Мелания Трамп Украинада Рождествоға дейін атыс тоқтауы мүмкін екенін айтты
Мелания Трамп Украинада Рождествоға дейін атыс тоқтауы мүмкін екенін айтты
АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Украина мен Ресей арасында 25 желтоқсанға дейін жаңа атысты тоқтату келісіміне қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі елдің өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Мелания Трамп 20 қарашада Fox News телеарнасының Рождество мерекесіне арналған бағдарламасында айтты.
Журналистер одан мереке қарсаңындағы ең үлкен тілегін сұраған. Бірінші ханым әлемде бейбітшілік орнағанын қалайтынын, әсіресе Украина мен Ресей арасындағы атысты тоқтату маңызды екенін жеткізді.
"Әрине, бүкіл әлемде бейбітшілік болғанын қалаймын. Бірақ ең алдымен атысты тоқтату туралы келісімдердің көбейгенін көргім келеді. Егер Украина мен Ресей дайын болса, бұған өте жылдам қол жеткізуге болады. Мен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Сондықтан Рождествоға дейін тағы бір атысты тоқтату келісімі болуы мүмкін", – деді Мелания Трамп.
Бұған дейін АҚШ-тың бірінші ханымы Украинадағы гуманитарлық мәселелерді шешуге бағытталған келіссөздерге қатысқан.
Атап айтқанда, қазан айының соңында Ресей бақылауындағы Херсон облысының Олешки қаласында уақытша атысты тоқтату туралы келісім жасалған. Гуманитарлық операция барысында тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп, шамамен 800 адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Мелания Трамп бұл келісімді дайындауға тікелей қатысқанын айтып, эвакуацияланған адамдардың арасында қарттар мен балалар көп болғанын жеткізді.
Дегенмен бірінші ханым Рождествоға дейін жасалуы мүмкін жаңа келісім бүкіл майдан шебіндегі атысты тоқтатуды қамти ма, әлде жекелеген аймақтардағы гуманитарлық бітім бола ма, нақтылаған жоқ.
Әзірге Украина мен Ресей Рождествоға дейін атысты тоқтату жөнінде ресми келісімге келген жоқ.