Гүлсім Ботпанова: Әділді 26 жылдан бері күтіп жүрмін...

2010 жылдары Алматыда оқитын, әдебиетке жаны құмар студенттерге Ә. Ботпановтың әу баста дақпырты жетті.
«Әділ деген ақын кезінде ҚазҰУ-де білім алыпты, екінші курста оқуын тастап кетіп қалыпты, 27 жасында үйінен шығып, қайта оралмапты» деген сөздерді әрім-әркім айтып жүрді. Бұған бәріміз елеңдеп, «жоғалып кеткен ақынның» тағдырына қызыға түстік. Онан соң газет-журналдардан бірлі жарым өлеңін тауып оқыдық.
Осылай жаным ұдай,
Кетісіп сағынармыз.
Адамның бәрі құдай,
Құдайдың бәрі жалғыз, –
деп басталатын «Сағыныш» дейтін өлеңі оның даңқын тіпті де арттыра түсті. Кейін «Өмірзая» кітабы қолымызға тиді, қызығып, құнығып оқыдық.
Сол баққа келем жанымды жара жеп күзде,
Ал күздің желі меніңше, сәл әдепсіз бе?
Жапырақтарын шашады жүзіме әкеп
Дейтіндей:
Сәлеметсіз бе!
Сәлеметсіз бе… – деген сияқты лирикалық жырларын жаттап алып айтып жүрдік. Әлгі «Сағыныш» дейтін өлеңі:
Сезімге жарымаған,
Жылайды әлі кеуде.
Құдайдың бәрі де адам,
Адамның бәрі – пенде… деп аяқталады. Ақынның бар болмыс-бітімі осы өлеңіне сыйып тұрғандай сезіледі.
Жақында ақынның жары Гүлсім Ботпановамен сұхбаттастық. Оның өмірінің жарқын сәттері, көлеңкелі тұстары жайлы әңгіме тиегін ағыттық.
– Гүлсім апай, әңгімемізді Әділ ағамен қалай танысқаныңыздан бастайықшы, ең алғаш жолыққан сәттеріңіз есіңізде ме?
– Әрине, мұның бәрі күні кешегідей ап-анық есімде. 1984 жылдың күзі, 9 сыныпта оқитынмын. 140-мектепке ауысып келгеніме екі ай болған кез еді. Қазан айы, мектебімізде «Алтын күз» кешін орыс тілі пәнінен тәжірибе жинақтау мақсатымен келген жас практиканттар өткізді. Маған ұзын күзгі жапырақ іспеттес сары көйлекті кигізіп, белімнен төмен түсетін шашымды бұйралап жіберіп, басыма күз ханшайымына лайықты тәжді кигізді, кештің күз ханшайымы болып, залға кіргенде оқушылардың бәрі «ооо, нағыз ханшайым» деген дауыстары менің көңілімді көтеріп, таққа отырғызғандай болды.
Қошеметпен барып ханшайымның тағына отырдым. Ол кезде іс-шараның барлығы спорт залда өтетін. 9-10 сынып оқушылары гитара, барабан, ударник тартып, кешкі дискотеканы ұйымдастыратын. Әр сенбі сайын дискотека болатын. Сол кеште практиканттарымыз орыс тілі мамандары Пушкиннің «Татьянаның Евгенийге жазған хатынан» орысша жетік сөйлейтін Әділге Онегиннің бейнесін сомдауды берген. Әділ ол бейнені бар ынта жігерімен сомдап, көздері жанып, әсерлі кейіппен бүкіл оқушыны, көрермендерді тебірентіп, Онегин болып өлең оқыған еді. Дәл сол бейне, сол әсер әлі де есімде: «қандай керемет қойылым, қандай әдемі, қандай сұлу жігіт» деп іштей сүйсінген болатынмын.
Кеш керемет аяқталып, мектептің балалары соның көңілді желпіген әсерімен сыртқа шықтық. Автовокзал жақта тұратын сыныптастарымның көпшілігі дабырлап сөйлесіп келе жатқандарын байқадым. Әділ ол кезде атанып, айналасына танылған, мектептегі оқушыларға беделі бар, абыройлы, өзін барлығына мойындатқан «ақын жігіт» еді. Қасындағы достары оның айтқан сөзін екі етпей, табан астында орындайтын. Менің жанымда топырлап, топтасып келе жатқан балалар Әділдің бір ғана ишарасымен алдыға жылжып, екеумізді кейін қалдырды. Сол жерде Әділ «екеуміз достасайық» деген ұсыныс айтты. Оның мектептегі беделін білсем де, қойылымдағы әсерден кейін оған деген іштей сезімім болса да тәкаппарлықпен келісімімді берген жоқпын.
Сол жерде Әділ «үш күннен кейін жауабын айтарсың» – деді, сосын біз алда бара жатқан балаларға қарай жылжып жүріп кеттік.
– Үш күннен кейін не деп жауап бердіңіз?
– Әділ ұзақ күткен үш күн де өтті. Әдетте сабақтан соң сыныптас қыздар үйге қарай бірге қайтатынбыз. Дәл сол күні сабақтан шыққаннан кейін Әділ мен Қамбар дейтін сыныптасымыз: «Сендерді шығарып салайық» деп бізбен бірге жүрді. Біраздан соң екеуміз кейіндеп қалдық та, балалар алдыға озып кетті. Жатаған жер тамдардың арасымен жүріп келеміз. Бір кезде оның көзіне көзім түйілісе қалды, жанары от шашып жарқырап, жанып тұр. Оның тұп-тұнық көзінен адалдықты, өткірлікті сезгендей болдым, бірақ мұны Әділге білдірмеуге тырыстым. Содан соң арадағы үнсіздікті өзім бұзып: «Әділ, бірдеңе айтқың келді ме, айта бер» дедім, сөйтсем ол: «Саған өткенде «достасайық» деп едім, ойлануға үш күн уақыт бердім, енді жауабын естігелі келдім» дейді. 8 жыл орыстармен аралас оқығандықтан болар, әлде бала шығармыз, әйтеуір сол сәтте Әділдің «достасайық» дегенін жете түсіне қоймадым. Бұрындары сыныпта өзара анкета толтырғанда «жігітпен дружить етесің» деген сөз, сол жігітпен махаббаттасасың, сөз байласасың дегенді білдіреді деп ұғатынбыз, ал қазақтардың «достығын» әншейін дос болу, араласу, қыз бен ұлдың арасындағы сыйластық деп түсіндім, сөйтіп, Әділдің «достығын» қабылдадым.
Бірде Әділдің анасының сырқаттанып, ауруханаға жатып қалғанын естідік, содан сыныптастар жиналып, көңілін сұрағалы бардық. Сонда Әділ мені алғаш рет о кісімен таныстырды, анасына алдын ала айтқан болуы керек, мені сондай мейірмен, жылы шыраймен қарсы алды. Екеумізге ұзақ қарап жатты да: «Балам, Гүлсімді ренжітуші болма!» – деді. Осы сөз маған қатты әсер етті. Әділге деген сезімім де, сенімім де арта түсті.
– Әділ ағаның сізге арнаған алғашқы өлеңдері дәл осы кездерде жазылған болар?
– Иә, Әділ жазған өлеңдерін маған алып келіп: «Мынаны көшіріп берші» дейтін. Бастапқы кезде ойымда ештеңе жоқ «жарайды» деп алып қалатынмын. Көшіріп отырып оқимын, іштей: «қандай жақсы өлеңдер» деп тамсанып қоямын. Сөйтсем, сол өлеңдердің бәрі маған арналыпты. Әділ мұны тікелей айта алмай «көшіртуді» ойлап тауыпты. Оны кейін білдім.
– Мектеп бітіргеннен кейін сіздер екі қалаға оқуға түстіңіздер ме?
– Шынын айтқанда ол кезде баламыз, әлі ештеңенің мән-мағынасын терең түсіне бермейміз, содан да болар біз біраз уақыттан соң айырылысып кеттік. Әдетте оқудан кейін великке мініп қыдыратынбыз. Әділ мені үйден екі көше арырақта күтіп тұратын, екеуміз қырға шығып серуендеп, әңгіме айтып қайтатынбыз, сөйтіп жүргенде бір күні мен шыға алмай қалдым. Әділ түні бойы сыртта күтті. Терезеден көріп жатырмын, көшеде ары бері сенделіп жүр. Мен үйдегілерден ұялып, оған қатты ренжідім. Сөйтіп, біз араласпай кеттік.
Біраз уақыттан соң мен басқа мектепке ауыстым. Кейін Әділ оқу іздеп Алматыға кетті, мен Қызылордадағы Қорқыт ата университетіне оқуға түстім. Сөйтіп жүргенде арада төрт жылдай уақыт өтті. Әділ ҚазҰУ-дегі оқуын аяқтамай, Қызылордаға қайтып келді. Кейіннен жақын араласатын құрбымның жігітінің туған күнінде қайта жолықтық.
Біз айырылысып кеткен соң мынадай бір қызық оқиға болыпты. Менің кейінгі ауысқан мектебім сәл алыстау еді, автобуспен баратынмын, Әділ таңертең менің соңымнан еріп, аялдамаға шейін келіп жүріпті, сонда автобусты күтіп, мені мінгізіп жіберіп, өзі мектебіне қайтады екен. Мұны кейін үйленген соң айтып берді.
– Үйленгеннен кейінгі өмірлеріңіз қалай болды?
– 1992 жылы, 25 желтоқсанда танысқаннан кейін 8 жылдан соң отау көтердік. Әлі есімде, той күні ауа-райы жып-жылы, беташар сыртта болды. Негізі – Әділ бес ағайынды. Үш әпкесі, бір ағасы бар. Біз үйленген соң ата-енемізбен, аға-жеңгемізбен бірге тұрдық. Әділ «Ақмешіт апталығы» дейтін газетте жұмыс істеді. Мен үйде болдым. Анамыз екеуміз (Әділдің анасын айтамын, есімі Жібек) шай ішіп, ұзақ-ұзақ әңгіме айтатынбыз. Мен әке-шешемнің сүткенжесі болған соң сәл еркелеп, еркіндеу өстім, ешкім бетімнен қаққан жоқ. Көп дүниені келін болып түскен соң анамнан үйрендім.
Атам (Әділдің әкесін айтамын, есімі Әнуарбек) жылы жүзді, зиялы кісі еді. Мені «аппағым», «кішкентайым» деп еркелетіп, маңдайымнан сүйетін. Әділ болмаса да балаларымызды атам тәрбиеледі. Ұлымыз Ақназарды бауырына басып, ер жеткізді. Ақназар 20 жасқа келгенде өмірден озды. Оған атасының қайтыс болғаны бәрінен ауыр тиді.
– Балаларыңыз туралы айтып қалдыңыз ғой. Алғаш әке атанғанда Әділ аға қандай сезімде болды?
– 1993 жылы қазанда тұңғышымыз Меруерт дүниеге келді. Әділ айрықша қуанды, қызын қатты жақсы көретін, небір қызық аттарды ойлап тауып еркелететін, қолынан тастамай көтеріп жүретін. Соның бәрі – Меруерттің есінде, үнемі айтып отырады: «әкем мойнына мінгізіп алатын, маған әдемі көйлек алып берген» деп.
1995 жылы Ақназар дейтін ұлымыз туылды. Сол кезде мен бір айдай перзентханада жатып қалдым. Редакция мұнда жақын-тұғын. Әділ күнде келетін, қасына жолдастарын ертіп алады. Келген сайын: «не жаңалық, босандың ба?» деп сұрайтын. Дәл босанатын күні ол Тереңөзекке бір мүшәйраға әділқазы болып кетіп қалды. Қайтып келген соң жүрегі жарыла қуанды, атын бір ай ойланып-толғанып өзі қойды, оған дейін атам бір ат айтады, Әділ жақтырмайды, ақыры Ақназар деген есімге тұрақтады.
– Әдетте шығармашылық адамның жұмыс тәртібі әр түрлі болады. Біреу күндіз жазады, енді біреу түнде жазады. Әділ аға өлеңді қай кезде жазатын еді?
– Күндіз көбінесе жұмыста болатын, жазуға тек кешке қолы тиетін, кей кездері түнімен, тіпті таң атқанша жазу үстелінен қозғалмайтын. Сосын таң ата ұйықтап, кештеу оянатын, ояна салып, түнде жазған дүниесін маған оқып беріп: «қалай екен?» деп балаша қуанатын.
Әділ шығармашылықта ғана емес, күнделікті өмірде де өзіне ұқыппен қарайтын. Күнде сақал мұртын басып, шалбарының қырын сындырмай серіленіп жүретін.
– Кейінгі буын біздер Әділ ағаны тұстастарының естеліктерінен танып білдік. Сонда көбісі о кісіні «кітапты көп оқитын, білімді еді» деп еске алады. Кітап қоры көп болды ма?
– Әділ шынымен де ізденімпаз еді. Кітапты көп оқитын. Әсіресе орыс тіліндегі әлем әдебиетінің классиктерін молынан жинады. Үйдегі кітапханасын көзімнің қарашығындай қорғап, сақтап отырмын. Ұлымыз Ақназар да кітап оқуға құмартып өсті. Әкесінің кітапханасын ақтарып, өзіне қажетті дүниелерін тауып оқиды.
Әділ екеуміздің арманымыз көп еді. Кейде сырласып, соның бәрін айтатынбыз. Ол ағылшын тілін үйренсем, аудармашы болсам дейтін. Бәлкім, Әділдің кітапханасының әсері болар Ақназар кітап оқи жүріп, ағылшын тіліне қызықты, кейін соны игерді. Қазір аудармашы.
– Өмірде мінезі, болмысы қандай адам еді?
– Әділді әдетте достары: «өнерде, әдебиетте өте қатал еді» деп айтып жатады. Біреудің көңіліне қарамай турасын, ақ қарасын айтатын болса керек. Ал отбасында өте қарапайым, жанашыр болды. Болмашы тұмауратып, сырқаттанып қалсаң жаны қалмай, қасыңнан айналшықтап кетпей: «қай жерің ауырып тұр, не жейсің, не ішесің» деп құрақ ұшып тұратын.
Әділ диханшылықты жақсы көретін. Бір жылы ауылға барып егін екті. Ай сайын барып егінін суарып, баптап тұрды, жаз бойы соны ермек етті. Күзде 150 қап картошка, сәбіз алып келді. Сондай күндердің бірінде: «мынадай лас ортада жүргенше, егін егіп, қара жердің сауабын алған әлдеқайда жақсы» деп айтып қалды. Біз мұны «оңашада ойланып, өзімен-өзі толғанып жүрген болар» деп топшыладық. Тумысынан топ ортадан гөрі жалғыздықты, тыныштықты жақсы көретін. Тағы бірде «қайбір ақын 14 жыл бала-шағасын тастап сыртқа кетіп қалған, сөйтіп шығармашылықпен айналысқан» деп айтып қалды. Оның бұл сөзі туралы Әділ кеткеннен кейін ғана ойландым, ойландым да: «Әділ де сөйтіп кетіп қалған болар, біраз уақыттан соң қайтып келер» деп өзімді жұбатып жүрдім. Әлі де үмітімді үзген жоқпын, бір күні жетіп келетіндей, елеңдеп, күтіп отырамын.
– Үйден кетердің алдында өз араларыңызда қандай да бір реншіп, кикілжің болған жоқ па, соңғы көрген сәтіңізді айтып беріңізші...
– Ондай ештеңе болған жоқ. 1996 жылы анамыз қайтыс болды. Бұл Әділдің жанына қатты батты. Не дегенмен анасы ғой, қайғырып, еңсесі түсіп жүрді. Оның үстіне балалар бірінен кейін бірі ауырып, бәріміз мазасызданып жүрдік. Дәл кететін кезінде мен Ақназармен бірге ауруханада жатқанмын. Жоғаларынан бір күн бұрын бізге келді. Жағдайымызды сұрап, әңгімемізді тыңдап қайтты. Тумысынан көп сөйлемейтін, сенің әңгімеңді тыңдап, ойға шомып отыра беретін адам еді ғой. Соңғы күні де дәл сөйтті. Ақназардың бір жастан енді асқан кезі, ұлын құшақтап, бетінен сүйді. Артық ештеңе айтпады. Бірақ ертесі келмеді. Ол кезде қазіргідей телефон жоқ, хабарласа алмадық. «Қоғам» телеарнасында жауапты хатшы болып істейтін кезі еді, «жұмысы хабарлас болған шығар» деп ойладым.
Соңғы кездері «шабыт келмей жүр, ештеңе жаза алмадым» деп ширығып жүретін ол да әсер еткен болар. Бәлкім, анасы қайтыс болды, балалары ауыра берді, шаршаған да шығар...
– Сіз ауруханадан келгенде үйден тосын өзгеріс байқамадыңыз ба, о кісі кітаптарын, әлде қолжазбаларын жиыстырып, реттеп кетпеп пе?
– Жоқ, ондай ешқандай өзгеріс байқалмады. Кітаптары, жазу үстелі бәрі сол қалпы тұрды.
Бастапқы күндері «келіп қалар» деп күтіп жүрдік. Кейіннен жан-жаққа сұрау салып, іздестіре бастадық. Күні бойы елеңдеп хабар күтеміз, «пәлен жерде біреу суға ағып кетіпті, түген жерде біреудің денесі табылыпты» десе оған да шошына қарайтынбыз. Әсіресе әкемізге қатты ауыр тиді, алдымен жары қайтыс болды, жарты жыл өтпей Әділ жоғалды.
Біраз уақыт «Алматыға, достарының қасына кетіп қалған болар» деп елеңдеп жүрдік, бірақ ол жақта да жоқ болып шықты.
– Әділ аға жоғалғаннан кейін «біреулер көріпті» деген сөз естіп едім, бұл қаншалықты рас?
– Берік Саймағанбетов дейтін жырау жігіт көріпті деген сөзді мен де естідім, кейіннен Беріктен арнайы сұрадым. Сөйтсем, шынымен де Әділ жоғалғаннан кейін бір айдай уақыт өткен соң Қызылордада бір кафеде жолығыпты. Берік сырттан кіріп келсе керек Әділ амандасып: «қазір қайтып келемін, күте тұр» депті, бірақ қайта оралмапты.
Әкеміз ұлын іздеп «Бармысың бауырым?» дейтін телехабарға шейін шықты. Бармаған құмалақшы, балгерлеріміз қалған жоқ. Біреуі бар деді, енді біреуі жоқ деді. Тағы біреулері «тірі, екі-үш күнде келеді» деді. Базарға барған сайын құмалақшы көрсем салдыра беретінмін. Кейде түсіме кіреді, екеуміз базарға барып, бірдеңелер алып жүреміз. Бірақ үндемейді, ештеңе айтпайды.
Әділмен 5 жыл отастым, 1997 жылдың 24 маусым күні үйден шығып кетті. Міне, содан бері 26 жылға жуықтады. Әлі жолына қарап күтіп жүрмін. Соңында қалған шығармаларын жиыстырып ақын, Бауыржан Бабажан, Маралтай Райымбекұлы секілді Әділдің жанашыр достарының көмегімен «Өмірзая» деген кітабын шығардық. Меруертімізді ұзаттық, Ақназарымызды жақында үйлендіріп, келін түсірдік. Әділдің барлық достарына алғысым шексіз, қай кезде де қасымыздан табылып, қиындығымызды жұмыла көтеріп, жеңілдетіп кетеді.
– Өзіңіз қайда жұмыс істейсіз?
– Біз алғаш танысқан №140 мектепте мұғаліммін. Мұны тағдыр дейміз бе, сәйкестік дейміз бе білмеймін. Алғаш осы мектепке барып, ұстаздық жолымды бастаған кезде, оқушылар арасында, спорт залда күзгі бал кеші ұйымдастырылды. Сонда залдың табалдырығында тұрып, «Әділім, бізді табыстырған осы жер еді ғой» деп, егіліп жылап, көз жасымды ешкімге көрсетпей қайтып кеттім.
Әділ Ботпановтың шығармашылығынан:
Сағыныш
Осылай, жаным, ұдай,
Кетісіп… сағынармыз.
Адамның бәрі – Құдай,
Құдайдың бәрі – жалғыз…
Тағдыр сол желөкпе тек,
Нетеміз… көнеміз де.
Кетеміз бөлек-бөлек
Бейшара кемемізде.
Кетеміз жағамызға,
Алысқа үңіле кіл.
Қайталап санамызда:
«Жалғыздың жүгі жеңіл,
Жалғыздың жүгі жеңіл».
Соңғы сөз, соңғы нүкте,
Бірлікке тыйым салар.
Жалғыз жан торға іліксе,
Тірлік те қиын соғар…
Осыны ойламадық,
Жаным-ау, қате еді бұл.
Асқақтық бойлап алып,
Біздерді кетеді кіл.
Сезімге жарымаған,
Жылайды әлі кеуде.
Құдайдың бәрі де – адам,
Адамның бәрі – пенде.
Түн жамылып, тәңіріммен тілдестім
Тәңірім-ау!
Сор басымды салдың-дағы жолға сан,
Таба қылдың жақынға һәм жатыма.
Бір ақынды бақытты ете алмасаң,
Ұяттау ғой Құдай деген атыңа.
Дедім, міне, көкіректі тырналап,
Көлгірсіген өгей мұң.
Жырта берсең жүрегімді жұлмалап,
Мұнан басқа не деймін?!
Зор күнімді сәт ішінде қор қылып,
Күн берердей кіл кещеге қаратқан,
Бақ құсыңа тор құрып,
Құзырыңа қол сұғып па ем, Жаратқан?!
Мен не жаздым?
Білетұғын аямды,
Аталардың тұяғы ем ғой, өр, текті.
Дұшпанкөз ғып бақыт бер де баянды,
Құдайлығың рас болса, көрсетші.
Ием болсаң көкірекке салған жан,
Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.
…Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан
Сен емес қой тек қана…
Тәңірім-ау…