Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:47

Грузия Саакашвили мен оның экс-қорғаушысын 3,3 млн доллар төлеуге міндеттеді

 Михаил Саакашвили
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили

Тбилиси қалалық соты Грузия Қаржы министрлігінің бұрынғы президент Михаил Саакашвилиге және Мемлекеттік күзет арнайы қызметінің экс-басшысы Теймураз Джанашияға қарсы талабын қанағаттандырды.

 Екі тұлға да мемлекеттік бюджеттен қаржыны ірі көлемде ысырап етті деп айыпталды.

Сот шешімі бойынша, олар мемлекет қазынасына 9 млн лари (шамамен $3,3 млн) қайтаруы тиіс. Оның ішінде Саакашвили мен Джанашия бірігіп 8 392 827 лари, ал бұрынғы президент қосымша жеке өзі 631 540 лари төлеуге міндеттелді.

Бұл іс қоғамда «пиджактар ісі» деген атаумен белгілі. Тергеу деректеріне сәйкес, Саакашвили бюджеттен бөлінген қаражатты жеке мақсатқа жұмсаған. Оған қымбат киім-кешек сатып алу, яхта мен көлік жалдау, ұлының оқу ақысы және басқа да шығындар кірген.

Михаил Саакашвили 2025 жылдың наурызында осы іс бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірнеше күннен кейін ол заңсыз шекара кесіп өткендігі үшін тағы 4,5 жылға сотталды. Осылайша, ол түрмеден 2034 жылдың сәуірінде шығуы тиіс.

Айыпталушылардың ұстанымы

Саакашвили де, Джанашия да тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Олар істің саяси астары бар екенін айтып, өздеріне қарсы қудалауды әділетсіз деп санайды.