Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:42, 24 Мамыр 2023

Ғосман Төлеғұл. КӨНЕБАЙ СЫНЫҚШЫ (Новелла)

None
None

Жыл аяқталарда не көп қауырт жұмыс көп. Қай мекеме, қай кәсіпорын болсын, бұл кезде мәреге жақындаған аламан бәйгенің кейпіне түседі.

Сол себепті де манағы кезде бастығым шақырып: «Жедел «Шалғай» совхозына жет! Рас, таңғы автобус, көлік атаулының барлығы кетіп койған кез, дегенмен үлкен жолдың үсті ғой, бірдеңе кездесер» деп жедел тапсырманың мән-жайын тәптіштегенде, пәлендей таңданған жоқпын. Жолсапар кағаздарымды, керек-жарақ құжаттарды дайындап, кеңседен шыққанша, уақыт түске де жақындап қалды.

Желтоқсанның қытымыр аязы күшіне ене бастапты, қатты бұраған аспаптың ішегіндей шыңылтыр ауа аяқ басқан сайын шың-шың етеді. Бұлтсыз ашық аспанда мыс табақтай жылтыраған, қызуы жоқ күннің көзі қоскұлақтана қалыпты.

Жолшыбай машина тосқаныма әжептәуір уақыт болып қалды. Күткенде қалағаның жуырмаңда бола қоя ма, бәтіңкенің ұлтанынан өткен ызғар бойды қалтыратып, секірте бастады. Екі-үш жеңіл машина тоқтамай өте шыққан, «бір күнге жанып бара жатқан ештеңе жоқ, ертеңгі автобуспен шығу керек еді» деп те қоям іштей.

Әлден уақытта көз тіккен жақтан бір жүк машинасы көрінді. Жолаушы ырымшыл ғой, «иә, сәт» деп қарасыны көрінгеннен-ақ қолымды көтере бердім. Жүгі ауыр білем, ыңырана гүжілдеген жап-жаңа көкшіл «ЗИЛ» жанаса бере жүрісін баяулатты. Машина тоқтар-тоқтамастан жүгіре жеткенмен жолаушы жақ есігін ашып жіберіп, сәлем бердім.

Қырықтан асқан, қияқ мұртты, иманжүзді қазақ жүргізуші күле қарады.

– Thy, жігітім, мүлдем бозарып кетіпсің ғой. Қайда барушы едің?

– «Шалғайға».

— Ә, жолың болады онда, отыр.

… Машина ырғала қозғалды. Жүргенімізге бір-екі минут өтпей-ақ жып-жылы кабинадан бойыма жайлышуақ тарай бастады. Оның үстіне мотордың біркелкі уілі мен жол бедерінің бесікше шайқағаны қосылып, тіпті маужыратып жіберді.

— Жылына бастадың ба, батыр, білісе отырайық. Осы жердікімісің?

Шыққан шаруамды, жөнімді айттым. Сосын аз үнсіздіктен кейін: «Өзіңізге жол болсын?» – деп сұрадым.

«Менің бара жатқан жерім – Нарасырғандағы Қарлыбұлақ».

Сөйдеді де, қалтасынан темекі алып тұтатты. Алдыңғы әйнектен жолдың көкжиекке сіңіп жоғалған тұсына қарай тесіле қарап, шылымын құшырлана сорып-сорып қойды.

– Шамасы, жүк тасисыз ғой ол жаққа?

— Жоқ, бұл барыстың мәнісі басқашалау… Жә, тек отырғанша айта отырайын, әнгіме жол қысқартады дейді ғой, солай емес пе, жігітім. – Шофер сәл жымиды да: – Сен алдымен мына менің қолыма қара, – деп, сигарет ұстаған сол қолын маған қарай созыңқырады. – Оң қолымнан айырмашылығы бар ма?

Осы кісі ойнап отыр ма деп бетіне қарадым. Жоқ, сол байыпты кейіп, үлкендеу көздері одан сайын ұшқындана түскендей, қуақылана, сынай қарайды. Екі қолдың айырмашылығы бола ма екен, әрине, бірі екіншісіне айнадағы суретіндей ұқсас. Кәдімгі күс басқан, тері сызықтарына машина майы сіңген еңбек адамының қолдары.

– Жоқ, – дедім таңдана.

– Гәптің бәрі, міне, сонда, – деді ол күлімсіреп. – Ал бұдан екі жыл бұрын осы қолымның көлемі оң қолымнан екі еседей кем болатын. Ол кезде мына рульді ұстау орындалмас арман-ды мен үшін...

– Қалайша?

— Осыдан бес жыл бұрын да қазіргідей Тереңсай тас карьерінде жұмыс істейтінмін. Әйелім, бала-шаға, жеке үй, дүние-мал деген сияқты біреуден ілгері, біреуден кейін тұрып жаттық. Біздің кәсіп белгілі ғой: алакөбеден тұрасың, содан күні бойы дөңгелек үстінде. Адам қажымай қоймайды, бірақ осы «мазасыз» кәсібімді өзім ұнатам. Мұнымды жар салып сыртқа шығармағаныммен, жұмысқа көп дем береді, мол септігін тигізеді.

… Сол жылғы күз біздер үшін ерекше тынымсыз болды. Не апталап қара жаңбыр жауады да тұрады, не кенет суық түсіп, жердің бетін қатырып тастайды. Мұндайда бәріміздің де зықымыз шығады. Кей-кейде көктайғақ болған карьерден шыға алмай, тіпті сағаттап тұрып қалатын да кездеріміз болатын.

Өмір бақи есімнен кетпейтін сол күн танертеңнен ашық болды. Жігіттердің де көңілі жадыраңқы. Жұмысқа құлшына кірісіп кеттік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Түс ауа терістіктен шөкімдей ғана боп көрінген қара бұлт бара-бара аспанды тегіс жауып алды. Жакындап келе жатқан бір сұрапылдың хабаршысындай қатты дауыл да соғып берді бір кезде. Әлі жөнді кеуіп болмаған жолдың топырағы лезде тозаңға айналып, сай-саланы қуалай жөнелді. Карьердің іші де әлгіндей болмай, түк көрінбес шаң тұманына айналды.

Бір ғажабы, қатты жел қалай шапшаң басталса, солай тез тынды. Машинаның қорабын тасқа толтырып алып, әзер дегенде карьерден шығар жолға түсуім сол еді, әйнекке тырс-тырс етіп алғашқы ауыр тамшылар тама бастады. Күндегі әдетіне басқаны көрініп тұр. Бірер минут өтпей кәдімгі қара нөсер құйды да кетті. Онсыз да қара түнек басқан төңірек астаң-кестең, аласапыранға айналды ма дерсің. Безек қаққан әйнексүрткіштер шүмектеп құйған суды сыпырып үлгере алмай жатыр. Жолдың жылтыраған қос жолағы ғана анда-санда бір бағыт көрсетіп қалады.

Қиыршық заводы үш-төрт шақырымдай жер болатын. Тас төгетін орында машиналар иіріліп тұр. Шоферлар күзетшінің үйшігіне кірген-ау деймін. Жүгімді аударып, машинамды тұрғандардың қатарына тоқтаттым да, жүгіре басып, үйшікке кірдім. Көк түтіннен көз ашитын кішкентай ғана бөлмеде жолдастарым керілдесіп жатыр екен. Біреулері енді бір рейіс жасайық десе, екіншілері «мынадай күні не қылған жұмыс, жаныңа қасың бар ма?» деп кейиді.

– Жігіттер, соңғы кезде жауын-шашын деп мәнді жұмыс істей алмай қойдық. Тым болмаса, күндік нормаға жетейік, тағы бір қатынайық, – деді Қызыр деген мосқалдау шофер.

– Қауіпсіздік техникасын ұмытпаңыз, отағасы. Мынадай күнде рұқсат бере қояр ма екен? – ортамызға жуырда қосылған Вадим оған қарсы шықты.

