Депутаттыққа үміткер Сергеевке қатысты аудиожазба бойынша қылмыстық іс қозғалды
Депутаттыққа үміткер Сергеевке қатысты аудиожазба бойынша қылмыстық іс қозғалды
Астана қаласы мәслихатының депутаттығына үміткер Владислав Сергеев әлеуметтік желіде тараған аудиожазбаға байланысты құқық қорғау органдарына арызданды.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, арыз негізінде қылмыстық іс қозғалған. Қазір онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Аудиожазбаның түпнұсқалығы әзірге анықталған жоқ. Сергеев жазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін мәлімдеген.
Айта кетейік, 25 қарашада Threads әлеуметтік желісінде Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданының тұрғындарын кемсітетін сөздер айтылған аудиожазба тараған еді. Ондағы ер адам аталған ауданды "екінші Шымкент" деп атап, "Айналаның бәрі – мамбеттер, орыс тілін дұрыс түсінбейді" деген. Әлеуметтік желі қолданушысы бұл дауыстың Владислав Сергеевке тиесілі екенін алға тартқан. Алайда депутаттыққа үміткер мұны жоққа шығарып, аудиожазба жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Владислав Сергеев 2023 жылы AMANAT партиясынан Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған. Биыл ол "Әділет" партиясынан № 1 сайлау округі бойынша депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген.
Астанада мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.