Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:02, 17 Қазан 2023

«Грим оқитын емес, тәжірибемен келетін мамандық» – Жазира Әбілқайыр

1
Фото: из открытых источников

Үлкен экраннан, теледидардан әртүрлі фильмдерді көріп жүрміз. Сонда бір кейіпкердің жас күні қалай қарт шағына айналғанын аңғармай, сеніп қалып жатамыз. Жас актер бір қарасаң мосқал тартқан, сақалына ақ кірген ата кейпінде отырады. Немесе тарихи фильмдерді көргенде «мынау расымен Абайдың кітаптағы суретінен аумайды ғой, Ахметтің өзі ме дерсің» деп таңданысып қаламыз.

Бірде шашы ұзын орта ғасырлық батырларды көрсек, бірде соғыс майданында жараланып, қансырап жатқан әскерді көреміз. Ал осы образдың бәрін кім жасайды деп ойланып көрдіңіз бе? Көбіне кино соңындағы титрдан көріне бермейтін маман иелерінің өндірістегі атауы – грим жөніндегі суретші. Осы саланың майталманына айналып, талай ірі жобалардың басы-қасында жүрген, көбімізге экран арқылы жатталып қалған образдарды жасап шыққан грим маманы Жазира Әбілқайыр «Жас Алашта» қонақта болып, грим саласының қыр-сырымен бөлісті. Әрі редакцияға жақында ғана тұсауы кесілген «Грим» атты кітабын сыйға тартып, туындысын талдап берді.

                                          Актердің беті – менің наным

Грим ұғымы көпшілікке таныс. Қазір бұл мамандарды кино әлемінде «грим жөніндегі суретші» деп беріп жүр. Бірақ олай созудың керегі шамалы. Жай ғана грим маманы десек те түсінікті. Аталған саланың ішіне сіз ойлағаннан да көп нәрсе кіреді. Экрандағы образдардан бастап, қарапайым әрлеуге, визажға дейін бәрі – грим. Біздің жұмыстағы басты қағидамыз – аз бояу, көп нәтиже. Өйткені образды актердің түр-тұлғасына жарастыра отырып ашу, экраннан шынайы көрініс беру аса маңызды. Яғни образ актердің келбетіне жарасымды болуы керек. Осылайша, бейне мен бояудың арасында айырмашылық көрінбесе, сол сәтті жұмыс. Демек, грим маманынан ең алдымен талғам, шеберлік, ұқыптылық талап етіледі.

Негізінен грим маманы үлкен процестің бөлшегі. Ал бұл үрдіс жан-жақты ақылдасып, командамен кеңесіп жұмыс істеген кезде ғана жақсы нәтиже береді. Мәселен, бір жаңа жоба бастау алып, кастинг жарияланғаннан кейін біз тарихи деректерді жинақтап, қай ғасырда қалай болды деген сұрақ төңірегінде ізденеміз. Сценарийді алып кеткен соң, келесі жиналысқа құр қол келмей, қажетті материалды есептеп, смета ала келеміз. Сөйтіп, керекті базаны, тарихи аспектілерді, жаңа идеяларды басқа жауапты мамандармен, костюм жөніндегі суретшілермен талқылаймыз. Бір жағынан, тарихтан туп-тура көшіріп алу да міндет емес. Одан соң рөлдер бекітілген кезде актерлармен ақылдаса отырып образды жоспарлап, режиссерға ұсынамыз. Бәрі іріктеліп, таңдалып, образ құралғанда ғана киноға жол тартуға рұқсат. Оның үстіне қазір грим мамандары да кастингке қатысып жүр. Рөлдерді бекітуде олардың да пікірі ескерілетін болған. Бұл жақсы тенденция. Себебі грим мамандарының көзқарасы неғұрлым жақсы нәтиже алуға септігін тигізеді. Әсіресе портреттік фильмдерде гримнің орны бөлек. Бірақ кейіпкердің келбетін ұқсатсақ болды, оны дәлме-дәл қайталау шарт емес. Себебі біз актердің өнерін көруіміз керек. Егер оған толықтай гриммен маска жасап тастасақ, актердің керегі не? Көшедегі кез келген адамды ұстап алып бояй бермейміз бе? Мысалы, «Абай» сериалындағы Абай образы, «Тар заман» сериалындағы алаш зиялыларының образы әрі тарихи тұлғалардың өз келбетіне келеді, әрі толық көшірме емес.

Бұл орайда актердің өз келбетінен бөлек, маман ретіндегі шеберлігі де маңызды фактор. Себебі актер түсірілім алаңында гриммен бірнеше сағат жүре ме, 24 сағат жүре ме, гриммен тікелей жұмыс істейтін солар. Актердің беті – менің наным. Сондықтан оны күту міндетім. Экран алдындағы шынайылық үшін біз актерлармен бірге әртүрлі амалдарға барамыз. Олар кейде сақал, шаш өсіреді. Немесе, керісінше, алып тастайды. Сол секілді салмаққа байланысты да өзгерістер қолдан жасалып тұрады. Мұндай өзгерістерді жасау үшін о баста, кастингтен соң рөлдер анықталғанда актерлармен байланысып, образ жасаудағы қадамдарды түсіндіріп, не істеу керек екенін кеңесеміз. Қалғанын өзіміз қолдан гриммен жасаймыз. Ол жолда актердің психологиялық келбеті, физогномикасы, образға байланысты әрбір детальдар ескеріледі. Грим нәтижесі тек актерға емес, операторға да тікелей тәуелді. Мысалы, театрдағы грим жарыққа қарай жасалады. Ал кинода операторға. Оның ракурс алуы мен жарық беруі гримді одан әрі әрлендіріп, шынайыландыруы мүмкін. Немесе тіпті бұзып, образды сәтсіз етуі де ғажап емес. Сондықтан түсірілім барысында үнемі операторлармен бірге бақылап тұруға тырысамыз. Одан бөлек, алдын ала фото, видео пробаларда тексеріп алған ыңғайлы.

                             Жасты қартайтып, тыртық пен қанды қолдан саламыз

Экранда жас актерлар үлкен кейіпкерлерді сомдайтын жағдайлар жиі кездеседі. Адамның жасөспірім кезі, одан соң ересек күні, артынан қарттығы таспаланып жатады. Мұндай жағдайда қарттық гримі қолданылады. Бұл өзі салыстырмалы түрде біршама күрделі процесс. Қиындығы сол, кейіпкердің жас ерекшелігін айқындап қана қоймай, өткен өмірінің белгісін де гриммен көрсетіп беру қажет. Бұл бейнелеу ғана емес, жан бітіру, сезіндіру. Алайда образ жасаймын деп жапсырмалармен, бояулармен бетті ауырлатуға да болмайды. Соған сай әжімді, беттегі қыртыстарды орнымен салу керек. Жөнді-жөнсіз, тарам-тарам сала беруге болмайды, білдірмей, барынша шынайы берген абзал. Ескеретін бір дүние – актердің бетін ғана емес, басқа да ашық жерлерін, мойнын, қолын да «қартайтамыз».

Тарихи фильмдерде, басқа да туындыларда тыртығы бар кейіпкерлерді көп көреміз. Ал гримде тыртықты жасаудың екі түрлі әдісі бар. Бірі – көркемдік тәсілмен болса, екіншісі – көлемді-мүсіндік жолмен. Көркемдік тәсілде тыртық жасайтын жерді құрғатып, арнайы теріні жиыратын желім жағып, үстін бояуымен керегінше бояймыз. Ал көлемді-мүсіндік тәсілде арнайы пластикалық бөлшек дайындалады. Дайын пластикалық бөлшекті керекті жерге желімдеп, үстінен грим жасаймыз. Қазіргі уақытта жасанды қанның да түрі өте көп. Оларды типіне және керегіне қарай әртүрлі тәсілмен қолданып жүр. Қызығы, жасанды қан ішке кетсе де, оның еш зияны жоқ. Ал күйген тері гримін жасау үшін ескі театрлық әдіс қолданылады. Адам денесіндегі алау жалынның азабын жасау ең алдымен мұқияттылықты қажет етеді. Ол үшін бояулардан бөлек, силикон керек. Кейіпкер бойындағы татуға да грим мамандары жауап береді. Мұндай кішкентай детальдар жинақталғанда жаңа, толық образ пайда болады.

                                               Кирдің басын үш ай жасадым

Тарихи, деректі фильмдерде «басын ал» деген әмір айтылады да, артынан қоржындағы, қанжығадағы бас көрсетіледі. Мұндай басты муляж деп атаймыз. Яғни муляж дегеніміз – қол, аяқ, бас секілді дене мүшелерін адамның нақ өзінікіндей шынайы етіп жасау өнері. Мәселен, «Томиристегі» Кир патшаның басын айтуға болады. Осындай бір басты реттеп, асықпай жасау үш айдай уақыт алады. Дегенмен көбіне ондай уақыт бола бермейді. Кирдің муляжын шеберханада бастап, түсірілім алаңында аяқтадым. Процесс аса ұзаққа созылған жоқ. Фильмде аталған муляждың актер Аян Өтепбергеннің қолында тұрғаны сахналанады. Мұндай кездерде актердің тиянақтылығы үлкен рөл ойнайтынын атап өту керек. Негізі муляждың өз бауы, шегесі, ұстауға ыңғайланған жері бар. Сол тұстардан ұстап, дұрыс қозғаса реквизит бүлінбейді. Және оны тері қоржынға салу, қатты ыдыстан қайтадан шығарып алу, сырмай, жұлмай қозғалту бөлек шаруа. Оған қоса, муляжды алып атқа отыру, сайға түсіп, одан қайта камераға шауып көтеріліп келу, аттан қарғып түсіп, басты қоржыннан шығару ұқыптылықты талап етеді. Кейде актерлар лақтырып, жұлып ұстағанда шошып кетесің. Өйткені муляж зақымдалған жағдайда барлық процесті тоқтатып тастап, қайта жасауға тура келеді. Оған қоса, тарихи тұлғалардан бөлек, актердің бет-бейнесін қайталап, портреттік муляжжасаймыз. Мәселен, жаңа атап өткен «Томирис» көркем фильмінде актер Мақсат Сәбитовтің муляжын жасадық. Ол үшін актердан арнайы қалып алынады. Заттың пішінін дәл беретін бедерді қолдана отырып, келбеттің сұлбасын аламыз да, оған силикон құю арқылы адам басының мүсінін әзірлейміз. Дайын болған силикон басты тазалап, бояп, шаштарды мұқият тігіп, реттеп шықтым. Түсірілім алаңында тағы да керегіне қарай бояулар қосылып жатады. Дәл осы Мақсат Сәбитовтің муляжы сәтті жұмыс деген атқа әбден лайық.

                     Жасанды шаштар мен парик қазіргі заманның жаңалығы емес

Ал жасанды шаш жасауды постиж деп атаймыз. Оған жасанды шаш, сақал, мұрт, кірпік, қас, бұрым, бәрі кіреді. Жасанды шаштар мен парик қазіргі заманның жаңалығы емес. Олар көне заманнан біздің уақытымызға дейін ұзақ тарихи даму сатыларынан өтті. Жалпы шаш үлгілері өзінің көлемі, пішіні және түсі сынды сипаттарымен адамның қоғамдағы орнын көрсететін болған. Ол кейде сол заманның ұстанымын білдірсе, кейде жай ғана сәндік үшін де қолданылды. Сондай үлгілерді экранға беру үшін табиғи немесе синтетикалық шаштардан жасанды шаштар мен париктер дайындайды. Процесс актердің рөліне, сырт келбетіне қарап, шаштың түсін таңдау мен актердың бас өлшемін алудан басталады. Артынша дайын бас қалыбына монтюр жасалады. Монтюр – жасанды шаштың құрылысы. Бір жасанды шашты дайындауға 20 күннен 40 күнге дейін уақыт кетеді. Мысалы, «Дос-Мұқасан» көркем фильмінде кейіпкер Мұрат Құсайыновтың өз шаш үлгісіне қарай отырып, актер Ғани Құлжановқа 20 күн ішінде жасанды шаш жасадым. Ал сақал-мұртқа келсек, бір ғана жұмысты тігіп, дайындауға 10-12 сағаттан бастап, үш-төрт күнге дейін уақыт кетеді. Ол көлеміне, күрделілігіне және бағытына байланысты. Қылдарды француз тюлі деп аталатын, өте нәзік, теріге жабыстырғанда білінбейтін тор секілді матаға орналастырамыз. Оған қылдарды жеке-жеке түйіп отырып тігеміз. Әр кейіпкерге дайындалатын постиждің формасы, пішіні, түсі әртүрлі болады. Соның бәрін ыңғайлап, есептеп отырамыз. Бұл орайда да жарысымдылық маңызды. Стандартты түрде жас болса қара, кәрі болса ақ сақал жабыстыра салатын мамандар да жоқ емес. Бұл менің әріптестерімнің қателігі дер едім. Біртүсті постижден гөрі, ара-жігі ажырамай, «плавный переход» арқылы бірнеше түс қолданылған кезде ғана шынайылық көрінеді. Ол да талғамды талап етеді. Дайын постиждерімді жалға алғысы келіп сұрайтындар да көп. Бірақ мен бермеймін. Себебі тиянақтылық танытпаған жағдайда желімдеу, алып-салу постижді жарамсыз етуі мүмкін.

                                   Бізде грим сала ретінде бөлек дамымаған

Шетелдік мамандардың ішінен «Оскар» жүлдегері, постиж шебері Пол Патисонмен екі ай көлемінде бір жобада жұмыс істедік. Бұрындары көрсем, таныссам деп ойлаушы едім, 2013 жылы сәті түсті. Олар Қазақстанға келіп, жарты ай дайындық, бір жарым ай түсірілім жұмыстарын жүргізді. Осылайша Netflix платформасының «Марко Поло» телесериалында бір-бірімізді қайталап, қарап отырып образдар жасадық. Тіпті тілдің де керегі болмады. Пол Патисон жұмысыма жақсы баға беріп, кейіннен Малайзиядан жұмыстардың фото түсірілімдерін жолдады. Оған қоса, «Оскар», «Bafta» сыйлықтарының иегері, әйгілі грим маманы, «Железная леди» тарихи драмасының грим маманы Марк Кульерден де жақсы кеңестер, құнды ақпараттар алдым. 2018 жылы түсірілім барысындағы бес-алты кездесуіміздің әрбірі мастер-класс іспеттес болды. Ол процесті барлық қырынан асықпай көрсетіп, түсіндірді. Ізінше, Тұран университетіне де студенттерге арнап мастер-класс өткіздік. Әлбетте, бұл үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Біздің елдегі грим сала ретінде шетелдегідей бөлек дамып, өз алдына қалыптаспаса да жолға түсіп келеді.

Бір кем тұсы, бізде әлі күнге гримге қаражат жеткіліксіз бөлінеді. Әрі мамандарды өте кеш іздеп, жобаның басталуына тақалған кезде шақырады. Ылғи болмаса да, көбіне солай. Осы дүние сапалы жұмыс жасауға кедергі келтіреді де, сәйкесінше шалалыққа әкеп соқтырады. Және жоғарыда айтқанымдай, шетелдерде салалау дамыған. Бізге ол жете қоймады. Постижді біреу, гримді басқа біреу, қан-теріні басқа маман секілді бөлініп жұмыс істеу жоқтың қасы. Мамандар әмбебап режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Бәрінің ісін өзіміз атқарамыз. Бір жобада оншақты адамға дейін жұмыс істейміз. Ал қажетті өнімдер мен бояуларды көбіне шетелден алдырамыз. Негізінен Польшаға тапсырыс береміз. Себебі онда АҚШ-тан да, Ұлыбританиядан да келетін тауарлар жинақталған. Ал қыл-шашты өзіміз жинаймыз. Адам шашы париктерге қолданылса, сақал-мұрт жасауға қодас пен түйе қылы қолданылады. Өйткені бұл жануарлардың қылы форманы жақсы ұстайды, желге, температураға төзімді.

                                    Гримді табысты сала деп айта аламыз ба?

Мен бала күнімнен суретті жақсы салатынмын. Бұл саланы өзім таңдап, Ораз Дүйсенов атамның ақылымен оқуға келіп түстім. Ұстазым – Виктор Щербаков портреттік гриммен өте танымал болған. Төрт жыл сол кісінің шеберханасында оқыдым. Кейіннен Еуропадан, Чехиядан біліктілігімді арттырдым. Ескерерлігі сол, гримде көп оқу емес, көп тәжірибе керек. Менің жұмыс жолым театрдан басталды, кейіннен киноға келдім. Алғаш жеке шыққан ірі жобам – 2011 жылдары түсірілген «Алдаркөсе» телесериалы. Жоба сәтті шықты, әрі үлкен тәжірибе алдым. Тәжірибемде тек опера театрына арналған грим жасап көрмеппін. Менен «Гримді табысты сала деп айта аламыз ба?» деп жиі сұрап жатады. Үнемі бір жауапты айтамын. Адам өз саласының үздігі болса, кез келген сфера табысты бола алады. Ал шәкірт тәрбиелеуге келсек, 2005 жылдан бері Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде, 5-6 жылдан бері Тұран университетінің киномедиа кафедрасында сабақ беремін. Әлбетте, оқып жатқандар, диплом алып жатқандар көп. Бірақ шынайы мамандар аз. Ал студенттерді тәжірибеге баулып, практиканы үйрету үшін шикізат керек. Отырған 20-25 студентке көп материал қажет болады. Әрі ол бір жасап үйреніп кететін дүние емес. Сондай қажеттіліктің бәрін толық жабатын база қамтамасыз етілсе ғана шеберлер тәрбиеленіп шығады.

                             «Грим» – грим саласындағы қазақ тілді тұңғыш кітап

Кітапжазу керек деген ой баяғыдан болған. Себебі грим – ашылмай жатқан сала. Жалпы әлемде де грим жайлы кітап аз. Бізге қолжетімді дейтін империя кезінен қалған екі-үш, кеңестік кезеңнен қалған бес-алты кітап қана. Қазақша мүлде жоқ болатын. Ал бұл «Грим» кітабы – қазақ тілді, қазақ кинематографиясындағы мысалдармен берілген тұңғыш кітап. 2022 жылы жарық көрді, ал дайындауға үш жылдай уақыт жұмсадым. Әлбетте, алдымда бірнеше нұсқа болды. Алайда министрліктің қағидасы мен талаптары бөлектеу болғандықтан, кітапты жеке өзім, өз қаражатыма шығарамын деп шештім. Есесіне, шығармашылық еркіндік сақталды. Әсіресе фотоға көп мән берілді. Себебі грим деген тікелей бейнемен жұмыс. Бұл жерде көп сөздің қажеті шамалы. Қысқаша түсініктемелер мен анықтамалар екі тілде де қамтылды. Қай жобада жұмыс істедім, сондағы барлық образдарды кіргіздім. Дайын кітаптың алғашқы нұсқасын парақтағанда, қарапайым оқырманнан бастап, продюсер, режиссерларға арналған кітап шығыпты деп қуанғаным да рас. Баспадан 500 данасы шықты. Алдағы уақытта жетілдіріп, оқулық, әдістемелік ретінде шығарсақ деген ой да жоқ емес.

Әуел баста жазатын дүниелерді жазып, суреттерді қырқып, желімдеп, жобаладым да, кинорежиссер, кинодраматург Сатыбалды Нарымбетов ағамызға апарып көрсеттім. Ол кісі жұмысымды жақсы бағалап, алғысөзін жазып берді. Онда «Грим, опа, грим маманы, опалаушы. Қазақша еркінсіп, еркін аударсақ осылай болуы бек мүмкін. Бірақ өмірдегі опалау бір бөлек, ал өнердегі, театр бола ма, кино бола ма, ол – шеберлікті қажет ететін өнер. Кинодағы грим маманы күрделі процеспен шұғылданады. Ол жай тұтынушы сияқты бет-пішінді әрлеп қана қоймайды, образ жасайды, идеяға атсалысады. Грим маманы деген – суреткер, мүсінші», – деп пікір білдірді ол. Ал кинорежиссер Мұрат Бидосов: «Өнердің жетінші түрі ретінде бағаланатын киноны синтездік өнер деп қарасақ, осы тұрғыдан бұл саланың негізгі бір бөлшегі болып табылатын грим өнерін бөле-жара қарауға болмайды. Жыл өткен сайын үздіксіз даму үстіндегі техникалық прогреспен қатар, кинодағы грим салу үрдісі де қоса дамып, жаңа деңгейге шықты», – делінеді.

       

                                                                                          Жазып алған – Баян Мұратбекқызы

Тегтер: