Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:34, 16 Ақпан 2024

Халықтың жұмыспен қамту мемлекеттің экономикасы үшін аса маңызды

Жұмыс
Фото: shymkentaqparat.kz

Халықтың еңбекке жарамды үлесі мен олардың жұмыспен қамтылуы деңгейі әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикасы үшін аса маңызды. Сондықтан да, әрбір ел өзіндік жұмыспен қамту саясатын жасап, жоспарлап, белсенді түрде жүзеге асырып отырады.

Бұл орайда, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған шаралар жиынтығы қабылданады, қолданылады. Ондай кешенді, бағыты айқын жоспар мен әрекет болмаған жағдайда теріс нәтиже мен салдарлар бірден көрініс береді.

Біздің елімізде бұл шаралар ең әуелде нарықтық экономикаға көшу атты тарихи шешімнің алғашқыдағы қиындықтарын азайтуға арналды. Кейіннен 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысының әсерін азайтуға бағытталды. Шын мәнінде бұл оқиғалар азаматтардың табысы мен күнкөрісіне үлкен ықпал етті. Әрине, жақсы жағына емес. Алдымен жұмыссыздық артты, одан соң әлеуметтік мәселелер күрделенді. Сондықтан да алғашқы халықты жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жоғары білім мен біліктілікті талап етпейтін, соған қарамастан еңбекақысы орта деңгейдегі, қанағаттандырарлық жұмыс орындарын ұлғайтуға бағытталады. Осы орайда, аталған бағдарламалардың жекелеген элементтері ғана емес, олардың негізгі принципі де аса маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшылыққа алған осы жұмыстар өз нәтижесін берді де. Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі стандарттарға сай дейді мамандар.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы халықтың 9 миллионы экономикалық белсенді азаматтардың қатарына жатады екен. Осы еңбекке қабілетті азаматтардың 5 пайызы, яғни 451 мың адам жұмыссыз, 23 пайызы, яғни, 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Алайда, осы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бәрі бірдей қолайлы табыс деңгейімен тұрақты жұмыс істей бермейді дейді сарапшылар.

Бірақ, қазіргі еңбек нарығындағы жағдай қалыпты деп еркінсуде орынсыз. Себебі, 2000 жылдардағы бала туу көрсеткішінің күрт өсуі қазіргі нарыққа әсер етуі мүмкін. Бұл дегеніміз, жаңа жұмыс орындарының пайда болуының қазіргі қарқыны бұл өсімге ілесе алмауы мүмкін. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының демографиялық болжамдары Қазақстандағы халықтың табиғи өсу коэффициенті әлем бойынша орташа деңгейден 52 пайызға дейін жоғары екенін айтуда. Сол себептен де, 2034 жылы жұмыс күшінің саны 10 миллион адамнан асуы ықтимал. Ал 2036 жылға қарай елдегі жастар қатарының артуына байланысты жұмыс орындарының тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін екен. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қарқынын жоғалтпау керек.

Осы мақсатта 2023 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Әлеуметтік кодекске сәйкес облыс орталықтарында, елдегі үш мегаполисте еңбек мобильділігі орталықтары құрылып, белсенді жұмыс істеуде. Аталған орталық ең алдымен өзі орналасқан өңірдің жұмыс күшіне сұраныстарын зерттеп, талдау жүргізеді де, соның нәтижесінде болжамдар жасайды. Жергілікті тұрғындар мен халықты, жастарды өңірдің еңбек нарығындағы жағдайымен таныстырады, ақпарат таратады. Және мансап орталықтарымен тығыз байланыста отырады, осы мекеме арқылы жұмыс берушілер мен азаматтарды байланыстырады, қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда елімізде аудандар мен қалаларда орналасқан 20 еңбек ұтқырлығы орталығы және 207 мансап орталығы жұмыс істейді.