– Ау, біз осы несіне сөзді босқа шығын қыламыз. Одан да жолға шығайық, біраз жылындық қой. –Төр жақта отырған Максимнің үні нық шықты.

– Рас, текке отырмайық, – дедім мен де...

  Жаңбыр әлі төпеп тұр. Жолдастарымның тиелген машиналары ыңыранып, ышқына қозғалып, карьердің түбінен шығар жолмен бірінен соң бірі тасбақаша өрмелеп барады. Менің қорабыма соңғы ожауын «қолқ» еткізіп, экскаваторшы жігіт терезеден бірдеме деп қолын ербеңдетіп жатыр, шамасы, енді келме дегені ғой деймін.

Машинамның доңғалақтарының сыртқы резеңкесінің тозығы жетіңкіреген болатын. Тереңсайдың түрпідей жолдары қойсын ба, бедерлері тіпті жоққа таяу-ды. Сол кәдік қазір өзін білдіріп-ақ келеді. Дөңгелектер көбіне босқа зырылдап, тұтқырлы тиянақ таба алмай келе жатқаны сезіледі. Зорға деп карьердің кемеріне шықтым. Алдыңғы машиналар едәуір ұзап кетіпті. Осыдан жол оңға бұрылып, жүз метрдей кемердің жиегімен жүретін – бұл шоферлардың өздерінің төтелете салып алғаны. Алғашында карьердің бетін ашқанда сары балшығы аралас үстіңгі қыртысы жан-жағына сырылған-ды. Жолға айналғасын ол тапталып, даңғыл болып жататын. Соңғы жаңбырдың бүлдіргені ме, әлде доңғалақтардың әсерінен бе, тереңдеген екі арна манағы кезде сарқырап аққан қос жылғаға айналып жүре берген. Үйреншікті жүз метрді өтіп, бұрылысқа жақындағанда байқадым: қос жылға жол арнасын бұза тікелей тартыпты. Аққан су да, жауған су да қара топырақты шайып, жарқабақтың сабындай тайғанақ сары балшығын жалаңаштай карьерге сарылдап жатыр. Жүрісі баяу болса да екпінімен келе жатқан машинаның арт жағы бұрыла бере бұлтың ете қалды. Күтпеген жерден тап болған қауіптен жүрегім су ете түсті. Жанталаса жылдамдықты ауыстырып едім, көмегі болмады. Дөңгелектер бар күшіне сала зырлай айналса да машина дәрменсіздікпен жарқабақтың ойысына қарай жылжи берді.

«Секіру керек» деген ой түйсігімді найзағайдай осып өтті. Бірақ кеш қалыппын. Кабинаның есігін аша бергенде арт жағы кемерден асып, лезде төмен тартқан машинаның шошаң етіп жоғары көтерілген капотын ғана көріп қалдым. Сосын бір есімде қалғаны – қатты су ағыны. Жарқабақтан тарқатылған, бұрымдай боп құлай аққан сарқырама осы кезге дейін көз алдымда тұрады. Сонан кейінгісін білмеймін, сабалаған жауын, сұрықсыз төңірек, барлық дүние тасыр-тұсырға толы тұңғиыққа айналып жоқ болды...

Есімді екі тәуліктен кейін жидым. Мені ауруханаға карьер басындағы бульдозердің тракторшысы жеткізіпті, экскаваторшы екеуі кабинадан әзер шығарып алған. Жардан құлаған машинаның да сау тамтығы қалмапты. Шала ашылған есікке сол жақ иығым қысылып қалса керек, бұғанам мен тоқпақ жілігім быт-шыт болып сынып, екеуінің қосылған буыны ажыраған. Көп күтсін бе, дәрігерлер бәрін орын-орнына келтіріп, гипстеп тастапты. Көп болса бір ай, сосын қайыра машинаңа отырасың дейді. Жаным аман қалғанына мен қуанышты, тәйірі, бір ай деген немене деймін өзімше.

Тас құрсауды алатын уақыт та таяды. Қимылсыз болғандықтан ба деп ойлаймын, сыздап ауыра беретін. Жүрегім алып-ұшып дәрігер шақырған бөлмеге келдім. Әлден уақытта гипс те алынды.

– Ал енді қолыңды ақырын қозғап көрші. Кәне, ептеп жоғары көтер, – деді емдеуші дәрігер.

О, ғажап! Мына әрекеттердің біреуін де істей алмадым. Өз қолым бейне бір байлап қойған келсаптай өз дегеніме көнбейді. Қанша талпынсам да болмайды. Ой бар, әрекет, дәрмен жоқ. Дәрігер де аң-таң. Содан рентгенге апарып, суретке түсіріп, басқа мамандармен бірге зерттеп көріп еді, бәрінің пікірі «сынықтар дұрыс салынған, ауытқу жоқ» болды. Қысқасы, сол ауруханада, одан басқа тағы бірнешеуінде, әйтеуір не керек, бір жылдай ақ халаттылардың қарауында болдым. Бірақ еш шипа болмады. Қолым уақыт өткен сайын семіп, сола берді, сола берді. Түсі де илеген мал терісіндей сарғыш тартты. Ақыры, медициналық комиссияның шешімімен тиісті жәрдемақы тағайындалып, барлық іс осымен тынды. Ой, жігітім-ай, несін айтасың, бірнеше жылға жүк болар жан зардабын шектім ғой. Кезінде темірді дегеніне бағындырған қайратты қолым салбаңдаған бір пайдасыз, тіпті кедергі мүшеге айналғанын көру нағыз азап екен. Бірақ қанша күйзелгенмен, істерге шара жоқ, амалсыздан тағдырдың тәлкегіне көндігуге тура келді...

Әңгімеге елти ұйығаным соншалықты, маңайдағының бәрін, шыққан шаруамды түгел ұмытып, ара-тұра шылымын сорып қойып сөйлеп отырған жургізушіден көз алмай қарап қалыппын. Бірде кемтарлық азабын онымен бірге тартқандай жан дүнием қуырылып, жүрегім езіліп отырса, енді бірде оның сол қолына сиқырлы дүниені көргендей ұрлана қарап қоямын. Шофер әңгімесін жалғастыра берді.

– Сөйтіп жүргенде үйімізге осы көрші облыста тұратын нағашы туысым келе қалды. Көптен көріспеп едік, мына халімді біліп, қайғыма ортақтасты. Кешке қонақасы ішіп отырып, ол кенет:

— Бауырым, осы біз жақтағы Қарлыбұлақта бір керемет сынықшы бар деп естуші едім. Аты Көнебай болса керек соның. Дәл өзімнің ісім түспесе де, алдынан өткендер, білетіндер ол дегенде ішкен асын жерге қояды. Соған барып көрінсең қайтер еді, үмітсіз шайтан деген? – деп ой тастады. Мен, әрине, сөз айтпай келістім.

Көп ұзамай, осы шешім, аңсаған үміт мені Нарасырған етегіне алып келді. Көшеде доп қуып жүрген көп қара сирақтың бірі менің сауалыма кідірместен «Сынықшы атам анау үйде тұрады» – деп, оқшауланған ағаш үйді нұсқады. Сырттан қарағанда жұпыны, жүдеулеу көрінген үйдің іші көз тоқтатарлық екен. Кірер бөлмеде ешкім болмаса да, «Ассалаумағалейкүм» деп дыбыс бердім. Төргі бөлменің жармасы ашылып, шамалауымша, осы үйдің бәйбішесі шықты.

— Төрлет, шырағым, үй таппай келген жоқ шығарсың.

Кемпірдің бірден оң қабақ бере сөйлеуі, меймандостығы бұл шаңырақтың қонаққа таңсық емес екендігін көрсетіп тұр.

Төрде қазақы үстелдің басында шай ішіп отырған ақсақалға қол беріп амандастым. Ол да жылы шыраймен амандық-саулық сұрасып жатыр. Жасы жетпістің қырқасынан жаңа ғана асқан болу керек, ашаң жүзіне қою қаба сақал жараса біткен, әлі нұры тая қоймаған үлкен көздер, кең маңдайын кестелеген қазақы тақия жасыра алмай тұр.

– Танымадық, балам, – деді ол алдыма шәй келгенде. Басымнан өткен хикаяны, ойламаған жерден ғаріп болғанымды, келген мақсатымды түгел баяндап шықтым.

— Жарайды, шырағым, қамықпа. Қолдан келгенді аямайық, жасап бағайық. Ал қазір жатып дем ал, жолдан келдің ғой.

Кештесін кембағал қолымды, иығымды сипай отырып, сынықшы біраз нәрсеге көзімді ашты.

– Біздің қазақ көшпелі халық болғанымен, оның білетіні, ғасырлар бойы тоқығаны, түйгені ешбір жұрттан кем емес. Әсіресе емшілік өнерде, мейлі қайсыбір түрлері тұрпайылау болса да, бағалы дәстүрлері бар. Өз басым кейбір жаяу бақсы-балгерлердің, жалған тәуіп-құшнаштардың дәнсіз дақпырттарына титтей де мән бермеймін. Бірақ халықтың ұшан-теңіз тәжірибесіне, аруақты әкем Бигелдіден қалған сынықшылыққа кәміл сенемін.

– Сонда сынықтың қандайын болсын сала аласыз ба?

– Құдайға шүкір, осы жасқа жеткенше алдыма келген адам түңіліп қайтқан емес. Әкем марқұм сондай шипагер, қолы да, сөзі де дуалы кісі деуші еді жұрт, бойындағы қасиетінің біразын маған тастап кетсе керек.

— Ал енді менің көңіліме жұбаныш болардай не айтасыз?

Көнебай аз-кем үнсіз отырды да, сол баяғы сыр бермес пішінімен сөзін қайыра жалғады.

— Өзім сынықшылықпен айналысқалы сендей емзар адам бірінші рет кездесіп отыр. Әйтсе де жаңағы айтқан әкейдің бұдан қырық жылдай бұрын өзіңе ұқсас бір ғаріпті құлан таза жазып шығарғаны есімде. Отызыншы жылдың басы болатын, ұмытпасам, тауық жылы. Ол бір жазының тұрқы салқын, қысының жұты басым мезгіл еді. Сонау Баянауыл жақтан туыстары бір жылқышы жігітті алып келіпті. Қатты боранда ыққан жылқыны қайырам деп жүргенде орға құлап, асықты жілігін шыбық сүйегімен қоса сындырған екен. Кейін орнына салғанда бітуінде кәдік болған ба, әйтеуір аяқ өзінен-өзі семіп, жансызданып кеткен. Сондағы әкемнің тәсілін саған қолданғым келіп отыр.

Сынықшының әр сөзі зердеме нұр құйғандай жайлы тие бастады. Асықпай сөйлеп отырып, өз ісіне деген нық сенімді қарсы алдындағы адамның көңіліне ұялата, оған көз алмастан қарайтын әдеті бар екен. Кәрілік жеңбеген шарасы үлкен қой көздері бейне арбау үшін жаратылғандай, әлде шынында да сондай қасиеті бар ма, қайдам. Қазіргі кезде гипнозбен емдейтін арнайы оқыған дәрігерлер болады деседі ғой.

– Мен бәріне де бақұлмын, ақсақал. Не істесеңіз де еркіңізде, көндім.

— Онда ертең сәрсенбінің сәтіне, құдай қаласа, кірісеміз.

Үй иесі менен ерте тұрса керек. Кешегіден мүлде өзгерген, қимылы ширақ. Босағаға өгіздің қамытына ұқсас ағаш аспаптарын жиып қойыпты.

— Кілтипанның бәрі тоқпақ жілікте екен, – деді ол таңертеңгі асты ішіп болған кезде. – Екі басы дұрыс жалғасқанымен, қиюласқан жігі табиғи сәйкестігіндей емес, шала, жетілдірілмеген, соның зардабы төменгі жүйке тамырларына, ет-сіңірлерге тараған. Соны түзеп жіберсек болды. Ал енді мына шөптің тұнбасын ішіп жібер.

Әлгі тұнбаның әсері ме, сәлден соң бойым біртүрлі рахат сезімге бөленіп, енжарлық баса бастады. Құрал-саймандарын әзірлеп жүрген Көнебай: «Ал жігітім, қолыңды мына жерге сал, – деді бір кезде. Салдым. – Бір сынған жер екіншіде ауырмас болар, дегенмен шыда».

Түйсігім, сана-сезімім буалдырлана бастаса да бірден түсіндім: құдай-ау, бұл кісі қолымды қайтадан сындырып, сонан соң салғалы тұр ғой! Денем түршігіп кетті. Осы мезетте «Ә, сәт!» деген Көнебайдың дауысымен қайта сынған сүйектің күтірі қатар шықты. Көз алдым қызылды-жасылды шеңберлерге толып, қараңғы түнекке батып кеттім.

Сүт пісірімдей уақыт ессіз жатсам керек. Шартты межесі өткеннен кейін Көнебай сынықты қайта орнына келтіріп салып, өзіне ғана белгілі майларды жағып, таңып байлап тастады.

Сол жатқаннан әлгі үйде бір аптадай болдым. Сынықшы қасымнан бір елі шықпады десем өтірік емес. Қадағалап отырды. Әңгімеге де құлағымның құрышын қандырды, өзі де таусылмас қазына екен.

Аптаның аяғын ала шынтағымның үстіңгі жағы, білегім, алақанымның сырты қышып, жан біте бастағанын сездім. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. «Қуанған да, қорыққан да бір дейді ғой», әлгіні Көнебайға айта отырып, көздерімнен қос тамшы қалай ыршып кеткенін байқамай қалыппын. Бір жеті бойы менен кем толқымаған ол кісі де «уһ» деп демін алды, енді еліңе қайтуыңа болады деген сыңай танытты.

Аттанайын деп тұрып бар ризашылығымды, рақметімді, жүрекжарды сөздерімді айта келіп, менен не тілесеңіз де орындауға әзірмін дедім. Көнекең жай ғана басын шайқап: «Тек сау болғайсың, айналайын, түк те керек емес», – деді.

Күндер өте берді. Шамасы үш айдан соң қолым мүлде баяғы қалпына келіп, жұмыс істеуге де әбден жарап қалды. Өмірдің бар қызығы қайтадан менмұңдалап шақырып тұрғандай, қуаныш пен бақытқа толы күндер басталды. Бұрынғы жұмыс орныма қайта келдім: бұған медициналық комиссия да толық рұқсатын беріп, машинаға отыруға болады деген шешімін хаттаған. Қазір сол манағы айтқан Тереңсайдан тас тасимын, жуырда мына жаңа машинаға ие болдым.

Өткен жазда Көнебай сынықшының үйіне отын-шөбін жеткізіп бергем, енді, міне, көмір апара жатқан бетім. Мүгедектіктен, бақытсыздықтан мені арашалап қалған сол кісі үшін өзімді өмір бойы қарыздармын деп есептеймін, нендей тілегі болса да орындауға бармын, әттең, ол кісі сұрау дегенге жоқ.

… Шофер әңгімесін аяқтап, қайыра шылым тұтатты. Мен де иығымнан зіл батпан түскендей жеңілдене күрсіндім. Оның сол қолына енді басқаша қараймын, осы қолға екінші өмір құя білген бейтаныс Көнебай қартқа сырттай сүйсінемін. Шіркін, халық арасында талай асылдар бар-ау деген ой келеді еріксіз.

Көздеп шыққан кеңшарымның орталығына жете бере жол айрығында түсіп қалдым. Алыстан мұнарта көрінген жатаған тау сілімдерін бетке ұстаған машина әрі жүріп кетті. Оның ішінде Көнебай сынды ескіден қалған қасиетті адамдардың бірі туралы жан тебіренте баян еткен ары таза азамат бара жатты. Жақсылыққа жақсылық көрсеткенше асық тұратын, қазағым-ай!

Тегтер: