Еуропарламент Грузияда жаңа сайлау өткізуге шақырды
Еуропарламент Грузиядағы сайлау нәтижелері грузин халқының бостандығын көрсетпейді деп санайды және оларды мойындамауға шақырады.
Бұл туралы бейсенбі, қарашаның 28-і күні қабылданған «Жақында өткен парламенттік сайлаудан кейін Грузиядағы демократия дағдарысының күшеюі және сайлауды бұрмалау туралы айыптаулар» қарарында айтылған. Оны қабылдауға 444 депутат дауыс берсе, 72 депутат қарсы, 82 депутат қалыс қалды.
«Халықаралық қоғамдастық сайлау нәтижелерін мойындамауы керек, өйткені заң бұзушылықтардың ауқымы дауыс берудің заңдылығына елеулі нұқсан келтірді. Сайлау процесі тәуелсіз және бейтарап, халықаралық бақылауда жақсартылған сайлау жағдайында өтуі керек», - делінген құжатта.
Еуропарламент Грузия премьер-министрі мен партия жетекшілеріне қарсы санкция салуды жақтайды
Еуропарламент ЕО-ны «демократиялық сәтсіздіктерге, сайлау заңдары мен стандарттарын бұзуға, әкімшілік теріс әрекеттерге және мемлекеттік институттарды теріс пайдалануға» жауапты Грузия шенеуніктері мен саяси жетекшілеріне жеке санкциялар салуға шақырды.
Олардың қатарында премьер-министр Ираклий Кобахидзе, Тбилиси мэрі және биліктегі «Грузин арманы» партиясының бас хатшысы Каха Каладзе, Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвили және «Грузин арманы» партиясының төрағасы Ираклий Гарибашвили бар. Сондай-ақ саяси себептермен үкім шығарған грузин судьяларын Еуро Одақтың санкциялар тізіміне енгізу ұсынылып отыр. Еуропарламент депутаттары грузин олигархы Бидзина Иванишвилиге "Грузиядағы саяси үдерістердің шиеленісуіндегі рөлі және елдің конституциялық мүдделеріне қайшы әрекеттері, соның ішінде Ресейдің елдегі ықпал ету аясын қалпына келтіру әрекеттері үшін" санкциялар енгізуді сұрады. Жеке санкцияларға барлық активтерге тыйым салу және ЕО-ға кіруге тыйым салу кіреді.
Тбилисиде шерушілер қауіпсіздік күштерімен қақтығысты
Грузия қауіпсіздік күштері қарашаның 28-і күні кешке Тбилиси орталығында жиналған шерушілерге қарсы су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Грузияның Ішкі істер министрлігі арнайы құралдарды қолдану туралы ескертіп, митинг «жиындар мен шерулер туралы заңның шеңберінен шығып кетті» деп мәлімдеді.
Наразылық білдірушілер парламентке іргелес аумақтан қуылды. Кейбір наразылық білдірушілер Грузия парламенті алдындағы алаңға қайтпақшы. Гимназия маңына жиналған бірқатар наразылық білдірушілер баррикадалар орнатуға кірісті, деп хабарлайды Paper Kartuli Telegram арнасы.
Грузия астанасының орталығында шеруге шыққандар мен полиция арасында анда-санда қақтығыстар болып тұрады. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, наразылық білдірушілер тәртіп сақшыларына түрлі заттар лақтырып, салдарынан ІІМ-нің үш қызметкері жарақат алған. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылды. Шерушілердің кейбірі каска, кейбірі бетперде киген.