Тоқаев Мәскеуде AI Journey 2026 конференциясына қатысты
Тоқаев Мәскеуде АЭС салу туралы айтып, Путиннің еңбегін жоғары бағалады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің технологиялық ынтымақтастығы, атом энергетикасы және цифрландыру мәселелеріне тоқталды.
Тоқаев жасанды интеллектінің қарқынды дамуы электр энергиясына деген сұранысты арттыратынын айтып, Қазақстанның бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысында Ресейдің «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады.
Сонымен қатар президент Ресейдің технологиялық жетістіктерін жоғары бағалап, «Сбер» және «Яндекс» компанияларының қызметін атап өтті. «Яндексті» Қазақстандағы ірі жұмыс берушілердің бірі деп атады.
Мемлекет басшысы екі ел арасында ортақ цифрлық көлік дәлізін құруды ұсынып, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру қажеттігін айтты.
Тоқаев интернеттің «қоқыс жәшігіне» айналмауы керектігін де айтып, оның шығармашылық пен өнімді еңбек кеңістігі болуға тиіс екенін жеткізді.
Президенттің мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, ал отандық IT қызметтерінің экспорты 1 млрд доллардан асқан.
Тоқаев сөзінің соңында геосаяси мәселелерге де тоқталып, Ресейдің халықаралық аренадағы мәртебесін Владимир Путиннің еңбегімен байланыстырды.
Айта кетейік, Тоқаев форум қарсаңында Кремльде Владимир Путинмен кездесіп, екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.