерлік теңдік екі жыныс өкілдерінің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін біркелкі деңгейде жүзеге асыру мәселесін қозғайды. Бүгінде гендерлік кемсітушілік деректері қоғамда орын алып тұратыны рас және бұны назардан тыс қалдырмаған жөн деп ойлаймын. Сөйтіп мемлекеттік гендерлік саясат әйелдердің ғана жағдайын жақсартуға емес, екі жыныстың да мүдделері мен мүмкіндіктерін тең дәрежеде ескере отырып, нақты гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Қазіргі Қазақстандағы гендерлік саясаттың бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда қазақстандық саяси көшбасшылардың мемлекеттік қызметтің осы бағытына деген саяси мүддесінің әлсіздігін, саяси дәстүршілдікті, бұқаралық саясат кеңістігінің әйелдер үшін шұғыл тарауын, гендерлік саясат нысандарының материалдық теңсіздігін атауға болады. Сонымен қатар Қазақстанның КСРО құрамында болған тарихын да естен шығармау керек. Кеңес өкіметінің тұсында мемлекет жылдар бойы гендерлік саясаттың монополиялық объектісі мен субъектісі рөлін атқарды. Кеңестік отбасылық саясатта тек әйел – ана мен оның балалары ғана нысан ретінде қарастырылды. Мемлекет ерлердің отбасылық немесе әкелік рөлін өзінің басымдылығы ретінде танып, білмеді. Ерлерді ақы төленбейтін үй шаруасына тарту кеңестік отбасылық саясаттың мақсат-міндеттерінің қатарына тіпті енген де жоқ. Кеңестік отбасылық саясаттың нәтижесі мемлекеттік патриархаттың нығаюына алып келді. Онда мемлекет пен әйелдердің құрған одағы бойынша мемлекетке ниеттестік танытып, «жұмыс істейтін аналар» гендерлік келісімінің жарлықтарын орындаған жағдайда ғана мемлекет тарапынан қолдауға ие болатын», – дейді құқық қорғаушы.
С.БАҚБЕРГЕН