Шыңғысхан ЕсмұхановҚостанай облысында салық басқармасының басшысы ұсталғаны хабарланды
Қостанай облысында салық басқармасының басшысы ұсталғаны хабарланды
Қостанай облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Шыңғысхан Есмұхановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бейресми мәліметтерге қарағанда, іс бірнеше миллион теңге көлеміндегі параға қатысты болуы мүмкін.
"Наша Газета" басылымының дереккөздеріне сүйеніп хабарлауынша, Есмұханов 2026 жылғы 20 қарашада ұсталған болуы мүмкін.
Басылымның дереккөздері бірнеше миллион теңге көлеміндегі пара туралы сөз болып отырғанын айтады. Болжам бойынша, бұл кәсіпорындардың бірінің бірнеше жүз миллион теңге көлеміндегі төленбеген салығына байланысты болуы мүмкін.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Шенеуніктің қандай жағдайда ұсталғаны, қылмыстың қай бап бойынша сараланғаны және оның процессуалдық мәртебесі белгісіз.
Журналистер Қостанай облысының Мемлекеттік кірістер департаментіне сауал жолдаған.
Ведомство Шыңғысхан Есмұхановтың жұмыс орнында жоқ екенін ғана растаған.
Бұған дейін де өңірде салық органының басшысы ұсталған
Бұл Қостанай облысындағы салық органдары қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық күдігі туралы алғашқы ақпарат емес.
2026 жылдың сәуірінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларының бірінің басшысына қатысты пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған болатын.
Кейін Қарасу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы Аязбек Құлназаровтың салық заңнамасын бұзу деректері анықталды деген желеумен шаруа қожалығының өкілінен 7 миллион теңге талап еткені белгілі болды.
Тамыз айында сот оны 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырды.