Гүлфайрус Ысмаилованың «Қазақ вальсі»

Теңдессіз. Егер осы сипаттамаға сай келер бір адам болса, ол – Гүлфайрус Ысмаилова. Сәбет кезінде шығармашылық одақтарға қабылдану кез келгенге бұйырмайтын бақ еді.
Ал ол үш бірдей: кинематографистер, театр өнері мен суретшілер одағының мүшесі болды. Мұндай дәрежеге жетуге Тәңір берген таланттан бөлек, өр рух пен еркін болмыс керек. Осының бәрін бір бойына жиған Гүлфайрус тұтас ұлттың мақтанышына айналды.
Десе де көзі көргендер актрисалық, театр өнері һәм қылқалам шебері деген үш болмыс оның тұлғалық бейнесінің шегі емес екенін айтады. Ол жұбай, ана және әйел ретіндегі міндеттерін де мінсіз атқарған деседі.

1929 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген Гүлфайрус Ысмаилова суретке бала кезінен әуес болды. Шебер әжесінен дарыса керек. Соғыс кезінде суретші кілем тоқумен айналысқан. Әншілігі де бір төбе. Консерваторияда білім алған ол вокал мен сурет өнерінің қайсысын серік етерге шешім қабылдамай ұзақ ойланады. Ақыры Әбілхан Қастеевтің «Бізде әнші көп, ал суретшілер жоқ» деген сөзі әсер етіп, Мәскеуге оқуға аттанады. Онымен, жатақханада орын болмай, елге қайта оралуды ойлайды. Бағына орай қазақ сұлуын «Мосфильм» киностудиясы байқап, «Алитет тауға барады» картинасында басты рөлді сомдауға шақырады. Содан кейінгі жылы Репин атындағы көркемсурет институтына оқуға түсіп, Ленинградқа аттанады. Сол жерде мәңгілік махаббаты, өмірлік жары Евгений Сидоркинмен танысады. Сұхбаттарының бірінде Ысмаилова: «Өтінемін, бізге бөлек қараудың қажеті жоқ. Біз егіздейміз. Есіміміз үнемі қатар жазылсын» – дейді. Алғашқы кездесуге жігіт дәл өзі түскен киноға шақырады: «Мен оның суреттерін ұнататынмын. Оның өз ұлтына тым берілген болмысын. Ол Салтыков-Щедрин туған жердің перзенті, өз мәдениетін ессіз сүйетін. Өзіңіз білетіндей, аса талантты орыстың бәрі Шығысқа құмар келеді. Римский-Корсаковты еске алыңыз, «Шехерезаданы» жазды емес пе?! Сидоркинге ғашықтығымнан өзім қорықтым. Себебі суретші болсам деген арманым орындалмай қала ма деген үрей болатын. Бірақ Женяның көздері... Біз бір-бірімізді құлай сүйдік. Ленинград көшелерін таңға дейін аралайтынбыз. Қала сыртындағы мұражайларға бірге баратынбыз. Көрмелер, концерттер, балет. Пасха кезінде Александро-Невскийге барып, құдайға сыйынғандарын қарайтынбыз. Ол жердегі хор қандай еді! Себебі Киров театры вокалистері сонда барып қосымша ақша табатын. Иконаларын айтсаңызшы! Мен оларға суретшінің көзімен қарайтынмын. Бала кезімді көрші орыс әже мені Николь соборына ертіп баратын, сол кезде: «Орыстардың құдайы қандай сұлу!» деп ойлағаным есімде қалыпты. Иконаларды сол кезден жақсы көрдім, әсіресе Андрей Рублев, Феофан Грек туындыларын. Женя екеумізге қызығушылық та, сезім де ортақ болды. 1953 жылы Васильев аралында некемізді қидық, оны ата-аналарымыздан жасырдық. Себебі өзге ұлттан жар таңдағанымызға бәрі қарсы болды. Қазақстанға келген соң, махаббатым менің Отаныма ғашық боп қалды. Екеумізге де сыртымыздан көз салғандар көп. Маған сезімін білдіргендер қандай көп болса, оны көре алмаған еркектер сонша еді. Ал оған ғашық қыздардың тіпті шегіне жетпейсің. Десе де, біз бір-бірімізге өмір бойы адал боп қалдық» деп еске алып отыратын суретші отбасылық өмірін. Екеуі сүйген жары бақилық болғанша 27 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешті. Жалғыз ұлдары Вадим де ата-анасының жолын қуып, суретшілікке бет бұрды.

Әкесі өмірден өткенде Вадим 22 жаста еді. Санкт-Петербургтегі оқуын тастап, анасының қасына оралып, оған қолдау көрсетеді: «Ол кезде жаңа дәуір басталған. 90-жылдар. Жұрт көзіне түскеннің бәрін жермен-жексен еткісі келетін, мемлекеттік мұражайлар мен шығармашылық бірлестіктердің қорлары тоналды. Танылмаған өнерпаздар атақ-даңқ үшін бір-бірінің шығармаларын, мұрасын жоюды армандаған кез болды. Қайта құру кезінде олар таланттарды ығыстыруға тырысты. Менің ата-анамды көптеген әріптестері жек көрді, өйткені олар табысты болатын. Менің сұлу анам тәніне дендеген аурудан емес, осыдан көбірек зардап шекті. Сол кезде Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына «Қазақ вальсі» картинасын сатып алғысы келетінін айтып бір ауқатты адам келген. Ол картина үшін бүкіл мұражай ғимаратын жөндеуге болатын сома ұсынды. Бірақ анам сатуға рұқсат бермеді: «Мен оны халық үшін жаздым». Бірақ бұл біздің пікірімізбен санасқан бір ғана жағдай етін. Көбінесе рұқсатсыз сатылып жатқанын білдік, бірақ ештеңе істей алмадық. Ол кезде кеңес өнері негізінен ТМД елдерінен вагондармен тасымалданатын. Көптеген жеке галереялар әртүрлі қоймалар мен қорлардан ұрланған тауарларды ашық түрде саудалады. Мысалы, анам Опера және балет театрында ұзақ уақыт суретші болып жұмыс істеді. Ал театрды қайта құру кезінде оның көптеген эскиздері мұражайға берілді. Содан кейін мен оларды коллекционерлерден көрдім. Бұған анам қатты қайғырды» – дейтін.
Шынымен-ақ, суретшінің визиткасындай болған «Қазақ вальсі» құн жетпес туынды. Өнер коллекционері қызықса, қызыққандай. Қазақ өнерінің алтын қорына кірген осы бір туындыны жазғанда Гүлфайрус бар болғаны 29 жаста болған.
Автор шығармашылық өмірінің алғашқы жылдарында театр немесе концерт сахнасындағы өнерпазды бейнелейтін композициялық портреттерге әуес еді. Осы портреттердің барлығында суретші кейіпкерлер өміріндегі ең бақытты һәм ең көңілді сәттерді шебер жеткізген. Олар бейнеленгендердің қарапайым адамдық сипатын ашуға емес, Тәңір берген өнерінің апотезасына жеткен шағын бейнелеуге бағытталғын. Ысмаилованы баурап алатын да осы бір ғажайыпқа тұнық шығармашылық шабыт күйі. Өзі де «Мен гүлдер мен әйелдерді жақсы көрем. Натураларымды үнемі шынайы өмірдегі бейнесінен «биігірек» жеткізуге тырысамын. Мені күйбең өмір прозасынан гөрі, ертегі елітеді» дейді емес пе?! Дарынға, оның бүкіл кейіпкерді нұрландыратын нұрына басты назар аударылады. Автордың әрбір кейіпкерінің таланты портреттерде барынша ашылып, суретшінің барлық кескіндемелік, композициялық шешімдері сол қасиетті көрсетуге бағытталған.

Композициялық портреттер циклі 1958 жылы салынған Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың «Қазақ вальсі» аталатын портрет-картинасымен басталады. Би шаттығы, бойыңда бұлқынған өнер бақыты. Суретші жазған Шара бейнесі дәл осы күйінде өмір сүреді. Шара музыкаға мойынсынып, оның ырғағына еліте билейді кеп. Ритмикалық қимыл-қозғалысының жылдамдығы жанданған сайын қос жанарындағы от лаулай түсетіндей. Бұл кенептің кескіндемесі өте сәнді. Сахнаның қараңғылығынан прожектор арқылы көрерменге жақындай түскен Шараның бет-жүзі нұрлы бояумен көмкерілген. Бишінің қызыл-сары жіптермен кестеленген камзолы, күміс білезіктер мен әшекейлердің жылтыры, басындағы қауырсындардың әсемдігі кенепте өзара үйлесімді өріліп, көрерменге таңғалдырарлық әсер етеді. Шебер вальске тән қимыл-қозғалыстарды суретте дәл жеткізе білген. Шараның мүсініне қарап, көрермен кейіпкердің қандай би орындауында бейнеленгеніне бір минутқа да күмәнданбайды. Бұл – жалынды вальс. Ал портреттік ұқсастықты осы кескіндеме жанрының мызғымас негізін тек сырт бейнесін көшірумен ғана емес, сонымен қатар өзге де түс, композиция сынды экспрессивті шешімдер арқылы жеткізген. Бір Шара арқылы Гүлфайрус бар әйелге тән екіұшты болмыс, яғни нәзіктік пен ішкі сарқылмас қуатты ашады. Бишінің өзі бұл кенепті көргенде: «Мені тарих осындай сұлу қалыпты есінде сақтап қалатын болды» деп қуанышын жасырмаған екен.