Саясат

Халықаралық банктер ҚТЖ-ның IPO-сын 2027 жылға шегеруді ұсынды

Халықаралық банктер ҚТЖ-ның IPO-сын 2027 жылға шегеруді ұсынды

Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын IPO-ға дайындауға тартылған халықаралық инвестициялық банктер компания акцияларын қор биржасына шығару мерзімін 2027 жылға шегеруді ұсынды.

Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

"Әлемдік нарықтардағы жағдайдың нашарлауына байланысты ҚТЖ-ны IPO-ға дайындауға тартылған халықаралық инвестициялық банктер мәмілені өткізу мерзімін 2027 жылға ауыстыруды ұсынды", – делінген қордың жауабында.

"Самұрық-Қазына" қорының мәліметінше, қазір әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай мен инвесторлардың қызығушылық деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. IPO-ның нақты мерзімі мен параметрлері осы көрсеткіштерге байланысты анықталмақ.

Бұған дейін ҚТЖ акцияларын 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан, Лондон және Гонконг қор биржаларына шығару жоспарланған болатын.

5 қарашада компания Гонконг қор биржасының листингтік комиссиясының тыңдауынан өткен. Сондай-ақ Лондон қор биржасына шығу үшін қажетті рәсімдердің басым бөлігі аяқталған.

Алайда қордың мәліметінше, биыл үшінші тоқсанда әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай нашарлап, соңғы апталарда тұрақсыздық күшейген.

IPO аясында инвесторларға ҚТЖ акцияларының 25 пайызға дейінгі үлесін ұсыну көзделген. Акцияларды сатудан түскен қаражат компанияның қарыз міндеттемелерінің бір бөлігін өтеуге, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға, көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға және жылжымалы құрамды жаңартуға жұмсалмақ.

Қазіргі уақытта ҚТЖ-ның баланстық қарызы 3,8 триллион теңгені, ал номиналды қарызы 4,7 триллион теңгені құрайды. Компанияның жалғыз акционері – "Самұрық-Қазына" қоры.

Айта кетейік, 11 қарашада "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін екеуі де қамауға алынды.

Нұрлан Жақыпов қорды 2023 жылдан бері басқарса, Елжас Отыншиев ҚТЖ басшылығына биыл шілде айында тағайындалған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз