Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:15, 01 Желтоқсан 2024

Грузиядағы наразылық: Зурабишвили заңды парламент пен мемлекет басшысы сайланғанға дейін қызметінде қала беретінін мәлімдеді

Саломе Зурабишвили
Irakli Gedenidze / Reuters

Саломе Зурабишвилидің президенттік мерзімі 16 желтоқсанда аяқталады. Бірақ ол қазандағы сайлау нәтижесінде құрылған парламенттің заңдылығын мойындамайтынын мәлімдеді.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили өкілеттігі аяқталғанына қарамастан отставкаға кетпейді. Бұл туралы ол ел халқына үндеуінде мәлім етті.

Зурабишвили өзін президент ретінде «жалғыз тәуелсіз, заңды институт» деп атады. Ол қазандағы сайлау нәтижесінде құрылған парламенттің заңдылығын мойындамайтынын тағы да мәлімдеді.

«Легитимді парламент жоқ, сондықтан легитимсіз парламент президентті сайлай алмайды және инаугурация болмайды. Менің мандатым парламент заңды түрде сайланғанша және заңға сәйкес менің орныма біреуді сайлағанға дейін жалғасады. Мен сіздермен біргемін және бірге боламын», - деді Зурабишвили.

Грузияда қазан айында парламент сайлауы өтті. Дауыс беру нәтижесі бойынша, биліктегі ресейшіл «Грузин арманы» партиясы парламенттегі орындардың басым бөлігін жеңіп алды. Парламентке келген басқа партиялар, сондай-ақ ел президенті Саломе Зурабишвили сайлау нәтижелерін мойындамады.

Зурабишвили мемлекет басшысы болып 2018 жылы өткен тікелей сайлау арқылы сайланды. Оның өкілеттік мерзімі 2024 жылдың 16 желтоқсанында аяқталады.

26 қарашада Грузия парламентінің қазір тек «Грузин арманының» депутаттары ғана қатысып жатқан отырысында 2024 жылдың 14 желтоқсанында президент сайлауы өтуі және жаңа мемлекет басшысының инаугурациясы өтеді 29 желтоқсанды өтеді деп жоспарланған. «Грузин арманы» президенттікке үміткер ретінде экс-футболшы Михаил Кавелашвилиді ұсынды.

Айта кетейік, Грузияда наразылық жалғасып жатыр. Грузия қауіпсіздік күштері қарашаның 28-і күні кешке Тбилиси орталығында жиналған шерушілерге қарсы су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Грузияның Ішкі істер министрлігі арнайы құралдарды қолдану туралы ескертіп, митинг «жиындар мен шерулер туралы заңның шеңберінен шығып кетті» деп мәлімдеді.

Наразылық білдірушілер парламентке іргелес аумақтан қуылды. Кейбір наразылық білдірушілер Грузия парламенті алдындағы алаңға қайтпақшы. Гимназия маңына жиналған бірқатар наразылық білдірушілер баррикадалар орнатуға кірісті, деп хабарлайды Paper Kartuli Telegram арнасы.

Грузия астанасының орталығында шеруге шыққандар мен полиция арасында анда-санда қақтығыстар болып тұрады. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, наразылық білдірушілер тәртіп сақшыларына түрлі заттар лақтырып, салдарынан ІІМ-нің үш қызметкері жарақат алған. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылды. Шерушілердің кейбірі каска, кейбірі бетперде киген.

Тегтер: