Головкиннің үшінші жеңісі
Қазақстандық боксшы, Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің жетекшісі Геннадий Головкин халықаралық World Boxing федерациясының президенті болып ресми түрде сайланды. Кәсіпқой аренада GGG атымен танылған даңқты отандасымыз халықаралық спорт ұйымын басқаратын алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді.
«23 қараша күні Италияның Рим қаласында өткен Конгресте орта салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы және 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды», – деп жазды World Boxing ұйымының баспасөз қызметі.
Ұйым таратқан ақпаратқа сенсек, Головкин бұл лауазымға жалғыз кандидат болған. 2025 жылдың қазан айында бірнеше үміткер президенттік сайлауға қатысуға өздерін ұсынған, бірақ қазақстандық спортшы ғана кандидаттардың өмірбаянын саралайтын тәуелсіз тексеру комиссиясының сынынан өте алды.
Конгресте сайлаушылардың бәрі бір ауыздан Головкиннің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Дауыс беруге барлығы 58 ұлттық федерация өкілі қатысты. Головкин үш жыл мерзімге сайланып отыр, ол ұйымның алғашқы президенті, нидерландық Борис ван дер Ворсттың орнын басты. Отандасымыздың алдында бокс спортын 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындау міндеті тұр.
Геннадий Головкин 2024 жылы ақпан айынан бері Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ 2024 жылғы қыркүйекте World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болды.
«Боксқа қатысты жолдың барлық кезеңінен өттім. Спортшы болып Олимпиада ойындарында өнер көрсеттім. Кейін әлем чемпионы атандым. Енді, міне, спорт саласында көшбасшы ретінде қызмет етіп келемін. Мен мұнда бокстың болашағы үшін жұмыс істеуге келдім.
Халықаралық Олимпиада комитеті Olympism365 комиссиясының мүшесі әрі World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде жақсы білетінім: әділ басқару – спортшыларды және біздің спортты қорғайтын басты тетік. Бүгін біз алға қарай маңызды қадам жасап отырмыз. Біз спортшылар сенетін, Олимпиада қауымдастығы құрметтейтін федерацияға айналуымыз керек.
Әрбір боксшы әділ әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамыса деймін. Біз тәуелсіз боламыз, бірақ Олимпиадалық құндылықтарды құрметтеп, әділдік, теңдік және спортшыны қорғау қағидаларына сай жұмыс істейміз. Қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын», – деді Геннадий Головкин.
Халықаралық федерацияға президент болған Головкинді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. «Бұл – Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды», – деп жазылған Тоқаевтың құттықтауында.
Конгресс барысында Федерация регламентіне қатысты мәселелер, халықаралық күнтізбе және ұйым құрылымын дамыту тақырыбы қаралды. Сондай-ақ World Boxing ұйымының басқару органдарына сайлау өтті. Атап айтқанда, бір вице-президент пен екі атқарушы кеңес мүшесі сайланды. Нәтижесінде канадалық Райан О'Ши вице-президент атанса, Михаэль Мюллер (Германия) мен Тацуя Накама (Япония) атқарушы комитетке мүше болып сайланды.
World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылғы сәуір айында құрылған. Бұл ұйым әлемдік аренада Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (IBA) орнын басты. Қазір World Boxing-ға әлемнің 136 елі мүше болып отыр. Қазақстан бокс федерациясы 2024 жылы қарашада Халықаралық Олимпиада комитетінің кәріне ұшырап, бар беделінен айырылған IBA құрамынан шығып, World Boxing ұйымының қатарына қосылған.
Ұйымның алғашқы жарыстары 2023 жылдың екінші жартысында өте бастады. World Boxing 2024 жылы қазанда АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында алғашқы әлем чемпионатын өткізді, оған 19 жасқа дейінгі спортшылар қатысты. Ал ұйымның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты биыл 4-14 қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында ұйымдастырылды. Сондай-ақ 2027 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Бұл турнирде 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама үлестіріледі.
Геннадий Головкин – Қазақстаннан шыққан ең даңқты боксшылардың бірі. 1982 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген. Әуесқой бокста 345 жекпе-жекте жеңіске жетіп, 5 кездесуде жеңілген. 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері (75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), 2003 жылғы әлем чемпионы, Азия (2004 ж) және Азия ойындарының (2002 ж) чемпионы, Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы (2001 ж) және Қазақстанның жеті дүркін чемпионы.
Афина Олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа бет бұрып, толағай табысқа қол жеткізді. WBA (14 тамыз 2010 – 15 қыркүйек 2018), IBF (17 қазан 2015 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – 2022 жыл), WBC (18 мамыр 2016 – 15 қыркүйек 2018) және IBO (9 желтоқсан 2011 – 15 қыркүйек 2018; 5 қазан 2019 – 2022 жыл) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атанды.
GGG кәсіпқой бокста жалпы 45 жекпе-жек өткізіп, 42 мәрте жеңіске жетті. Оның 37-сін нокаутпен аяқтаған. Бұдан бөлек, бір рет тең түсіп, екі мәрте жеңілді. Соңғы үш нәтиже де мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы кездесулерде тіркелді. Бірақ көп адам бұл нәтижелермен келіспейді. Әсіресе 2017 жылы 16 қыркүйекте Лас-Вегастағы (АҚШ) T-Mobile Arena-да өткен алғашқы кездесуде Головкин жеңді деп санайтындар көп. Мысалы, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған Ұлыбритания боксшысы Билли Джо Сондрес сол кезде: «Тең нәтиже – қорлау. Бұл кездесуде Головкин жеңді» деп жазған. Тура бір жылдан кейін, дәл осы аренада өткен екінші жекпе-жектің нәтижесіне де талас көп. Сарапшылар бұл кездесуде GGG жеңбесе де, жеңілген жоқ деп есептейді.
Ал қос боксшы арасындағы үшінші жекпе-жек 2022 жылы екінші орта салмақ дәрежесінде өтті. Головкин мен Альварес арасындағы текетірес ХХІ ғасырдағы ең таңғаларлық трилогиялардың бірі ретінде тарихқа енді. Үш жекпе-жек қос боксшының табысы мен танымалдығын арттырды. Бірақ екі боксшы арасындағы трилогия көп көңіліндегі сұраққа толық жауап бере алған жоқ. Жұрт арасында Альварес әдейі уақыт созып, Головкин шау тартқанда ғана рингте кездесті деген әңгіме бар.
Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі чемпиондық белбеулерінен бөлек, тарихи жетістіктері де аз емес. Мысалы, ол чемпиондық атағын 20 жекпе-жекте сәтті қорғап, америкалық даңқты боксшы Бернард Хопкинстің рекордына (21 жеңіс) бір табан жетпей қалды. Сондай-ақ 2008 жылғы 22 қарашадан 2017 жылғы 17 наурызға дейін 23 кездесуде қатарынан нокаутпен жеңіске жеткен. Оның мансабындағы барлық жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жету көрсеткіші өте жоғары – 82%.
Әуесқой бокста Азия және әлем чемпионы атанып, Олимпиаданың күміс медалін алған, кәсіпқой бокста орта салмақта үш ірі тұжырым бойынша чемпион болған Головкин енді халықаралық бокс федерациясының тізгінін ұстады. Яғни, отандасымыз бокс әлемін үшінші мәрте бағындырып отыр.
Әлем кубогы: бұйырғаны – 1 алтын, 1 күміс, 6 қола
Геннадий Головкин төрағасы болып сайланған World Boxing ұйымының 2025 жылғы қортынды әлем кубогы турнирі 15-21 қараша күндері Үндістанда өтті. Бокстан әлем кубогы – World Boxing әзірлеген жарыс форматы. Онда таңдаулы ер және әйел боксшылар күнтізбелік жыл бойы жарыстың бірнеше кезеңіне қатысып, рейтингтік ұпай жинайды.
Бокстан алғашқы әлем кубогы турнирі 2023 жылы қазан айында Германияның Кельн қаласында өткен. Ал алғашқы серия 2024 жылы ұйымдастырылды. Боксшылар Англия, АҚШ және Моңғолияда бақ сынап, 2024 жылдың қарашасында Англияда финалда додаға түсті. Ол турнирлерге Қазақстан боксшылары қатысқан жоқ. Өйткені біздің құрама World Boxing ұйымына 2024 жылы 4 қарашада ғана мүше болды.
Әлем кубогы кезеңі биыл Бразилияда (30 наурыздан 5 сәуірге дейін), Польшада (12-16 мамыр), Қазақстанда (30 маусымнан 6 шілдеге дейін) және Үндістанда (15-21 қараша) өтті. Қазақстан құрамасы Бразилиядағы алғашқы кезеңде 3 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды. Польшада өткен турнирге қазақстандық боксшылар қатысқан жоқ. Ал Астанадағы әлем кубогы кезеңінде біздің құрама 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға ие болған. Атап айтқанда, ерлер құрамасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қола, ал қыздар құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде еншіледі.
Өкінішке қарай, Үндістанда өткен финалдық турнир Қазақстан құрамасы үшін аса сәтсіз болды. Біздің боксшыларға небәрі 1 алтын, 1 күміс, 6 қола медаль ғана бұйырды. Әділін айту керек, бұл турнирге құраманың бірінші нөмірлі боксшылары барған жоқ. Оның үстіне толық құрамда қатыспады. Нью-Делиге жігіттерден 8, қыздардан 5 боксшы ғана барды. Ұлттық құрама бапкерлері не үшін мұндай шешім қабылдағаны белгісіз. Жастарды қатыстырғанына қарсы емеспіз, бірақ не үшін толық құрам жібермегенін түсіну қиын.
Үндістанда Қазақстан атынан Нұрзат Оңғаров (50 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Нұрбек Мұрсал (70 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Санжарәлі Бегалиев (80 келі), Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі), Бекзат Таңатар (90 келі), Даниял Сапарбай (90+ келі), сондай-ақ Ақбота Болат (48 келі), Жансая Рахымберді (51 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диана Мағауияева (80 келі) және Әсел Тоқтасын (80+ келі) өнер көрсетті.
Бұл боксшылардың арасында Сұлтанбек Айбарұлы ғана чемпион атанды. Ол финалда Өзбекстан өкілі Жасурбек Юлдашевты жеңді. Ал Нұрбек Мұрсал ақтық сында үндістандық Хитешке есе жіберіп, күміс медаль алды. Сондай-ақ Cанжарәлі Бегалиев, Даниял Сапарбай, Жансая Рахымберді, Ұлжан Сәрсенбек, Диана Мағауияева және Әсел Тоқтасын қола медальге қол жеткізді.
Нью-Делиде өткен 2025 жылғы соңғы әлем кубогы кезеңінде 13 елдің боксшылары жүлде жеңіп алды. 8 мемлекеттің спортшысы алтын медаль алды. Жалпыкомандалық есепте үндістандық былғары қолғап шеберлері көш бастады. Жергілікті боксшылар 9 алтын, 6 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Ал Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте екінші орынға ие болды. Үздік үштікті англиялық боксшылар түйіндеді (2 алтын, 1 күміс 3 қола медаль). Ал Қазақстан құрамасы командалық есепте 7-сатыға жайғасты.
Ал биылғы әлем кубогы сериясындағы жалпы есепте Қазақстан құрамасы 12 алтын, 5 күміс, 13 қола медальмен екінші орында тұр. Бірінші орын Үндістан құрамасына (13 алтын, 12 күміс, 10 қола медаль) бұйырды. Ал өзбек боксшылары үздік үштікті түйіндеді (9 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль). Осымен 2025 жылғы World Boxing турнирлері аяқталды. Келер жылдан бастап ұйым туы астындағы бокс бәсекелері Геннадий Головкиннің жетекшілігімен өтеді.
Айтпақшы, аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмейтін IBA биыл желтоқсанның басында ерлер арасындағы әлем чемпионатын өткізуге дайындалып жатыр. Әлемдегі көп федерация World Boxing құрамына өтіп кеткендіктен, бұл ұйым боксшылары үлкен жүлде қорымен қызықтырып отыр. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында жеңімпазға – 200 мың, күміс жүлдегерге – 100 мың, қола медаль иегеріне 50 мың доллар берген. Биылғы сыйақы бұдан әлдеқайда жоғары болады деген әңгіме бар.
Қуаныш Қаппас