Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 08 Наурыз 2024

Халық Бишімбаевқа қарсы

Бишімбаев

Былтыр 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Кейіннен оған кісі өлтіру бойынша айып тағылып, үстінен іс қозғалды. Әйел өлімінің себебі –бассүйек жарақаты.

Туыстары «аяусыз соққыдан Салтанаттың бір көзі ағып кеткен» деп мәлімдеді. Бишімбаевтың әйелін ұрып өлтіруі қоғам арасында үлкен резонанс тудырды. Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкеновтің айтуынша, «қолы ұзын» Бишімбаевтар әулеті бірден қорғаныс шебін құрып, блогерлерді жалдаған. Осылайша, Бишімбаевтар әулеті ұлын жақсы жағынан үлгілі етіп көрсетуге тырысты. Бұл әрекеттері пайда берді ме, жоқ па, бірақ Салтанаттың өлімінен кейін қоғам пікірі екіге жарылғандай әсер қалдырады.

Бишімбаевтардың ұлын ақтауға блогер, журналистерді жалдаған деген ақпаратты оларды «ақтағандар» жоққа шығарып жатыр. Бірақ осыған дейін Қуандық Бишімбаевты туыстары бір рет ақтап алған еді. Бұл жолы не болады? Бишімбаев ақталып шыға ала ма? Себебі бұл біріншіден қоғамдық резонанс тудырған оқиға болса, екіншіден, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне Бишімбаев ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған.

Ақпараттық соғыс

Сол күні Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкеновамен Астанадағы «Бау» мейрамханасына барған. Ішімдік ішкендері айтылады. Кейіннен екеуінің арасында жанжал шығып, Бишімбаев әйелін ұрған. Жай ұрмаған, өлімші етіп сабаған. Таңнан кешке дейін қатты жарақат алған Салтанатқа жедел жәрдем шақырмаған. Есесіне, ағасын шақырып, екеуі қылмыстың ізін жасыру үшін асықпай отырып тамақтанған. Бұл туралы Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов қарындасының өлімі туралы сұхбат кезінде айтып берді. Бірақ ағасының сөзін Бишімбаевтың адвокаттары жоққа шығарған, олардың айтуынша, Салтанат Нүкенова соққыдан емес, басындағы ісіктен, миына қан құйылып, қайтыс болған. Иә, қаза таппаған, дүниеден озған. Сондықтан экс-министр кінәсін мойындамайды. Болған істі «жазатайым оқиға» деп «қайғырып» отырғанға ұқсайды. Ал Нүкеновтер әулеті басқаша айтады. Бұл жағдай Қуандық Бишімбаевтың әйелді қорлап, ұрған бірінші жағдай емес. Нүкеновтер отбасына тағы да бір бойжеткен байланысқа шығып, өзін Бишімбаевтың өлімші етіп сабағанын айтып берген. Әрине, бұл мәліметтерге тойтарыс беріп, Бишімбаевтар әулеті де барынша ақталып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қазір Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты ақпараттық соғыс қызып тұр.

Қоғам пікірі неге екіге жарылды?

Жалпы тарихта Бишімбаев сынды әйелін өлтіріп, кейіннен қылмыскерді қоғам екіге жарылып ақтаған һәм даттаған жағдайлар өте көп. Соның ішіндегі ең атақтысы – өткен ғасыр аяғындағы «Симпсон ісі» атымен тарихта қалған америкалық футболшының әйелін қатыгездікпен өлтіруі. Симпсон да Бишімбаев сынды кінәсін мойындамайды. Ол «мені ақтап алатын қорғаушыға 500 мың доллар беремін» деп жар салады. Әрине, оны ақтауға талпынған адвокаттар табылады. Тіпті Роберт Кардашьян қорғаушылық құқығын қалпына келтіріп, оған адвокат болады. Сол кезде де қоғам екіге жарылып, бірі – қылмыскерді ақтаса, екінші тарап – ату жазасын беруді сұрайды. Себебі Симпсон танымал адам еді, америка футболының жұлдызы, актер болатын. Симпсонға қарсылар халықтың 70 пайызын құрайтын. 9 ай бойы іс шоуға, әрбір деталі теледидар арқылы көрсетіледі. Қылмыстық іс ақпараттық соғысқа айналады. Бірақ Роберт Шекли айтпақшы, ақпараттық соғыста шындықты айтқан адам әрқашан жеңіледі екен. Сөйтіп, көпшілік жеңілді. Кардашьянның арқасында ХХ ғасырдың футбол жұлдызы 9 ай дегенде ақталып шығады. Кейін Симпсонның ісі бойынша «халық Симпсонға қарсы» дейтін ұран сөз қалды.

Бүгінгі Бишімбаевты да ақтауға тырысып жатқан топ кейбір адамдардың ғасыр өтсе де бәрібір өзгермейтінін білдірсе керек. Себебі қандай қылмысты болса да ақтайтындар табылады екен. Қазір де табылып жатыр. Бірақ халық Бишімбаевқа қарсы…

Мың жылдық қорлық

Қазір біз адам өмірі қымбат, адам құқығы бірінші орында деп айтып жүргенімізбен, әлмисақтан әйелдің қоғам ішіндегі орны өте төмен болған. Тіпті бұдан 3700 жыл бұрын жазылған Вавилондағы «Хаммурапи заңдарында» да әйелді кейбір кінәсі үшін ұрып, қол-аяғын байлап, өзенге тастауға болады деп жазыпты. Яғни мыңдаған жылдан бұрын да әйелді өлтіру, әйел өлімі қалыпты жағдайға айналған. Қаншама мың жыл бойы әйел түрлі қорлаудан, кемсітуден, тұрмыстық зорлықтан өтті. Әлі де өтіп келе жатыр. Жыл сайын 50 мың әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық әсерінен қаза табады екен. БҰҰ-ның мәліметтеріне қарағанда, әр 11 минут сайын бір әйел көз жұмады.

Бишімбаев ісінде Дулат Исабековтің «Сүйекші» повесіндегі күйеуі «қарындасыма ие болмадың» деп әйелін өлтіретін оқиға есіме түседі. Бұл оқиғада да әйелдің кінәсі жоқ еді. Әккі барымташы түзге жеңгесімен бірге шыққан бай қызын, жеңгесін итеріп құлатып, алып қашады. Құламаса да бәрібір дүлей күшке әйелдің әлі келмейтін. Сол үшін күйеуі әйелін шашынан шаңыраққа асып қояды. Байғұс әйел кешке дейін шыңғырып, соңында көз жұмады. Ертеңіне күйеуі түк болмағандай өмірін әрі қарай сүре береді.

P.S. Бишімбаев ісі сотқа жолданды. Алдын ала тыңдау дүйсенбі, 11 наурызда өтеді. Оған екі бап бойынша «аса қатыгездікпен адам өлтіру» және «күш қолдану арқылы дене және психикалық зардап келтіру» деген айып тағылды. Не десек те, Бишімбаев та жазасын алар, бұл оқиға да көмескіленер. Бірақ сол кезде қылмыскерді ақтауға тырысқандар, тіпті адам өлімінен ақша таппақшы болғандар ұмытылмайтыны анық.

Тағы қаншама әйел шашынан шаңыраққа асылар екен…

Бек Раушанұлы