Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 22 Қазан 2024

Граждане тунеядцы! Жақыпова паразиттермен күрес бастайды

Светлана Жақыпова

Қазақстан шенділерінің көктен түскендей сөйлеп, елдегі шынайы жағдайға мүлде кереғар пікір айтатын әдеті бар. Олар үшін «85 мың теңге бір ай өмір сүруге толық жетеді», «интернетіміз Токиодағыдан жылдам» немесе «Алматыда 500 теңгеге тамақ ішуге болады».

Жақында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әріптестерінен қалғысы келмеді ме екен, бір қызық әңгіме айтты. Министр ханым биліктің ескі әдетіне басып, халықты «жалқау» деп кінәлап, кей тұрғын жәрдемақымен өмір сүргісі келеді деген ойын айтты. Сондай-ақ ол жұмыстан бас тартқан адамды заң бойынша жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Мәжілістегі үкімет сағатында есеп берген Жақыпова елде жұмыс күші де, жұмыс орнының саны да артып жатқанын, бірақ мемлекет ұсынған жұмысты істегісі келмейтін адам көп екенін айтты. «Адамдар субсидияланған немесе мемлекет ұсынған жұмыс орындарына бармайды. Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка ауылында 600 мың теңге жалақыға дәнекерлеуші қажет, алайда мұндай жұмысты қарастырғысы келмейтін азаматтар бар», – дейді Жақыпова. Қыза келе Қытайды мысалға келтіріп, Қытайда балаларды жастайынан еңбекке баулитынын, сондықтан олар еңбексүйгіш болып ер жететінін айтты. Министр біздің елде де балаларға отбасында еңбек құндылығын түсіндіру керек деп санайды.

«Қазір адамдарға 300 мың теңге жалақысы бар жұмыс ұсынсаң, білімі де, біліктігі де жоқ азаматтар 800 мың талап етеді. Демек, еңбек құндылығы толық жоғалды. Мұны тек білім беру және идеологиялық әдістермен жеңе алмаймыз, сол үшін заңнамалық тұрғыдан реттеу қажет. Адам жұмыстан бас тартқан жағдайда заңнаманы қатаңдату қажет деп санаймыз», – дейді Светлана Жақыпова.

Жақыпованың бұл сөздері елдегі ахуалмен мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан бірер адамның мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартқаны тұтас халықтың жалқау екенін білдірмейтінін және елде көп адам жалақысы жоғары жұмыс түгілі, екі қолға бір күрек таппай жүргенін министр ханымның есіне салуға мәжбүр болып отырмыз. Әлеуметтік желіде тұрғындар «Шымкенттегі жұмыспен қамту орталығына бардым, 300 мыңды қойып, 3 теңгелік жұмыс жоқ деп қайтарды», «сіз айтқан жұмыстар қайда екенін айтсаңыз екен, оны іздеп жүрген адамдар көп» деген сияқты пікірлер жазып жатыр.

Біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, Жақыпова айтқандай, жұмыс істеуден бас тартып, жоғары жалақы сұрайтын азаматтар көп пе деп, нақты статистикасын сұрадық. Мекеменің баспасөз қызметі бұл сұраққа нақты жауап бермей, әлеуметтік көмек кімдерге және қалай берілетіні жөнінде ақпарат жіберді. Соған қарағанда, Жақыпованың қызметкерлері де соншалық еңбекқор емес сияқты. Жалқаулықпен күреске коммунистік жолмен (Совет өкіметінде «тунеядствомен» күрестің жазасы еңбекпен түзеу колонияларынан басталып, түрмеге дейін жететін) кірісіп жатқан Жақыпова, бәлкім, кемшілікті түзеуді өз қызметкерлерінен бастау керек шығар?

Жұмыссыз деген кім?

Министр Жақыпованың айтуынша, жұмыссыздар – белгілі бір кезеңде ешбір жерде жұмыс істемеген, қызмет көрсетпеген және есебіне ешқандай төлем түспеген адамдар. Дәл қазір мұндай азаматтардың саны – 451 021. Ал жұмыспен қамтылғандардың 8 категориясы бар. Ол тізімге жалдамалы қызметкерлерден бөлек, жеке кәсіпкерлер, адвокат немесе нотариус сияқты жеке практикамен айналысатын тұлғалар, акционерлік қоғам мен серіктестік құрылтайшылары, шаруа және ферма қожалығы қызметкерлері және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар енеді.

«Сондай-ақ егер тәуелсіз жұмысшы кем дегенде бір рет басқа жеке тұлғаға қызмет көрсетсе және ол үшін ақы алса, ол да жұмыс істейтіндер қатарына жатқызылады», – дейді Жақыпова.

Үкімет ресми жұмыссыздар санын азайту үшін айдалада «қойын құрттап, айранын ұрттап», өз алдына жүрген шаруаларды да жұмыс істейтіндер қатарына қосып жіберген. Соның арқасында ғана елдегі жұмысы жоқ адам саны 450 мың болып отыр. Дәл осы көрсеткіш не өспей, не кемімей, жылдар бойы сақталып тұр. Үкімет әр жылы елдегі жұмыссыздар саны 4,5–5 пайыз арасы деп көрсетеді. Бірақ бұл есеппен келіспейтіндер көп. Мамандар шынайы көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары екенін айтады.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Адамдар қаңғып кеткен 90-жылдары да жұмыссыздық көрсеткіші осындай болған

Жангелді Шымшықов

Біздің халық статистиканы неге жек көреді? Өйткені ол – жалған. Статистика биліктің тапсырысы бойынша түзіледі. Ұлттық статистика бюросы жыл сайын әлеуметтік-экономикалық даму статистикасы жасайды. Соны саралап көрсеңіз, 1992 жылдан бері елдегі жұмыссыздар саны 5 пайыздан асқан емес. Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы алапат тоқырау дәуірінде де осы көрсеткіш сақталды. Зауыттар, өндіріс орындары жабылып, ауыл қаңырап бос қалып, адамдар қаңғып кеткен күннің өзінде билік 4,5 пайыз дегеннен танбады. Сол кезде біз жанама жолмен есептеп, жұмыссыздық 16 пайызға жеткенін дәлелдедік. Бірақ бізді ешкім тыңдаған жоқ.

Үкімет бұл көрсеткішті неге 4,5 пайыз шамасында ұстап отыр? Өйткені елдегі жұмыссыздық деңгейі 6 пайызға жетсе, бұл мемлекет үшін қауіпті деп саналады. Жұмысы жоқ азаматтар саны 6 пайыздан асып кетсе, елде циклды жұмыссыздық жағдайы орнағанын білдіреді. Бұл ел экономикасында күйзеліс, дағдарыс бар екенінің дәлелі болады. Сол үшін үкімет жұмыссыздық деңгейін қолдан реттеп, дағдарыс бар екенін жасырып отырады. Бұл – бірінші себеп.

Екіншіден, жұмыстан айырылған адам еңбекпен қамту орталығына барып тіркелуі қажет. Шетелде мұны еңбек биржасы деп атайды. Оның жұмыс тәртібі бойынша орталықта жұмыс іздеген адам мен жұмысшы іздеген кәсіпорынның мәліметі болады. Ортақ қызметкерлері осы мәліметке қарап, жұмыс қажет адамды шақырып, кәсіпорынға ұсынады.

Бірақ мұндайда жұмыссыз ретінде тіркелген адамға төлем төлеуге тура келеді. Мысалы, АҚШ-та жұмыстан айырылған адамға орташа жалақы мөлшерінде төлем төленеді. Бірақ орташа жалақыны алып, алаңсыз жүре алмайды. Орталық қайта-қайта жұмыс ұсынып, соңынан қалмайды. Бірнеше рет ұсынған жұмыстан бас тартса, жаңағы төлемді тоқтатады. Ал Қазақстанда бәрі керісінше. Орталыққа тіркелсеңіз, орташа жалақы (қазір 403 мың теңге) түгіл, бір тиын ақша бермейді. Кәсіпорын жабылып қалса, әрі кетсе ең төменгі күнкөріс деңгейі (48 мың теңге) шамасында төлем береді. Кейде бұл да берілмеуі мүмкін.

Сол үшін ешкім еңбекпен қамту орталығына тіркелгісі келмейді. Бір тиын ақша бермесе, не жұмыс тауып бермесе, онда тіркелудің не қажеті бар? Оның үстіне, орталықта жұмыс істейтін адамдар шынайы жұмыс істемейді. Оларға тіркелгендердің аз болғаны жақсы. Жоғарыдан статистиканы оң жағынан көрсету жөнінде тапсырма берілген. Сол үшін жұмыссыздардың санын анықтау қиын. Осының бәріне мемлекеттік деңгейдегі алаяқтық деп анықтама беруге әбден болады.

Ресми статистика бойынша Қазақстанда орташа жалақы мөлшері жоғары, жұмыссыздар саны аз. Бірақ шын көрініс мүлде басқаша екені анық. Тіпті елде үпі-тапы күн кешіп жатқан азаматтар аз емес. Ресми дерек бойынша Қазақстан халқының 2,6 пайызы кедей. Ал Дүниежүзілік банк Қазақстан жұртының 15,5 пайызы (3 миллион адам) кедей тұрады деген мәлімет келтірген. Экономистер кейінгі бірнеше жылда елде инфляция өршіп, кедейлер саны артып келе жатқанын айтып жүр.

Соған қарамастан, үкімет халықтың өзін жалқауға балап, әдемі статистикамен жаңылтпаш ойнауға әуес. Халықты мемлекетке қол жаюды ғана білетін масыл етіп көрсеткісі келетін шенді жалғыз Жақыпова емес. Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй бағдарламасына қатысты сауалға «дені сау адамға жеңілдікті ипотека керек емес» деп жауап беріп, айды аспанға шығарған. Оның айтуынша, дені сау адам мен еңбекке қабілетті азамат мемлекетке үміт артпай, жұмыс істеп, ақша жинауы тиіс.

Ал былтыр еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев 85 мың теңге адамның өмір сүруіне жетеді деп, басы дауға қалды. Шенділердің осындай оспадар ойлары олардың халықтан мүлде бөлек әлемде өмір сүретінін көрсетеді. Бұл ретте ең атақты сөзді бұрынғы президенттің қызы, бұрынғы сенат спикері Дариға Назарбаева айтқан: «Сонша ақылды болсаң неге кедейсің?!» Әр отырыста халыққа кейіп, жекіп сөйлеп жүріп орнын босатып беріп кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың екі сиыр туралы айтқаны да ұмыт бола қоярдай уақыт өткен жоқ. Жақыпова, сірә, экс-президентті сағынып жүр ме екен, әлде тұңғыш президенттің тұңғыш қызы сияқты болғысы келіп жүр ме екен, халыққа жекіп сөйлейтін ыңғай танытып жүр.

Биылғы сәуірдің аяғында дәл осыған ұқсас әңгімені ресейлік депутат Екатерина Собканюк те айтқан. Ол «бұрынғы тәжірибеге сүйеніп», «жатыпішерлерге» арнап еңбек лагерін ашуды ұсынған. «Жұмыс істегісі келмейтін, бірақ мемлекеттік жәрдемақыға дәнігіп алғандар өте көп. Олар біздің денеміздегі құрт сияқты» деген депутат.

Қысқасы, Жақыпованың сөзі көп нәрсені еске түсіреді. Совет өкіметінің тунеядецтермен күресі туралы заңда – «...арамтамақ-тунеядецтер сияқты паразиттермен күресті күшейту» деген сөздер болатын. Бізде де бір күрес басталып келе жатқан сияқты...

Қуаныш Қаппас