Саясат

"Қазатомөнеркәсіп" топ-менеджерінің ұсталуына қатысты түсініктеме берді

"Қазатомөнеркәсіп" топ-менеджерінің ұсталуына қатысты түсініктеме берді

Қуаныш Омарбеков

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өндіріс жөніндегі бас директоры әрі басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековке қатысты тергеу бастағанын растады.

Компанияның мәліметінше, қазір құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнатылып, тергеуге қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

"Қазатомөнеркәсіп" жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Компанияның 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдары, сондай-ақ даму стратегиясы өзгеріссіз қалады.

Айта кетейік, 25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталғанын хабарлады. Ол және басқа да күдіктілер 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

ҰҚК мәліметінше, олар "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырды делінген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топтың пара беруі) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

24 қарашада "Қазатомөнеркәсіп" директорлар кеңесі Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғужиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Қуаныш Омарбеков кім?

Қуаныш Омарбеков 1986 жылы дүниеге келген. Тау-кен металлургиясы мен логистика саласында еңбек еткен. "Қазатомөнеркәсіп" құрылымында он жылдан астам уақыт жұмыс істеп, инженерден бас директорға дейін көтерілген.

Әр жылдары "KAP Logistics" ЖШС мен "Ақбастау" бірлескен кәсіпорнын басқарған. 2023 жылғы маусымда "Қазатомөнеркәсіптің" өндіріс жөніндегі бас директоры әрі басқарма мүшесі болып тағайындалған.

Еске салайық, 11 қарашада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған болатын. 14 қарашада тергеу соты екеуін де қамауға алуға санкция берді.

Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуын квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықтың ауқымын көрсететін дабыл деп бағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырған.

"Самұрық-Қазына" қоры – "Қазатомөнеркәсіптің" ірі акционері. Ұлттық атом компаниясы акцияларының 62,99 пайызы тікелей қорға тиесілі.

.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз