Саясат

Пашинян Арменияның жаңа Конституциясын ұсынды: Қарабаққа қатысты маңызды өзгеріс енгізілді

Пашинян Арменияның жаңа Конституциясын ұсынды

Пашинян

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 23 қарашада елдің жаңа Конституциясының жобасын жариялады. Құжатта бұрынғы Тәуелсіздік декларациясына сілтеме жоқ. Бұл өзгеріс Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қою жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жаңа Конституция жобасы арнайы ашылған интернет-сайтқа орналастырылған. Пашинян азаматтарды құжатпен танысып, өз ұсыныстарын енгізуге шақырды.

Жобадағы ең маңызды өзгерістердің бірі – Конституцияның кіріспе бөлімінен 1990 жылғы Арменияның Тәуелсіздік декларациясына жасалған сілтеменің алынып тасталуы.

Аталған декларацияда 1989 жылы Армения КСР мен Таулы Қарабақты біріктіру туралы қабылданған шешімге сілтеме бар. Әзербайжан билігі мұны өз аумағына қатысты талап ретінде қарастырып, Армения Конституциясын өзгертуді бейбіт келісімге қол қоюдың негізгі шарттарының бірі ретінде ұсынып келген.

Пашинян жаңа Конституция қабылданған жағдайда Әзербайжанмен ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға мүмкіндік туатынын мәлімдеді.

"Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін біз Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қойып қана қоймай, ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткіземіз", – деді Армения премьер-министрі халыққа үндеуінде.

Дегенмен Армения билігі Конституцияны өзгерту басқа мемлекеттің талабы бойынша емес, елдің егемен шешімі негізінде жүзеге асырылуы тиіс екенін айтып келеді.

Ал оппозициялық күштер бұл бастамаға қарсы. Олар конституциялық өзгерістерді Әзербайжанның талаптарына жасалған саяси шегініс деп есептейді.

Жаңа Конституцияны қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум өткізу қажет. Алайда Пашинянның биліктегі партиясында референдум тағайындауға жеткілікті дауыс жоқ. Сондықтан оған оппозиция депутаттарының кемінде алтауының қолдауы қажет.

Бұған дейін Пашинян халық референдумда жаңа Конституцияны қолдамаса, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеген.

Еске салайық, 2025 жылдың тамызында Армения мен Әзербайжан АҚШ-тың арағайындығымен бейбіт келісім мәтінін алдын ала мақұлдаған. Алайда құжатқа түпкілікті қол қою мәселесі шешілмеген.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз