Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:51, 10 Тамыз 2023

Грант көп, бәсеке жоқ. Нұрбектің баласы шетелде оқиды, Бейсембаевтың бар-жоғы белгісіз

None
None

5 тамыз күні оқу гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Нәтижесінде өтініш берген 94 мың баланың 73 мыңы оқуға түсті.

Сөйтіп, талапкерлердің  77,7 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Жалпы, мемлекеттік грант саны 2020 жылы – 51 мың, 2021 жылы – 53 мың, 2022 жылы – 56 мың болса, осы жылы бірден 73 мыңға көбейген.

Негізі грант саны дәл бұлай көбеюі үшін өтініш берген талапкерлердің саны да жыл сайын артып отыруы тиіс. Бірақ бізде жағдай сәл басқаша, себебі бітіруші түлектер санының сондай артып кеткені шамалы. Мысалы, биыл мектеп бітіргендер саны өткен жылғы түлектерден екі мыңға ғана артық. Ал грант саны 56 мыңнан 73 мыңға, яғни 17 мыңға өскен. Сондай-ақ талапкерлердің арасындағы бәсекелестік те бәсең. Өйткені 140 сұрақтың 136-сына дұрыс жауап берген оқушы да грантқа түседі,  50 балл алғандар да грант иесі атанады.

Грант санының бірден артуы, оған қоса талапкерлер арасындағы бәсекелестіктің болмауы сарапшылар мен мамандар тарапынан біраз сынға ұшырады. Мәселен, журналист Ерболат Мұхамеджанның айтуынша1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан, мүлде бәсеке жоқ. Оның сөзінше 94 мың үміткерге 73 мың грант деген тым көп. Осының салдарынан жақсы оқитын да, үлгерімі төмен оқушы да грантқа ие болады. Сондай-ақ ол: «Мемлекет төлейтін грант құны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен, мемлекет нарықтық жағдайды әділетсіз реттейді, мәселені шешу үшін гранттың санын азайтып, артылған сомаға гранттың құнын өсіру керек» дейді.

Білім гранттарына қатысты тағы бір өзекті мәселе – грант тізімінің өте кеш жариялануы. Бұл туралы «QazBilim Group» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы былай дейді:

– Грант санының артқаны өз алдына, тағы бір маңызды дүние қай мамандыққа қанша білім гранты бөлінетіні туралы ақпарат өте кеш шығады. Биыл бұл тізім маусымның аяғында жарияланды. Ол кезде оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып қойған. Ал пәнді таңдап, ҰБТ тапсырып болған соң балаға қандай мамандыққа барса да бәрібір емес пе? Ол кезде талапкердің көкейінде тек грантқа іліксем болды деген ой ғана тұрады. Сондықтан әр жылға бөлінетін гранттың тізімі оқу жылының басында шыққаны дұрыс. Мәселен, қазір, тамыздың аяғында 2024 жылға бөлінген гранттар тізімі шығуы керек. Сол кезде оқушылар гранттың тізіміне қарап мына салаға басымдылық беріліп жатыр екен деп ойланып, шешім қабылдайтын болады. Негізі тізім бір емес, екі жыл бұрын шыққаны дұрыс. Өйткені түлектер гранттағы басым бағыттарды, нарық сұранысын, өз бейімділіктері мен қалауын бағамдап, асықпай шешім шығарып, 11-сыныпқа мамандығын, пәнін таңдап кіруі қажет. Осының бәрі жылда айтылып жатыр. Бірақ мұны министрлік ескеріп, тізімді ерте шығарудың орнына жылдан жылға кешіктіруде. Министрлік екіге бөлінген кезде осы мәселе оң шешімін табар деп едік. Дегенмен кері кетпесе, ілгерілеген ештеңе жоқ. Ал грант иегерлерінің тізімі шыққан соң көріп отырғанымыз міне, кейбір мамандықты грант басып қалған, кейбір мамандықтарға жетпей жатыр. Ең сорақысы – қай салаға қандай грант бөлініп жатқанын талапкерлерге, ата-аналарға түсіндіретін ешкім жоқ. Болары болып, бояуы сіңіп қойған. Осыдан келіп грант үшін оқи салу шығады. Грант үшін оқи салудан сапасыз мамандар шығады.

Бұл пікірге профориентологЖадыра Тойбай да қосылды. Қазір көп түлектердің мақсаты маман болу емес, грант алу дейді ол.

– Талапкердің мамандық таңдауына әсер ететін бірнеше фактор бар. Соның ішінде екі мәселе алдыңғы сапта: біріншісі, грант саны көп мамандықтарға бару, екіншісі, ата-ананың таңдап берген мамандығына бару. Ата-ананың таңдап берген мамандығы баланың қабілеттеріне, қалауына сай келмеуі мүмкін. Әдетте ата-аналар өзі армандаған салаға баласын оқытқысы келеді немесе әулеттің ізінен жаңылмасын деп отбасыларымен айналысатын іске баланы да байлайды. Ал кейбір ата-аналар оқу ақысының қолжетімділігіне мән береді. Одан да сорақысы, қазір балалар қалауына, бейімділігіне емес, грантқа қарай оқуға түсетін болған. Талапкерлердің грант саны көп, «қолжетімді» мамандықтарға түсу тенденциясы жақсы нышан емес. Грант үшін ғана келген бала қалт-құлт етіп оқуын тәмамдайды да, дипломы бар, жұмысы жоқ адамдардың қатарын еселейді, тіпті жұмыс істеген күннің өзінде сапасыз кадрлардың санын ғана көбейтеді. Бұл – грантқа жұмсалған бюджеттің ауаға кетуі, нәтижесіздігі.

Грант тізімі жарияланған соң таңғалдырған бірінші нәрсе – жоғарыда айтылған грант санының көптігі болса, екіншісі – ҰБТ-ға дайындайтын курстар мен орталықтардың «біздің оқушылар», «ең үздік нәтиже» деп жарыса жариялап жатқан жазбалары болды. Мәселен, биыл «125» мектебі 7,6 мың, «140» онлайн, оффлайн курсы 25 мың, «Достық» білім беру орталығы 8 мың, «Арыстан» онлайн, оффлайн курсы 5 мың оқушыны ҰБТ-ға дайындаған. Бұл еліміздегі бірнеше үлкен орталықтардың ғана есебі. Ірілі-ұсақты онлайн курстар өте көп. Жергілікті жерлерде де қаншама қосымша дайындық орталықтары жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарда оқудың бір айлық құны орта есеппен 50-75 мың теңгені құрайды. Мәселен, түлек Аружан Зейнетаева профильді пәндерге онлайн курс арқылы дайындалған. Биологияны 6 ай, химияны 5 ай оқыпты. Осы уақыт аралығында тек бейнесабақтар арқылы өтетін курстың өзіне 220 мың теңге жұмсаған. Ал тағы бір талапкер Балауса Ділдабек математикадан онлайн курсқа сегіз ай бойы 11 мың теңгеден төлесе, география пәнінен бес айлық курс үшін 60 мың теңге жұмсаған. Келесі бір оқушы профильді екі пәннен бөлек Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық пәндеріне де дайындалып, бір жылда бес пәнге 600 мың теңгеге жуық қаражат кетіріпті.  

«Зум» мен «уатсаптағы» сабақтың құны міне осылай, ал сонда барып-келіп оқитын орталықтардың бағасы қанша? Мұны да анықтап білдік. «125» мектебінде бір айлық оқу 85 мың, «Достық» білім беру орталығында 59-84 мың теңге арасында екен. Демек, қалтаңызда бір миллион теңге болса болды, баланы бір жыл оқыта бересіз. Шынымен де қаншама бала осылай ақылы дайындалғанын жоғарыда айттық. Енді, осы арада түлектің бәрі ақша төлеп оқып жүрсе, мектептер 11 жыл бойы не бітірген деген заңды сұрақ туындайды.

«2017 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиевтің қолынан шыққан бұйрықтың кесірінен қазір оқушылардың дені ақылы курстар мен ҰБТ-ға дайындайтын орталықтарға ағылуда. Ол бұйрыққа сәйкес мектеп ҰБТ нәтижесіне жауап бермейді. Яғни бала тестілеуден қанша балл алса да, дайын болса да, болмаса да мектептерге бәрібір. Бұл нені білдіреді? 11 жылдық білімнің сапасына мектеп жауап бермейді дегенді білдіреді. Осыдан соң мектеп ҰБТ-ға да, баланың білім сапасына да көңіл бөлмейтін болды. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар ҰБТ-ға дайындайтын қосымша орталықтар іздеуге мәжбүр. Бизнес сұраныстан шығады. Курстар мен орталықтар сұраныс болғандықтан ашылып, сұраныс көбейгендіктен артып жатыр. Мектептен жауапкершілік кетті, ал жекеменшік мектептерге ақша төлеп отырғандықтан ата-ана олардан талап ете алады. Әрі бизнесте бәсеке бар болғандықтан, олар үнемі сапаны арттыруға, жақсы нәтиже көрсетуге тырысады. Одан бөлек, мемлекет 30 жыл уәде беріп келе жатқанымен, 3 ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шеше алған жоқ. Ал мұндай мектептерде білім алып, сапа көрсету мүмкін емес. Қалалы жерлерде үш ауысымды мектептер көп. Қазақстанда 2021-2022 оқу жылында 291,1 мың оқушы оқитын 169 үш ауысымды мектеп жұмыс істесе, өткен оқу жылында 136 мектеп үш ауысымда оқытқан. Көрдіңіз бе, екі жылдай уақытта небәрі 33 мектеп ғана үш ауысымнан құтылған. Сондай-ақ 2000-2019 жылдар аралығында педагогикалық салаға төмен деңгейдегі кадрлар барғаны жасырын емес. Бұл да мектептің сапасына кері әсер етті», – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Ахуал осындай. 10 жыл мектеп бере алмаған білім оқуға түсерде керек. «Ас ішерде» деп түлектер ҰБТ-ның алдында 1-2 жылдай ақылы мектептерге жүгіреді. Ата-аналар балаларын ақылы оқытатыны аздай, енді ақылы ҰБТ деген шықты.Осы жылы қаңтарда 123 мың, наурызда 111 мың оқушы ақылы тестілеуге қатысқан. Бір тестілеудің құны 4230 теңге. Ал тамыздан бастап 5640 теңге. ҰБТ-ға бес рет кіру мүмкіндігі оқушыларға түсетін психологиялық салмақты жеңілдетудің амалы делік. Оның екеуі грантқа жарамды жаздағы ҰБТ болса, қаңтар, наурыз, тамыздағысы тек ақылы оқу түріне жарамды. Ақылы тестілеуге кіру міндеттелмеген, әркім өзі біледі. Бірақ осы екі ақылы тестілеудің өзінен 900 миллион теңгеден астам ақша жинаған Ұлттық тестілеу орталығының сайты оқушылар мен ата-аналарды мезі қылған. Өйткені ҰБТ-ға тек сайт арқылы тіркелуге болады. Тіркелу ашылған кезде барлық 11 сынып оқушылары жаппай сайтқа кіреді, осы кезде сайт қатады да қалады. Бұған ата-аналар мен оқушылар да наразы. ҰТО-ның ресми парақшасынан: «Сайт жұмыс істемей тұр; сайт ашпағандықтан, қанша күннен бері тіркеле алмай жүрміз; неге сайт қайта-қайта енгізген ақпаратым мен құжаттарымды өшіріп тастай береді; функциялар дұрыс жұмыс істемейді; таң азаңмен кірсек те сайттың ашылғанын 3 сағат күтіп отырдық, жүктелуі тағы бір жарым сағат алды, жылда осы, әр ҰБТ-ның алдында осы жағдай; сайтқа кіру ҰБТ-ға кіруден қиын екен; таңғы сегізден түнгі он екі жарымға дейін компьютер алдында отырып, әрең тіркелдім, сайтты жөндеңіздерші» деген пікірлердің мыңын оқыдық. Бірақ сергелдеңге салған сайттың мәселесі жабулы қазан күйінде. Ал өздерінен сұрасақ, «біздің сайтта проблема жоқ, өзінің байланысы нашар адамдар сайтқа жабады, білесіздер ғой, халықтың цифрлық сауаттылығы төмен» деп жауап берді. Ғаламтор жылдамдығы бойынша Токионы басып озатын, Астананың өзінен сайтқа кіре алмай отырғандарды қайтеміз? Мәселенің сайтта екенін әлі түсінбеген ҰТО оны шешуге тіптен тырыспайтын секілді.

Грант санының жылдан-жылға артуы, мектептің білім сапасы төмендеп, ақылы орталықтардың күрт көбеюі, Ұлттық тестілеу орталығының тестілеуді қымбаттатуы, мұның бәрі – білім саласындағы күрделі, іргелі мәселелердің бір ұшы ғана. Кезінде осы түйіндерді оңтайлы шешу үшін министрлікті екіге бөлдік, бірақ сең бұзылған жоқ, бұзылғанды қойып, шеті де сөгілмеді. Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек алғаш министр болған кезде балаларының шет елде оқитынын айтып жұртты бір дүрліктіріп еді, содан бері үнсіз. Ал Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың тіпті бар-жоғы белгісіз. Жұрт алдына көп шықпайды, ел көзіне түспейді. Ал ғылым, білім саласында еш өзгеріс жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас».

Мақалада қаузалған мәселелер бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз орталығына тиісті сауалды жолдадық, егер жауап беріп жатса, газеттің алдағы санына жариялаймыз.

Тегтер: