Халықаралық көрмелер экспорттық байланысты арттыра ала ма?

Алматы облысының экономикасын негізінен өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені еншілейді. Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 90 пайызы өңдеу өнеркәсібін құрайды. Соның ішінде тамақ өнімдерін, сусындарды және темекі өнімдерін өндіруге тиесілі.
Қазірде облыста өндіріс көлемін ұлғайту үшін жетекші әлемдік компаниялар тартылуда. Мәселен, Pepsi Co компаниясы 300 жұмыс орнын құрайтын, құны 175 млн доллар болатын Lays чипстер шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ облыс құрылыс материалдарын өндіруде де негізгі орынды алады: гипсокартонның республикалық көлемнің 80 пайызы, сэндвич-панельдердің 43 пайызы, болат құбырлар мен профильдердің 25 пайызы аталмыш облыста шығарылады.
Бұдан бөлек, облыста «Технониколь» компаниясы құны 44 млрд теңгені құрайтын еліміздегі жылу оқшаулағыш материалдарының ең ірі өндірісін іске қосып, 220 жұмыс орнын ашқан. Еңбекшіқазақ ауданында вольфрам өңдеу бойынша Қазақстандағы алғашқы зауыттың ашылуы отандық тау-кен өнеркәсібі үшін тарихи оқиға болды. 300 млн долларды құрайтын бұл жоба мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Жалпы тізе берсек, облыста өнеркәсіптік саланы жандандыратын кәсіпорындар баршылық.
Мал шаруашылығында облыс құс, қой мен ешкі, ірі қара мал басының саны, сүт және жұмыртқа өндірісі бойынша жетекші орындарды иеленуде. Құс етін өндіруде 114,3 мың тонна көлемімен елімізде өндірілетін көлемнің үштен бірін ала отырып, көшбасшы есебінде. Ендігі кезекте бастапқы өндірістен жоғары деңгейде қайта өңдеу өнімін шығару, өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту маңызды міндеті тұр.
Сондай-ақ Алматы облысы Қытаймен стратегиялық әріптестікті де нығайтып келеді. Бұл ретте жуырда облыс әкімі М.Сұлтанғазиевтің басшылығымен өңір делегациясы Бейжің, Шанхай, Ханчжоу және Цзинань қалаларында болды. Бейжіңде өткен халықаралық көрмеде Алматы облысының 12 компаниясы 150-ден астам өнім түрін – азық-түліктен бастап биологиялық белсенді қоспалар мен сусындарға дейін ұсынды. Қазақстандық өнімдер жоғары сапасы мен табиғи құрамының арқасында қытайлық дистрибьюторлардың қызығушылығын тудырды.
Бизнес аналитика және экономика саласының сарапшысы Жақсыбек Мұқышевтің ойынша, мұндай көрмелер өңір брендтерін Қытай нарығына шығару мен тікелей экспорттық байланыстар орнатудың тиімді алаңына айналады. Сондықтан әкімдер мұндай сапарларды тиімді пайдалана алуы қажет.
«Бізде осындай сапар барысында әкімдердің белсенділігі, іскерлігі сыналады. Сапар аясында инвестициялық және өндірістік ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Осындай сапарлардан кейін әкімдер үкіметке келіп өз ұсыныстарын айтуы керек. Ол елдерден не түйді, қандай ерекшеліктерді аңғарды, осының барлығы сарапқа салынғаны жөн. Мысалы, осы жолы Алматы облысының әкімі қытайлық бизнес пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен бірқатар келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Бейжің қалалық ХҚКК төрағасының орынбасары Ван Хонгпен кездесіп, ауыл шаруашылығы, логистика, жасыл энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында Алматы облысының транзиттік және өндірістік торап ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Маңызды кездесулердің бірі логистикалық алпауыт YTO Express компаниясының басшылығымен өткен келіссөздер болды. Кездесу барысында облыс аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарын дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар делегация күн энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады. Нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол қойылды. Қытай инвесторлары арқылы туризм, тамақ өнеркәсібін, жаңартылған энергия көздерін дамыту маңызды. Әйтсе де, өзіміздің мүддемізді ұмытпауымыз керек», – дейді сарапшы.
Жалпы, бұл сапардың қорытындысында облыс әкімі Шаньдун провинциясының губернаторы Чжоу Найсянмен кездесті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қозғалды. Қазіргі таңда Алматы облысында қытайлық капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейтіні айтылды. Облыстың Қытаймен тауар айналымы 2023 жылы 1,082 млрд долларды, 2024 жылы 1,023 млрд долларды құрады. Шаньдун провинциясы сауда, инвестиция және мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруда өңірдің басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырылатын болды. Сапар қорытындысы бойынша облыс баспасөзі Қытаймен өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Алматы облысы