Саясат

Прокуратура 12 жылға сотталған экс-әкім Кәрім Көкірекбаевтың бостандыққа шығуына қарсы шықты

Прокуратура 12 жылға сотталған экс-әкім Кәрім Көкірекбаевтың бостандыққа шығуына қарсы шықты

кәрім Көкірекбаев

Алматы облысының прокуратурасы жемқорлық қылмысы үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты жазадан мерзімінен бұрын босату туралы сот шешіміне қарсы шықты.

Қадағалау органының мәліметінше, прокуратура экс-әкімді босату жөніндегі сот актісінің күшін жоюды талап етіп отыр.

"Қазіргі уақытта прокуратура органдары аталған сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізді", – делінген прокуратура хабарламасында.

Осылайша, Кәрім Көкірекбаевты босату туралы шешімді енді Алматы облыстық соты қайта қарайды.

Бұған дейін не белгілі болды?

Бұған дейін  69 жастағы Кәрім Көкірекбаевтың денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін екенін хабарланған еді.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Алатау қаласының соты бұрынғы әкімнің денсаулық жағдайына байланысты жазадан босату туралы өтінішін қанағаттандырған.

Алайда сот шешімінің заңды күшіне енгені және Көкірекбаевтың жазасын өтеу мекемесінен босатылғаны ресми түрде расталмаған.

Еске салайық, Кәрім Көкірекбаевтың ұсталғаны туралы 2022 жылғы 27 желтоқсанда белгілі болды. Ол сол кезде "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарған.

2023 жылдың мамырында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Көкірекбаев пен іс бойынша өзге де айыпталушыларға кәсіпкерлерден жалпы сомасы 396 миллион теңге пара алды деген айып тағылғанын хабарлаған.

Тергеу мәліметінше, ақша орындалған жұмыстар актілеріне қол қою және кәсіпкерлерге қамқорлық көрсету үшін берілген. Сол кезде мемлекетке келтірілген жалпы залал шамамен 2 миллиард теңгеге бағаланған.

2025 жылдың шілдесінде сот Кәрім Көкірекбаевты кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз