Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 08 Сәуір 2025

Халық үніне құлақ асатын ел болу үшін әкімдердің белсенділігі артуы керек

адам құқығы
Фото: daily.hse.ru

Қазір биліктің халыққа жақын болуы керектігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болуымыз қажеттігі жиі айтылады.

 Бұған қатысты шенеуніктердің алдына келген адамға шекесінен қарамай, мәселесін шешіп беруге ұмтылуы сөз болып жүр. Жалпы, осы тұжырымдама өз жемісін беріп жатыр ма?! Халықтың үніне құлақ асатын ел болу үшін не істеу керек?! Өзінің үнін естірту үшін қарапайым халық нені білу керек? Қандай жаңашылдықтарды үйренгеніміз жөн?! Осы жөнінде «Экономика және Құқық» институтының маманы Жанар Күнтуғанқызымен пікірлестік.

Маманның айтуынша, халықтың үніне құлақ асатын ел болу үшін алдымен әкімдердің белсенділігі артуы керек. Әкімдер халық алдында есеп беруді халықпен санастым деп ойламауы керек. Елдің мұңын тыңдай білген абзал.

«Мәселен, бізде әкімдердің қабылдауына кіру үшін халық әлі де бір ай бұрын жазылады. Оған өтініш жазады. Мәселесін айтады. Мысалы, бір ғана жол жөндеу мәселесін әкімге жеткізу үшін ол жолдардың шұрық-тесік болғанын хатқа жазу керек. Қаншама жыл жөндеу көрмегенін айту керек. Сосын ол хаттың артына көше тұрғындарынан қол жинау керек. Біз әлі осы тәсілмен жұмыс істеп жүрміз. Осы ескіліктің сарқынынан құтылмай, халықтың үніне құлақ асатын ел болу қиындау. Сондықтан өз басым, билік пен халық арасы жақындасуы үшін осындай дүниелерді жеңілдету керек деген ойдамын», – дейді Жанар Күнтуғанқызы.

Сондай-ақ маман сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қол­дау көрсетуге, ел аймақтары ара­сын­да­ғы теңсіздікті жоюға және халықты толған­дырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. Бұған қатысты жергілікті әкімдер үкіметке нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынғаны жөн.

«Мысалы, баспана мәселесіне қатысты айтар болсам, қазір «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алу үшін көпбалалы отбасының айлық табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек. Бұл – табысы аз отбасылар пәтерге қол жеткізуі қиын деген сөз. Жергілікті әкімдер осыған қатысты жаңа ұсыныстарды неге үкіметке ұсынбайды?! Бұдан соң білім беру ісіне қатысты халықтың көтеріп отырған қаншама сұрақтары бар. Оқу ақысын төмендету, қажетті салаларға бөлінетін гранттар легін арттыру, еңбек нарығына қарай мамандардың тапшылығын шешу, жұмыспен қамтуға қатысты өзекті мәселелер. Осының барлығы халықпен қоса талқыланып отырғаны жөн. Үкімет пен әкімдердің қыз­меті негізінен халықтың тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі бойынша бағаланғаны дұрыс», – дейді маман.

Жалпы, маманның ойынша, азаматтық қоғам қалыптас­тырудың алғышарттары, міне, осындай іс-әрекеттерден бастау алуы керек. Кез келген адамға теңдік танытып, кеңдік көрсету ең алдымен адамның саналылығын білдіреді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі қоғамда әртүрлі көзқарастар болатынын мойындайды. Әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, этникалық тегіне, жынысына немесе басқа факторларға қарамастан, барлық дауыстардың ескерілуін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасайды. Бұл тәсіл мемлекеттік институттарға деген сенімнің артуына әкелуі мүмкін. Сайып келгенде, инклюзивті және әділетті қоғам құруға ықпал етеді дейді сарапшы.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Тегтер: