Головкин мен Димашты айтып күпінгенімізбен, шетелде алдыңыздан Борат шығады

Садық Шерімбек әлеуметтік желі қолданушыларына етене таныс. Біреулер оны «блогер» дейді, енді біреулер «жазушы» дейді.
Өзін «технократ, жиһангез, headhunter» деп таныстыруымды қалады. Екі-үш кітап жазса да «жазушы емеспін» деді. Сұхбатта Баурабайдағы шығармашылық үй, әлемнің мәдени нарығы, қаңтар оқиғасы және кейіпкеріміздің анасымен әлемге саяхаты, т.б. туралы айтылады.
– Садық мырза, жуырда facebook әлеуметтік желіде Бурабайдан PENHOUSE деп аталатын шығармашылық үйін салуды жоспарлап отырғаның жайында сөз қозғадың. Мұндай ойға қалай бекідің, неге Бурабайды таңдадың?
– Дәл осыдан он ай бұрын мен Алматыдан Бурабайға көшіп бардым. Соңғы үш жыл Алматыда түрлі жобалар төңірегінде тынымсыз, әрі өнімді жұмыс істедім. Көпшілікке жақсы таныс Bugin.kz сайты, Daryn.online Орталық Азиядадағы ең көлемді білім платформасы, сонымен қоса Ordagen.kz балаларға арнап, контент жасайтын сайт, міне, осының бәріне өз үлесімді қостым. Ары қарай қазақ тілді технологиялық жобаларды дамыту мақсатында стратегиялық инвесторлар таптық. Олар 2 000 000$ көлемінде қаржы салатын болды. Сөйтіп, барлық шаруа реттелгеннен кейін компаниядағы жігіттерге: «осында үш жыл еңбек еттім, жобалардың бәріне ат салыстым. Қазір жұмыстар да ыңғайланып қалды. Өзім де қатты шаршадым, біраз уақыт Алматыдан ұзап тынығайын, мені ұзақ мерзімді демалысқа жіберіңдер» дедім. Жігіттер келісті. Байқасаңыз, соңғы жылдары Алматының ауа-райы өте ластанып, нашарлап барады, осының өзі маған қатты әсер етті. Оның үстіне шығармашылығымды қайтадан қолға алайын дедім. Әдетте технологиялық жұмыстың режимінде жүріп, шығармашылықты дамыту қиындау. Ақыры ойлана келе Бурабайға көшіп бардым.
Бастапқы жоспар бойынша «екі-үш ай тұрып қайтамыз» деп ойлағанбыз. Бірақ ол жақтың таза ауасы, табиғаты маған қатты ұнады. Көп өтпей шаршауым басылып, сергіп қалдым. Ойлана келе онда ұзақ мерзім тұруға бекідім.
Тыңайып, күш жинап алған соң жұмысқа кірістім, біраз видео контенттер дайындадым. Мұны көрген таныс жігіттер хабарласып: «сенің қасыңа барсақ қайтеді, Алматыда бірдеңе жазу қиындап кетті» деді. Мен «келіңдер, демалыңдар, жазыңдар» дедім. Себебі Алматыда шығармашылықтың өнбейтінін жақсы түсінем. Кеңестік атмосферадағы «Хрушевтің үйлері» адамды сығып, жаншып тастайды. Ондай жерде керемет бір шығармашылық ойлар туындай қоймайды. Оның үстіне күнделікті бітпейтін күйбең тіршілік ойыңдағы идеяның өзін жеп қояды. Негізі Алматы шығармашылық тұрғыда ең әлеуеті зор қала, соған сай аса бір интеллектуальды өнім шығарып жатқан жоқ. Себебі онда жағдай мәз емес. Әсіресе күш-қайраты тасыған жастарға обал. Олар бала-шағасымен бір бөлмелі пәтерде тұрады, күні бойы тынбай жұмыс істейді, сонда қай кезде шығармашылықпен шұғылданады?! Мен мұны айналамдағы жігіттердің өміріне сүйеніп айтып отырмын. Өзім жақын танитын мықты ақын-жазушылар бар, солар әліге дейін бір кітабын шығара алған жоқ. Шынын айтқанда, кітап шығаруға жағдайлары жоқ, әрине, бастапқы кезде ұмтылып көреді. Әлде біреулердің есігін қағып өтінеді, ақыры болмаған соң қолды бір-ақ сілтейді.
Анығында 25-35 жас аралығы интеллектуалды өнім шығаратын жастардың өндіртіп, жұмыс істейтін кезі. Кейде «Кеңестің қалдығы» деп мұрын шүйіргенімізбен Совет үкіметі кезінде дәл біздің жасымыздағы ақын-жазушылар өнімді еңбек еткен. Ал бізде ондай нәтиже жоқ. Сөйтіп, әлгі жігіттер Бурабайға келді, бір екі күн аунап-қунап демалды, сосын шығармашылық жұмысқа кірісті. Нәтижесі бірден байқалды. Жарты жылдан бері жаза алмай жүрген кітаптарын жаза бастады, оған өздері де таңғалды.
Бурабайдың бір қасиеті адамға сергектік сыйлайды. 6-7 сағат дем алсаңыз, ұйқыңыз қанып, ширап шыға келесіз. Мен әдетте 10-15 сағат демалатын ұйқышыл адаммын, ал Бурабайға барғалы 6-7 сағат ғана көз шырымын алатын болдым.
– Алматыға келгелі 6-7 сағаттық ұйқы режимің қайтадан бұзылды ма?
– Иә, Бурабайдағыдай сергек емеспін. Бұрынғы масыл ұйқы басып алды, қанша ерте тұрайын десем де ояна алмаймын. Ал Бурабайға барсам мұның бәрінен құтылам.
– Бурабайдың тұмса табиғаты, саф ауасы кісіні сергітіп тастайтын болар?
– Иә, негізі адам бойындағы энергия көбірек алмасатын бір жерлер болады. Жақында Иранға барып келдім. Бұл менің саяхаттаған 36-шы мемлекетім. Шынымды айтсам, осы 36 мемлекеттің ішінде бойыма көбірек энергия сыйлаған жер осы – Бурабай болды. Міне, осының бәрін ескере келе «Бурабайдың әлеуетін, мүмкіндігін неге пайдаланбасқа?» деген ойға бекідім. Жаңа жылдың алдында жобаның алғашқы нұсқасын жасап, айналамдағы кәсіпкер жігіттерге ұсындым.
– Кәсіпкерлер бұған қалай қарады, әдетте олар руханиятпен байланысты осындай жобаларға келгенде тартыншақтап, кібіртіктеп қалушы еді?..
– Негізі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегенді біз әлі де жандандыра алмай жатырмыз. Кез келген кәсіпкер осы елдің азаматы, осы жерде, осы мемлекетте кәсіп жаратып, табыс тапса, оның кірісінің мәлім бір мөлшері руханиятқа қызмет етуі тиіс. Сонда ғана халықтың рухани капиталы күшейеді. Анығында интеллектуалды контент өндіретін адам кәсіпкерлердің есігін қағып, жаутаңдап бармау керек. Бізде қаламгерлер кәсіпкерлерді жағалап: «атаң туралы кітап жазып берейін, өзің жайлы деректі фильм түсірейік» деп алақан жаяды. Бұндай шарасыздықтан жасалған қадамдар шығармашылық адамын ақырындап өлтіре бастайды. Ең дұрысы, кәсіпкерлер интеллектуалды ой адамына келіп, қолқа салуы тиіс. Себебі халықтың рухани сапасы көтерілген сайын оның сатып алу деңгейі де өседі. Бұл бизнестің дамуына қозғау болады. Өкінішке қарай, біз осы қарапайым заңдылықты толық түсіне алмай отырмыз. Әрине, мұның бәрі бір сәтте қалпына келе қоймайды. Ол үшін ақырындап болса да нақты қадамдар жасауы керек.
– PENHOUSE жазушылар үйінің жалпы проектісі қалай, онда нақты нелер болады?
– Қонақ үй комплексі деп жоспарлап отырмыз. Әзірше алты үйден тұрады. Әр үйдің өз тематикасы болады, әр үйге бір автордың аты беріледі. Олар «Мағжан Жұмабай үйі», «Хафиз Ширази үйі», «Дж.К.Роулинг үйі», «Эрнест Хемингуэй үйі», «Лев Толстой үйі», «Агата Кристи үйі» деп аталады. Әр үй жазушы шыққан мәдениетке сай әрленеді. Сондай-ақ әр үйде жатар орын мен ас үйден басқа кітапхана, қолайлы жұмыс орны, компьютер және жылдам интернет болады деп жоспарлап отырмыз.
Кез келген жоба коммерциялық бағытта сәтті жүрген жағдайда ғана өз өзін дамытып, ары қарай алып кете алады. Біз де саяхат маусымы кезінде қонақ үйге саяхатшыларды қабылдайтын боламыз, қалған уақытта шығармашылық бағытта жұмысын жалғастыра береді.
Қазір көлге жақынырақ төңіректен ыңғайлы жер іздеп жатырмыз. Ең қиыны, көлдің маңында бос жер жоқ, жекелер гектарлап алып тастаған, бізге қолайлы жердің бәрі өте қымбат. Құр жердің өзі қонақ үй саламыз деп жоспарлап отырған сомаға пара-пар. Егер облыстық әкімшілік тарапынан қандай да бір жерге қатысты қолдаулар болса, біз қуанар едік. Ал әзірге мұны өзіміз реттеуге күш салып жатырмыз.
– Енді осы тұста мынадай бір заңды сұрақ туындайды, PENHOUSE-ке барып, шығармашылықпен айналысатын қаламгерлерді қалай реттеп, сұрыптайсыңдар, арнайы жолдама бересіңдер ме?
– Кез келген қаламгер кәдімгі турист ретінде тиісті қаражатын төлеп, осында демалып, шығармашылықпен айналыса алады. Сондай-ақ осында келем деушілердің нақты істейтін жұмысымен, жоба, идеяларымен алдын ала танысамыз, идеясы шынымен де қызықты болса, біз қабылдауға дайынбыз. Ал егер ондай дайын жобасы жоқ, бірақ бізге келіп шығармашылықпен шұғылданам десе тиімділіктер жасалады. Барынша қаламгерлердің қалтасы көтеретіндей етуге тырысамыз.
– Бұл жобаның қандай да бір халықаралық тәжірибеден өткен үлгілері бар ма?
– Әрине, бұл тәжірибеден өткен үрдіс. Бірақ біздікі сәл басқаша. Мысалы, онтүстік шығыс Азия елдерінде теңіздің жағасында осындай үлгідегі жазушылар үйлері бар. Олар қаламгерлерді бүкіл әлемнен шақырады. Жазушылар онда тегін жатып, шығармашылықпен айналысады. Мұндай қонақ үйлер үлкен халықаралық компаниялардың мәтінін жазып беруге тапсырыс алады, сөйтеді де әлгі тапсырысты қонақ үйде демалып жатқан жазушыларға жаздыртады. Бұл қаламгерлерге де қиын емес, демалып отырған бір әредігінде сүйкей салады. Сөйтіп, жатқан еңбегін жазуымен өтейді. Көрдіңіз бе, мұнда қонақ үйдің өзі әдеби агенттің рөлін атқарып отыр.
— Жуырда бір сұхбатыңда интеллектуалды еңбекті экспорттаудың маңызы туралы ой қозғадың, осыны тарқатып айтып берші?
— Қазір бізге шетелдің көптеген кітаптары аударылып, басылып жатыр. Әрине, бұл қуанарлық, әрі құптарлық жағдай. Бірақ мынадай да бір заңдылық бар. Егер біз әлемдік нарықтағы дүиелерді өзімізге қаншалық сіңірсек, соншалық әлемдік нарыққа шығаруымыз керек. Дәл осы тепе-теңдікті сақтай алмасақ, ары қарай рухани құлдырау басталады. Ең ақырында, ештеңе өндірмейтін, тек тұтынушы елге айналамыз. Экономикадағы қазіргі кейпіміз, міне, соның кесірі. Негізінде рухани өндіріс болсын, экономикалық өндіріс болсын барлық өндірістің философиясы бірдей. Мысалы, әр қандай мемлекет әлемдік нарыққа өзінің ұлттық болмысын айғақтайтын өнімін шығарады. Көпшілік сол арқылы әлгі ұлтты, мемлекетті тереңдеп таниды, рухани-мәдени бейнесімен танысады. Біздің соңғы отыз жылдағы ең басты қателігіміз осы мәдени нарықта өнімді ештеңе сата алмағанымыз. Бейнелеп айтсақ, біздің әлемдік нарықтағы дүкеніміз қаңырап бос тұр. Оған жолай өткен кім көрінген келіп, «мынау Қазақстанның өнімі», «мынау қазақ ұлтының ұстыны» деп бар-жоқтың бәрін саудаға салды. Осының ақыры «Борат феноменіне» алып келді. Біздің әлемдік нарықтағы алаң-ашық жатқан бос кеңістігімізді «Борат» фильмі толтырып кетті. Осы күнге шейін қанша жерден Головкин мен Димашты айтып, күпінгенімізбен, шетел араласаңыз, алдыңыздан Борат шығады. Неге Борат фильмінде Ресей, Өзбекстан немесе Қырғызстан айтылған жоқ? Тіпті анау Африканың, мынау Шығыс Еуропаның бізден де күні төмен елдері бар, олар неге айтылмады. Өйткені олардың экономикасы қаншалық тұралап тұрса да әлемдік нарықта көрсете алатын мәдени өнімі бар. Ал біз туралы шетелдіктер Боратқа дейін Назарбаев пен мұнайды айтса, Бораттан соң бұл «Назарбаев, мұнай және Борат» болып өзгерді.
Тағы бір нақты мысал келтірейін, арғы жылы Amazon сайты Қазақстанда ашылды. Сонда мен сайттың мәдени-рухани дүкенін қарап таңғалдым. Сенесіз бе, онда қазаққа, көшпенділерге қатысты ешқандай кітап жоқ. Бізден басқа елдердің бәрінің рухани мұралары самсап тұр. Содан тым құрыса осы бостықты толтырайық деп баспа нарығын қолға алдық. Қазірге дейін 4-5 кітапты ағылшын тіліне аударттық. Бұл кітаптарды Amazon-ның редакторлары оқып, таңғалды. Себебі көшпелілердің мәдениеті осы уақытқа дейін әлем үшін жабық тақырып болып келді. Өйткені біз әлемнің рухани кеңістігінен оқшауланып, бөлініп қалғанбыз.
Байқасаңыз, осы уақытқа дейін қазақ музыкасы және қазақ киносы толыққанды қазақ тіліне сәтті ауысып бітті. Логикалық тізбекпен қарасақ, ендігі кезек әдебиеттікі. Бірақ бұл үрдіс сәл кешеуілдеп тұр, себебі оған дайын платформа жоқ.
– facebook әлеуметтік желісінде Қаңтар туралы бірнеше жазба жарияладың. Онда негізінен Қаңтарға дейін және Қаңтардан кейінгі ішкі көңіл-күйің айтылады...
– Мұның басы 2016 жылғы жер митингісінен басталады. Ол тұс биліктің әбден қаһарына мініп тұрған кезі. Ақ парақ алып, алаңға шыққан жалғыз адамды да ұстап, қамағаны естеріңізде шығар. Негізі жер туралы наразылық болатыны күні бұрын айтылды. Анығында жер митингісіне кешегі қаңтардағыдай шығуымыз керек еді. Бірақ көп адам ішкі қорқынышын жеңе алмады, сөйтті де бұғып қалды. Мен де қорқынышымды жеңе алмадым, түрлі сылтау айтып, өзімді «ақтап» алдым. Бірақ осы «бұғып қалудың» түбі жақсы болмайтынын сездім, ақыры ойлағанымдай болды. Бастапқы жарты жыл өйтіп-бүйтіп уақыт өткіздім, барынша оны ойламауға тырыстым, ақырында өзімді іштей жей бастадым. Жерге байланысты қандай да бір ақпаратты көзім шалып қалса, өзімді жүндей түттім. Кәдімгідей айнаның алдында тұрып өз-өзіммен сөйлесемін. «Сен ынжықсың, әлжуазсың, жерің сатылғалы жатқанда бас көтеріп, алаңға шыға алмадың» деймін. Дәл осындай көңіл-күймен қаңтарға дейін өмір сүрдім. Тіпті жер митингісінен қаңтарға дейін мен әлеуметтік желілерде бірде-бір жер туралы жазба жарияламадым. Себебі өзімді «сен кезінде митингке шыға алмағансың, қорқақ адамсың, енді өтірік жер туралы жазбай-ақ қой» деп табаладым.
– Қаңтар өзің секілді іштей ширығып жүрген біраз адамның алаңға шығуына түрткі болған секілді.
– Иә. Қаңтар адамдардың ішкі қорқыныштарын жеңуіне себеп болды. Мен де өзімді айыптаған сезімнен қаңтардан соң ғана арылдым. Сонымен қоса қаңтардағы шеруде жалқы жалпыға айналды. Абай даңғылын бойлап, шұбырып бара жатқан нөпір халықтың бәрі бірдей. Біреу – кәсіпкер, біреу – таксист және біреу қарауыл болған жоқ, бәріміз азамат, ұлт деген ұғымға айналдық. Өмірі көрмеген, танымайтын жігіттер бір-бірімізді құшақтап, ән ұранмен «Атамекенді» кезек-кезек айттық. Өзгені қайдам, тап өзім туғалы бері дәл сол күнгідей көп әнұран айтпаған шығармын. Сол күні «Атамекен» әні рухани ояну маршына айналып кетті.
– Қаңтар оқиғасынан соң facebookте «Жалбарын» деп аталатын әңгіме жарияладың. Бірақ осы шығармаң маған сәл асығыстау жазылғандай көрінді, эмоция басымдау секілді...
– Біріншіден, менің түсінігімде шығарма өз уақытында, өз кеңістігінде, маңызды болып тұрған сәтінде жазылуы тиіс. Сюжет бойынша Құдайды қаңтарға кірістірдім, ақырында оны милициялардың тепкісінен өлтірттім. Айтпақшы, ойым осы, соны жеткіздім деп ойлаймын. Екіншіден, мен жазушы емеспін. Жаза алатын, жазуға бейімім бар адаммын. 27 жасыма дейін технология саласында жұмыс істедім.
– Онда неге жазуға әуестендің?
– Дерт деп ойлаймын.
– Алғашқы кітабың «Жүз» деп аталады. Оны жазуыңа не түрткі болды?
– Бұл кітаптың жазылу тарихы қызық. Мен ол кезде Кореяда едім. Sаmsung-тың тәжірибелік курстарына барғанмын. Күнделікті жүретін жолым көрмеге толы, онда күніне бір жаңалық болып жатады. Бірінші күні робот технологияға қатысты болса, екінші күні білім саласына, үшінші күні смарт үйлер деген секілді. Осының бәріне іштей қызығасың. Ал әлеуметтік желіге кіріп қалсаң, ұшы қиыры жоқ бітпейтін даудың ортасына түсесің. Дінге байланысты, тарихқа қатысты қырық пышақ болып, қырылып жатқан қазақты көресің. Осындай абсурдқа жаның ауырады, жұрттан қаншалық кейін қалғаныңды ойлап қынжыласың. Сөйтіп, ызамен «Жүз» кітабын жаздым.
– Кейіннен «Sapar мен құдайды тапқан жоқпын» деген кітабың жарық көрді. Онда не туралы айтылады?
– Әңгімені сәл арыдан бастайын. 2010 жылдан бері мен әлемді аралап, саяхаттап келемін, сонда көрген кейбір жерлерімді «анамды осында әкелуім керек» деп картадан белгілеп қойып жүрдім. Сөйтіп, 2019 жылы қарт анамды алып, әлемнің біраз еліне саяхаттап қайттым. 126 күн жол жүріп, сегіз елге бардық. Менің анам өмірбойы ауылдан ұзап шықпаған адам. 12 жасында Өзбекстаннан Қазақстанға өтеді. Қазіргі Мақтаарал, Жетісай аудандарының төңірегіне қоныстанады. Сонда мал ұстайды, кішігірім егіншілікпен айналысады. Кейіннен атамызға тұрмысқа шығады. Өмірінде ары барса – Жызақты, бері келсе Шымкентті ғана көрген болар. Бар ғұмырын шағын ауылда, тандырдың басында өткізді. Содан да шығар анама дүниені көрсеткім келетін. Соның сәті он жылдан соң түсті. Бір екі апта жиналып, жолға шығып кеттік.
– Анаңыз шет елді қалай қабылдады, қандай қызық оқиғалар болды?
– Анам қазақы қалпын сақтаған кісі, дәл сондай адамның мына дүниені қалай танитыны, көрген-білгенін қандай сүзгіден өткізетіні мені қызықтырды. Қызық оқиға дегенге есіме түсіп отыр, бірде Кореяда патшалардың сарайына бардық. Туристік орталық етіп жасап қойған кәдімгі патшаның ордасы, келушілердің қарасы көп. Содан анама: «осында сіздің бір жақсы көретін адамыңыз тұрған» дедім. Ол кісі аңырып: «ол кім?» дейді. Мен: «Жумонг ханзада» деймін. Анам айналасына таңғалып қарайды. Біраздан кейін: «ой, шырағым, мына Жумонг өте жақсы адам болған екен» деді. Мен: «оны қайдан білдіңіз?» деймін әңгімеге тартып. Сонда анам: «егер жаман болса осынша адам басына келіп зиярат ете ме?» деді. Шынымды айтсам, туристік орталықты зияраттықпен байланыстырып ойлап көрмеппін. Ол кісі мұны өзінің ой танымына негіздеп айтып отыр. Сапар барысында осындай қызық, әрі тосын оқиғалар көп болды. Кейін соның бәрін жинақтап, кітап жаздым.
– Кітап баспадан шыққанымен оқырманның қолына жетпепті. Мұның себебі неде?
– Біз Үндістаннан 12 қыркүйекке дейін қайтуымыз керек болатын. Бірақ дәл сол уақыттағы бар билеттердің бәрін Қазақстанда оқитын студенттер алып қойыпты. 17 қыркүйекке дейін билет жоқ. Ал 12 қыркүйек інімнің үйлену тойы, оған қалайда үлгеруіміз керек. Жақын мемлекеттер арқылы да баратын билет жоқ. Жалғыз жол – Ауғанстан! Содан не керек, Делидегі Ауғанстанның елшілігі арқылы онда кіруге рұқсат алдық. Кітапта соның бәрі ашық жазылды, талибандар туралы да көргенімді, сезгенімді айттым. Бірақ талибандар билікке келген соң, анам бізді күтіп алған жігіттердің өміріне алаңдай бастады. Хабарласып едік, жағдайлары шынымен де қиын екен. Олар «қазір хабарласпаңыздар, бала-шағамызды жертөлеге жасырып, жан сақтап отырмыз» деді. Содан анаммен ақылдасып, кітапты таратуды кейінге қалдыруға бекідік. Негізі кітаптың біраз бөлігін ағылшыншаға, түрікшеге аударып та қойғанбыз. Бастысы, ана жігіттерге зәредей болса да зиянымыз тимесін дедік.
– Неге кітаптың аты «Sapar мен құдайды тапқан жоқпын»?
– Адам тумысынан өзін жаратқан, қалыптастырған нәрсені іздейді. Неге атеист ғалым дүниенің бастауына, қайнар көзіне үңіледі? Себебі ол өзін іздейді. Әу баста қазақтың өз танымындағы құдай ұғымы бар еді, кейін оны жоғалтып алдық. Түптеп келгенде, құдайды тану – алдымен өзіңді танудан басталады. Құдайдың қамқор деген бейнесі менің қарындасымның ынтасынан көрінеді. Рахым деген бейнесі әкеңнің мінезінен байқалады. Мейірім деген бейнесі анаңның қабағынан білінеді. Білім деген бейнесі кемеліне жеткен парасатты досыңмен сөйлессең сезіледі. Біздің қоғам не үшін құдайды таппай жүр? Себебі айналамызға жіті назар салмаймыз. Көршімізбен, туыстарымызбен риясыз сырласа алмаймыз. Сөйтіп, бір-бірімізбен сусып, суыған сайын құдай да бізден алыстай түседі. Қазақтың «құдайшылдығы бар», «құдайға қараған адам» деген ұғымы да осыған келіп саяды. Анаммен бірге өткізген бұл сапарда мен осы құндылықтарды қайта тапқандай болдым.
Сапардың соңына таяп қалған кезі. Делидегі мешітке кіріп, анам намазын өтеді. Мен қалжыңға сүйеп, о кісіге: «кезінде медреседе оқыдым, кейіннен құдайды жоғалтып алдым, әлі таппай жүрмін» дедім. Анам сонда жымиып күлді де: «балам, құдайды басқа жерден іздеме, ол сенің ішіңде» деді. Дәл сол сәтті құдай маған анамның көзімен күліп қарап тұрғандай сезілді.
— Сұхбатыңа рақмет