Саясат

Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасының қаражатын бақылайтын комиссия құрамын бекітті

Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасының қаражатын бақылайтын комиссия құрамын бекітті

Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік комиссияның міндеттері – бағдарлама жобаларының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, бюджеттік тәуекелдерді және бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланылуын барынша азайту", – делінген хабарламада.

Бақылау бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңін – жоспарлау мен қаражат бөлуден бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі жұмыстарды қамтиды.

Мемлекеттік комиссия жобалардың орындалу мерзімін, шығын көлемін және мемлекеттік сатып алу кезінде заңнама талаптарының сақталуын бақылайды. Сондай-ақ тәуекел деңгейі жоғары жобаларды анықтап, оларды азайтуға бағытталған шаралар әзірлейді.

Мониторинг қорытындысы бойынша Қазақстан президентіне тоқсандық және жылдық есептер ұсынылады.

Комиссияның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болады.

Комиссия құрамына Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшылары, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық банк төрағаларының орынбасарлары, сондай-ақ астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағалары кірді.

Құрылтай депутаттарынан комиссия құрамына Қайрат Айтуғанов, Берік Беркімбаев, Наталья Годунова, Сұңғат Есімханов, Шолпан Каринова, Юлия Кучинская, Мейірхат Қасымбаев, Марат Қожаев, Олжас Нұралдинов, Ольга Перепечина, Сергей Пономарев, Замир Сағынов және Әбілхайыр Тамабек енді.

Сондай-ақ комиссия құрамына Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері Андрей Антоненко, Ислам Байрамуков, Бекмұрат Жүсіпов, Геннадий Зенченко, Акбаржон Исмаилов, Вера Ким, Төлеген Құнадилов, Ләззат Қалтаева, Андрей Лукин, Манат Мусин, Нұргүл Үлжекова, Геннадий Шиповских және Ләззат Шыңғысбаева кірді.

Комиссия құрамына журналистер Нұрбек Бекбауов, Раушан Қажыбаева, Ренат Ташкинбаев және Риат Шони де енгізілді.

Бұдан бөлек, комиссия құрамына Dos.co қорының директоры Айнұр Аймұрзина, Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Біржан Бәткеев, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ирина Манжанова, кәсіпкер әрі "Шин-Лайн" компаниялар тобының негізін қалаушы Андрей Шин, GovTech & AI Foundation қорының басшысы Азиза Шүжеева және қоғамдық-сарапшылық қауымдастықтың өзге де өкілдері кірді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз