Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 20 Маусым 2024

Ғылым, технология және индустрия арасындағы чат GPT

Болыс Сәбитбек
Фото: Болыс Сәбитбек

Қазір ең өзекті мәселе чат GPT болып тұр. Бұл саланы алғаш Илон Маск бастап, кейіннен өзі бір-екі жылдан соң шығып кетті.

Олар өздерінің алгоритмдерін көрсетпейді. Өзіндік алгоритмді тауып алып, қазіргі таңда алға шықты. Қазір одан сайын дамытып жатыр. Мәселен, ақылы нұсқасында адам өзіне байланысты қосымша жасай алады. Мен өзіме таза математикалық сұрақтарға жауап беретін қосымша жасап алдым. Тапсырма беріп, файлдар енгізіп, «осы бағытта ғана жауап бересің» деп айта аласың. Одан бөлек, қандай тонда, интонацияда, қай тілде жауап беретініне дейін істеп қоюға болады. Мысалы, біреуді көндіру керек болса немесе біреуге жай ақпарат беру керек болса тонға байланысты сөздерді өзгертеді. Шетелдегі журналистер өздеріне осындай қосымша жасап алған. Оларға бұйрық, не тапсырма беріп отырады.

Бүгінгі таңда чат GPT ғылымда кеңінен қолданылып жатыр. Математикалық кейбір теорияларды тексеруге көмектеседі. Бірақ математикаға логикасы әлі жетпей жатыр. Себебі математикадағы теоремалар өте абстракті нәрселер. Ал оны компьютерлік жүйеге кіргізу қиын. Математика деген тура ғылым. Текстте сөздер ықтималдығы болғандықтан, өтірік кетіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ физика әртүрлі модельдер жасауға, идея жасауға көп теорияларды қолданып жатыр. Дұрыс жасамауы мүмкін, бірақ жақсы идея бере алады. Өйткені ол жан-жақты қарастырады. Жалпы чат gpt-ді «ақылды Coogle» деп түсінуге болады. Google ақпарат іздесең, бәрін шығарып береді. Ал нейрожүйе ақпаратты өңдеп, тек керек мәліметті береді. Яғни деңгейі бөлек бұл нәрсенің.

Нейрондарға салмақ беріледі. Әр салмағына probability дейді, яғни қазақша ықтималдық беріледі. Мәселен, «үстел» мен «кофе» сөзі бір-біріне ықтималдылығы қаншалықты жақын деген сияқты. Бұл екі сөздің бір сөйлемде кездесу ықтималдығы жоғары. Міне, осындай алгоритммен жасалады. Соңғы жасаған нейрожүйеміз барынша көп ақпарат жинап, өңдейді. Бұл жерде аса бір логика жоқ, бірақ ықтималдық бар. Яғни осы ықтималдық арқылы бір-бірімен байланыс табады.

Жасанды интеллект екіге бөлінеді. Бірі – supervisited, бірі – general деп аталады. Supervisited дегенді өзіңіз дайындайсыз. Қатесін түзетіп, оны былайша айтқанда, үйретесіз. Ал general көп ақпараттан өзі үйренеді. Ол да өз ішінен бөлінеді және оның ішіндегі көбі математикалық база. Қызығы, ол жердегі мықты мамандардың көбі бұрынғы Кеңес Одағындағы мықты математика мектебінен білім алғандар. Жалпы, бір жағынан қорқыныш болады, әрине. Әр адамның ниетіне байланысты ғой. Біреулер жасанды интеллектіні біреуді алдау үшін қолдануы мүмкін. ЖИ адам сияқты сөйлеседі. Ең жаманы, адамдардың көбі дұрыс ниетпен қолданбайды. Ғалымдар жасанды интеллектті жасау алгоритмін білгенімен, қалай істеп тұрғанын түсінбейді. Яғни белгілі бір код жазсаң оның нәтижесін алады, алайда қалай осылай істеп жатқанын түсінбейді. Былайша айтқанда, оны түбегейлі басқара алмайды. Басқара алмағандықтан да қазіргі таңда ғалымдардың бір қорқынышы боп тұр.

Шетелде Қазақстандағы kaspi-дікіндей аналог жоқ. Біз осы жерден қатты дамып кеттік. Кейде Kaspi, Freedom, Halyk Bank сияқты ірі компаниялар программистерді сырттан алмай, өздері дайындайтындай ғылымға немесе жобаға көңіл бөлсе, бұл ары қарай дами беруі мүмкін деп ойлаймын. Болашақта Kaspi жасанды интеллектіні өз платформаларына қосуы мүмкін. Ол үшін осы саланы терең меңгерген маман қажет. Осындай мамандарды қаржы бөліп, ғылыми лабораториялармен бірлесе жұмыс істеу арқылы өздері дайындай алады. Мысалы, Google-дің DeepMind компаниясы сияқты.

Ғылымның ең бірінші мақсаты түсіну. Табиғатта бар нәрселерге жауап алу үшін ғылымды игереміз. Адамдар ғылым, технология, индустрияны бір-бірінен ажырата алмайды. Ғылым – түсіну, зерттеу. Технология – ғылымды игеріп, соны қолдану. Индустрия – қолданысқа енгізу. Біз бұлардың ара-жігін айыруымыз керек. Жалпы адам ғылымға ақша табу үшін бармайды. Ғылымда ақша таппайсың. Мысалы, жазушы ақша табам деп жазбайды ғой. Ішкі жан дүниесінде жиналған нәрсені жазады. Ғылымда да дәл солай. Оған да шығармашылық жұмыс ретінде қарау керек.

Кеңес Одағының білімі мен ғылымы мықты болғанын әлем мойындайды. Бірақ олар әлеуметтік-экономикалық саясаты дұрыс болмағаннан күйреді. Көптеген ғылыми жаңалықты жасағандар Кеңес Одағының ғалымдары. Қызықты факт айтайын, Кеңес Одағының ең алғашқы хакері – қазақ математигі Мұрат Өртембаев. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде математика факультетін тәмамдаған. Бұны да көбі біле бермейді. Олар ғылымға көп ақша бөлгенімен, оны ары қарай дамыта алмады. Мәселенің бәрі жүйеде боп тұр. Қоғам «бізде Нобель сыйлығы жоқ» деп ренжиді. Бірақ біз қоғамнан асып кете алмаймыз. Қоғам көтерілгенде, барлық сала бірге дамиды. Біздің саяси-экономикалық саясат та бірге қозғалу керек. Ғылым жалғыз алысқа кетіп қалып, ештеңе істей алмайды. КСРО соның дәлелі. Бәрі бірге даму керек.

Көп адам Эйфель мұнарасын көргенде романтика елестейді. Ал мен ғалымдарды елестетем. Себебі мұнарада Францияның ең үздік 72 ғалымының аты тұр. Оның ішінде 24 математик бар. Яғни үштен бірі математик. Бұл Францияның ғылымға деген, ғалымдарға деген құрметінің белгісі. Оларда тіпті математикалық музей бар. Жалпы Францияның ғылыми музейлері көп. Ал Америка соғыс кезінде әлемнің бүкіл білімді ғалымдарын өзіне жинап алды. Мысалы, біздегі кез келген білімді адам АҚШ-қа кеткісі келеді. Себебі ол жерде мүмкіндк жасалған. Біздің қазіргі экономикамыз тек сатумен шектелген. Елдің экономикасы білім-ғылымға негізделу керек.

Қазақстанда 150-ге жуық ЖОО бар деген бір ақпарат естідім. Бұл деген өте көп. Англияда 162 ЖОО бар. Өздерінде 60 млн адам бар, сырттан келетіні қаншама. Соның өзінде 162 университет. Францияда – 72, Италияда – 92 университет бар. Ал 20 млн адамға 150 университет қаншалықты қажет? Бізде тіпті көбінің 2-3 дипломы бар. Бұның бәрін өзгерту керек. Кейбір салаларға дипломның қажеті жоқ. Оған ренжитіндей негіз көріп тұрған жоқпын.

Болыс Сәбитбек