Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:12

Гренландияға қатысты дау Украинаға көмек жөніндегі келіссөздерді тұралатып тастады

1
Фото: AP

Еуропа мен АҚШ арасындағы Гренландияның болашағына қатысты пікір қайшылығы Украинаға соғыстан кейінгі қалпына келтіру үшін 800 млрд доллар тартуды көздейтін «өркендеу жоспары» бойынша келісімді келісу және қол қою ісін тоқтатты.

 Бұл туралы The Financial Times басылымы 21 қаңтар күні алты дереккөзге сүйене отырып хабарлады.

Басылымның мәліметінше, аталған жоспарды Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында жариялау көзделген. Форум биыл 19-23 қаңтар аралығында өтуде. Осы алаңда АҚШ, Еуропа және Украина өкілдері жүргізген келіссөздердің қорытындысы бойынша құжатты келісіп, қол қою жоспарланған еді. Алайда қазіргі таңда бұл іс-шаралар кейінге шегерілген.

FT-дің дереккөзіне сүйенсек, қазіргі жағдайда ешкім АҚШ президенті Дональд Трамппен жасалатын келісімге байланысты ауқымды саяси шоу ұйымдастыруға ниетті емес.

"Қазір Гренландия төңірегіндегі тартыс пен Америка басшысының жариялаған «Бейбітшілік кеңесі» бастамасы Украинадағы соғысты реттеу мәселесін екінші орынға ысырып тастады, - деді басылым сұхбаттастарының бірі.

Бұған дейін, қаңтар айының басында бірқатар БАҚ Вашингтон мен Киевтің Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру жөніндегі 800 млрд долларлық келісімді дайындап жатқанын жазған болатын. Ол құжаттың Давоста қол қойылуы мүмкін екені айтылған. Алайда келісімнің нақты күні белгіленбегені, себебі құжат әлі де пысықтауды қажет ететіні де атап өтілген.

20 қаңтар күні Украина президенті Владимир Зеленский Давос форумына тек АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі құжаттар, сондай-ақ «өркендеу жоспары» бойынша келісімге қол қойылатын жағдайда ғана қатысатынын мәлімдеген.

Ол бұл ұстанымын Ресейдің Киевке және Украинаның өзге өңірлеріне жасаған кезекті жаппай шабуылынан кейін туындаған салдарды жою жұмыстарын үздіксіз жалғастыру қажеттілігімен түсіндірді.